25.01.2022
  123


Автор: Мақсат Мәлік

Оралу

Оның тұла-бойы тұнған сиқыр болатын. Қалаған нәрсесі сол сәтте, сол қалпында орындалатын. Ақшадан, тамақтан қиналған кезі болған емес. Қаласа, бір түнде көз алдында өзіне арналған зәулім сарай тұрғызатын. Құдіретінің күштілігі сондай, оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Егер адамның барлық дегені орындала берсе, бойындағы қанағаттың ешқашан толастамайтыны анық қой. Содан болар, ойына келген істі атқара беретін. Кейде көңілін кеуілсіздік жайлайтын...


Бірде құс болып ұшқысы келген. Көкке самғап ұшып кетті. Қанаты талғанша шексіз аспанды аралады. Қызық көріп, кейде жерге ауық-ауық қонатын. Қайтадан аспанға көтерілетін. Бозторғай болып та шырылдады, бұлбұл болып мәуелі бақтарда сайрады, қыран бүркітке айналып шүйлігіп те көрді, қарға болып қарқылдады да, бұдан да жалықты. Адам қалпында жүргенде де құстардың, одан қалды аңдардың тілін еркін түсініп, сөйлесе беретін.


Желге де айналып үлгерді. Бірде құйындатып, бірде ысқырып, жұрттың мазасын әбден алатын. Араламаған жері жоқ. Қызық көріп, біреулердің басындағы қалпағын ұшыра жөнелетін. Өзінше сықылықтап күліп, әлгі қалпағын қуалап жүрген адамның сиқын көріп, мәз-мәйрам атанатын. Кейде іштен тынып қалатын.


Буға да, суға да айналды. Жөңкіле көшкен бұлттың кейпіне енді. Көңілі толмады. Басында әсерлі көрінгенмен, артынан айнып кететін.


Бір күні ойлады: «Өз еркіммен өліп көрсем қалай болады» деп. Қолынан келетіндігіне күмән жоқ, ертесіне ұйқысынан оянбай қойды. Ол бұ жалғанмен қош айтысқан еді. Өзінің қалауы бойынша. Бірінші рет көрді, жаны өзінен бөлініп, төбеден қарап тұр екен. Біраз уақыттардан кейін санасы мен жаны бірігіп, өзінің тәнінің үстінен төнді. Үйіне туысқандары мен достары, басқа да күнделікті өмірде аралас-құралас жүрген адамдар жиналыпты. Бәрі жылап жүр. «Мен өлген жоқпын ғой» деп айтқысы келген, көз алдында жатқан денесі сәл қозғалғандай, еріні жыбыр еткендей сезілді. Мұны айналасындағылардан ешкім байқамады. «Қой, оларды шошытып алармын» деп ойлады. Ол бұған дейін талай адамды жерлеу рәсіміне қатысқан еді. Сүйекке де кіргені бар. Сол кездерде ойлайтын: «Өлген адам не ойлап жатады екен» деп. Енді міне, сол құпияны анықтайтын сәт туды.


«Қой, жыламаңдар, маған қандай ауыр екендігін білесіңдер ме?» деп айтқысы келді.


«Несіне жылайсыңдар, бұл менің тәнім ғой, ал рухым күнде сіздерге келіп тұрады» деп айтуға оқталды.


«Жыламаңдаршы енді, мен бәріміз де баратын өз мекеніме кетіп барамын ғой» деп айтуға бекінді. Көп нәрселерді айтқысы келген, бірақ алғашында басталған желіні үзіп аламын ба деп қорықты. Не болса да, соңына дейін шыдап, ақырын күту керек қой. Тағы бір ойлады: «Жарайды, өлген адамның қандай күйде жататындығын білген сияқтымын. Ал мені жоқтап жылап отырғандар не ойлайды екен? Менің өлгеніме шынымен қайғырып отыр ма екен?» деп. Көрші бөлмеде орамалы иығына түскен, сусыған қолаң шашы бетін жаба аңырап отырған әйеліне көз тастады. Шынымен жылап отыр екен. Әйелінің ойына бойлап көріп еді, ақиқаты керек, өзінің артында қалып бара жатқан кішкентай екі баласын ойлағаннан боздауда. «Әкесіз өскен балаларым қорлық көретін болды-ау» деген ойлардың жиынтығы ғана. Ал бірі бес, екіншісі жеті жастағы ұлдары бұл кезде есік алдында асық ойнап жүрген еді. Алаңсыз. Қалталарына толтырып алған бауырсақтан анда-санда ауыздарына салып, бұртаңдап шайнаңдап қояды. Елжіреп кетті. Есін білмей тұрған кезде о дүниелік болған әке-шешесі дәл осы сәтті көрсе, не болар еді деген ой құшағына берілді. Олардың да жылайтыны анық, бірақ не ойлайтыны белгісіз. Тезірек жанарын туысқандарына қарай бұрып әкетті. Олардың жүздерінде де қайғының табы бар. Бірақ, саналарына үңіліп еді, «өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін жасайды» деген қағида анық сезіледі. Жиналған достарынан да соны ұқты. Төрде отырған молда-имамдарға көз тастап еді, басында үйге күңіреніп енген олар, дәл қазір шариғат заңдарын ортаға салған қызу дау-дамайға кіріскен. Түңіліп кетті. Енді тіріліп барғанымен, өзі байқаған көріністен кейін осы қазаға жиналған қандай адам болмасын, олармен сыйыса алмасын білді. Тіпті енді әйелінің жанына жақындамауы да мүмкін. Алғашында мұның бәрін қызық көрген ол, шындап өлуге бекінді. Кебінге оралды. Оны алып кетіп бара жатты. «Қандай адам еді?» деген имамның сұрауына, жиналғандар түгелімен шулап: «Жақсы адам, ешқандай өкпе-назымыз жоқ» деп жауап берді. Ол енді тірілердің тірлігіне араласпай, өзіне сұрақ қойып, соған жауап іздеп жатты.


— Енді не істеуім керек?


— Оны сен шешіп қойдың ғой, енді сен о дүниенің адамысың.


— Бәрібір ол жақтан қайтып келуге құдіретім жетеді емес пе?


— Онда сенің мына көріністен түңілгенің бекерге айналады.


— Солай екен-ау, дегенмен көңілім алаңдаулы. Неге екен?


— Артыңызда қалған балаларыңыз шығар?


— Иә, дәл солай... Шындығында да солардың күні не болады екен? Мен енді жоқпын ғой. Қой, мен тұрайын, балаларымды жылатпауым керек.


— Сен сертіңнен тайқып кеттің.


— Олай демеңіз, түптің-түбінде бәрі де өз еркімдегі нәрсе ғой.


— Неге екендігін айтайын, сен өміріңде мұндай нақты шешім қабылдап көрген емессің. Өлім жайында айтып тұрмын.


— Сонда да... енді... балаларымды ойлап...


— Ол үшін тәніңді сүйретіп, қайта оралу шарт емес.


— Не дедіңіз?


— Қолыңызда емес пе еді барлық құдірет. Оларға көмектесу үшін кез келген кейпіке еніп оралуға болады, тек адам қалпыңызда емес. Себебі, өлім — екіжүзділікті кешірмейді. Балаларыңыз қиыншылық көріп жатса, ақшаға, алтынға айналыңыз, арманын алып ұшқан құсқа айналыңыз, бәрі-бәрі қолыңызда ғой.


Ол өзіне өзі қайтарған соңғы жауаптан кейін ойланып қалды. Лезде құсқа айналып, үйіне қарай ұша жөнелді. Үйіндегі жылаған дауыстар әлі басылмапты. Есік алдында жүрген ең кішкентай ұлы сүрініп қалып, енді орнынан тұрып жатыр екен. Жүрегі шым ете қалды. Не істерін білмей тұрды да, сол мезетінде бұлтқа айналып, жаңбырын себелеп өтті. Кішкентай ұлының жүрегі енді ғана бір нәрсені сезгендей, аспанға аңырайа қарап қалды. Сәлден кейін оның қолынан ұстаған үлкен ұлы үйге қарай тездетіп жетелей жөнелді. Ал жаңбыр кезінде үйге тығылғандардың барлығы «Жарықтық, жақсы адам еді, көрмейсің бе, табиғат ананың өзі қайғырып тұр» деп, гуілдесіп жатты.


Ол енді осы маңайға жиі-жиі оралып тұруы үшін, өз-өзіне серт берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу