26.01.2022
  1011


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Ағаштың дәні

Ел оянғанда төбенің басына шығып, ауыл адамдарын жинамақ болды. Ойы кілең жігіттер жиналып, өзен суын аз да болса, ауылға бұру еді. Қиындыққа шыдамағандары балаға қол ұшын берудің орнына басқа елге көше бастады. Тек кедей-кепшік қана қалды. Солардың бірқатары жаны қиналып жатса да қимылдағысы келмеді.
— Балам, Құдайға жалбарына отырып, өзіміз суды бұрып келейік. Жайлы жер іздегенімізбен, туған ауылымызды тастауға болмайды. Өйткені, мұнда ата-бабаларымыздың қаны тамған, — деп мұңайып отырған ұлын орнынан тұрғызды әкесі.
Анасы, бала-шаға қалған тағамдарын дорбасына салған кедей отбасы өзенге бет алды. Бағзы заманда қайбір күрек, кетпен болсын? Көл маңындағы қатты қамыстан жасаған саймандар шыдамай, сына беріпті.
Өзен маңындағы тоғайдан кішкентайлар жеміс-жидек теріп әкеледі. Кедей отбасы жанкештілікпен арна тартып, ауылға жақындап қалады. Ауыл адамдары болса, осы кедей отбасы бала-шағасын алып, таң қараңғылығында қайда барады? демек түгілі ауыл маңында қараңдап, арық тартып жатқанда бірі келмепті. Керісінше:
— Е-е, байғұстар өзен-тоғайдан қарнын тойдырып келеді деп, екі қолын алдына салып отыра береді. Бұл уақытта мал да азаяды. Азық-түлік те таусылады. Ала жаздай кедей арып-ашып арықты қазып бітіреді.
— Ой, бейшара, жаз біткенде, арық кімге керек? — деп кекетті көршілері.
Тіпті шақырым-шақырым жерден арық тартудың қиындығын сезінбегені кедейдің жанына батады.
— Қырқына шыдап, біріне шыдамай қалмайық. Алладан амандық пен күш-қуат тілейік, — деп әйелі кедейге қолғабыс етеді.
Арықты егіске қарай бұрып, бірнеше арнаға су жібереді. Түнді таңға ұластырып, тер төккен кедейдің еңбегі ақталды. Адамдар таңертең тұрғанда, мал су ішіп, жадырап, егін мен шөптің басы көгеріліп, ауыл жадырап сала бергенін көрген адамдар болса қуаныштан жүрегі жарыла:
— Енді өлмейтін болдық. Жаратқан Ием, дұғаларымызды қабыл еткеніңе шүкір, — деді біреулер қарнын сипап.
Біреулер алақайлап, аспанға бөркін лақтырды. Айтсада, кедей отбасының еңбегін ескеріп, алғыс айтқан ешкім болмады.
— Шиіттей балаларымыздың қиналғанын көре тұра, бір көрші сүйемелдеуге мойын бұрмады. Енді келіп, қуанғанын қарашы, — деп балалардың анасы күйіп кетті.
Ауылдастарының адамгершілігінің болмағанына ренжігенімен, іштей:
— Я, Аллам, пенделеріңнен қайыр болмаса ашуланбаймын. Сіз бізді қайырымдылығыңыз бен мейірім-шапағатыңыздан айыра көрмеңіз, — деп тіледі.
Ақылды бала ержетті. Көкейіндегі қайтсем ауылды гүлдендіремін деген сауалға жауап іздеді. Бала кезде ата-анасы ертегіні көп айтатын. Сонда ғажайып бақтар, хош иісті гүлдер, дәмі тіл үйіретін жеміс-жидектерсіз ертегі болмаушы еді. Міне, туған жерін сол ертегідегідей Иранбаққа айналдырсам деген арманын жүзеге асыру үшін іздене бастады.
Көктем ерте шыққан жыл еді. Өгізбен жер жыртып, аз ғана алқапқа егін салды. Бұлақ көзін ашты. Тауға барар жолды тазалады. Әбден шаршап, арбаны көлеңкелеп көзі ілініп кеткен екен. Биік ағаштың басында бір құс отыр екен. Құйқылжыта сайрағандай. Оянып кетті. Көзін ашып, жан-жағына қарай бастады. Әлгі құс ұшып барып, баланың үстінен әлденені тастап ұша берді. Жерде жатқан кішкентай үлпілдекті қолына алып, қарап еді не екенін біле алмады. Дереу үйіне қарай құстай ұшты.
— Балам-ау, бұл ағаштың дәні ғой. Кешелі бері үйімізді қарлығаш айналшықтап жүр еді. Алланың жақсылығы осы екен ғой.
— Балам, жүр дәнді жерге отырғызайық,-деді әкесі.
— Айналамыз ну орман болсын!
Ата-анасы мен баланың тілегі қабыл болып, ауыл жасыл желекке оранды. Санаулы түтіннен тұратын ауыл қалаға, бірте-бірте қала о шеті мен бұ шетіне апталап жететін мемлекет болды.
Оны «Мәңгілік ел» деп атады.
Ж.Кучукова.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу