Ертегілер ✍️
Арманына жеткен етікші
Ерте, ерте заманда ай десе аузы, күн десе көзі бар, сұлу ханшайым өмір сүріпті. Барлық жігіттің арманы ханшайымды бір көру екен. Ханшайымның жолында құрбан болса да, армандары жоқ болыпты. Қанша сұлу болғанмен ханшайым қатыгез болыпты. Алдына келген ер жігіттерді сынап, ұнамаса уәзірлеріне басын шапқызады екен. Ханшайымды бір көруге зар болып жүрген етікші жігіт болыпты. Бір күні шешімге келіп, жолға шығады. Жолда келе жатса, алдынан аяғын қақпанға түсіріп алған жаралы қасқыр шығады. Етікші қасқырға көмек көрсетіп, қақпанын алып тастайды. Қасқыр алғысын білдіріп, керек кезде жанынан табылатынын айтып, жоқ болады. Етікші ары қарай жүре береді. Шыр–пыр етіп, аспанға бір көтеріліп, бір түсіп, үлкен алып құс ұшып жүреді. Қараса, балапаны ұясынан құлап қалған екен. Балапанды көтеріп, ұясына салады. Алып құс алғысын айтып, керек кезде дереу ұшып келетінін айтады. Аяңдап тағы жүре береді. Алдынан ауыр жүк көтеріп келе жатқан кәрі әжей шығады. Етікші әжейдің жүктерін көтерісіп, шығарып салады. Әжей алғысын айтып, қиналған кезде, көмек көрсететінін айтады. Ханшайымның сарайына келіп, уәзірлерге ханшайымды көргісі келетінін айтады. Уәзірлері етікшіні келеке етіп, қуып жібереді. Етікші олардың қуғанына қарамай, ханшайымның бөлмесіне терезеден кіреді. Ханшайым айнаға қарап, шашын тарап тұрып, айнадан артында біреудің тұрғанын көріп, шошып кетеді. Дереу уәзірлерін шақырып, басын алуды бұйырады. Етікшіні қасқыр келіп, жауыз уәзірлерінен құтқарып алады. Алған бетінен қайтпай, терезеден өрмелеп, ханшайымға барады.Ханшайым уәзірлерін шақырып алып, биік шыңнан құлатыңдар деп бұйрық береді. Уәзірлері етікшіні құздан құлатып, қайтып кетеді. Алып құс ұшып келіп, етікшіні арқасына отырғызып алып, ханшайымның бөлмесінің терезесінен түсіріп кетеді. Бұны көрген ханшайым дереу уәзірлерін шақырып, оны ешкім көрмейтін, адам аяғы баспайтын жерге апарып тастауды бұйырады. Етікшінің қол-аяғын байлап, айдалаға апарып тастайды. Өзіне көмектескен кәрі әжей келіп, етікшіні құтқарып алады. Ал, ханшайым болса, етікшінің қайсар-қайтпас мінезін ұнатып, өзінің іздеген жігіті екенін ойлап қайғыра бастайды. Терезеден қарап тұрса, алдынан етікші келе жатады. Ханшайым қуанғанынан етікшіні қарсы алуға алдынан шығады. Етікші армандаған арманына жетіп, ханшайыммен бақытты ғұмыр кешеді.
Көшербаева Айзада Серікқызы,
М.Әуезов атындағы қалалық кітапхананың кітапханашысы,
Қарағанды облысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter