Өлеңдер ✍️
Ақбөбек – арман
Кемді күннен тапқандай нақ керегін,
Қос ғашықтың жырынан бақ көремін.
Қайып сері – құрбаны сағыныштың,
Шаһит кешкен армандап Ақбөбегін.
Жиделі, Жарқұдықты тұрақ қылып,
Жүргені бойды билеп қуатты үміт.
Күндері сағым болды Бөбек қыздың
Ойнаған шарқат жаулық лақтырып.
Кетсе де Қызылбас пен Тәжік асып,
Көңілдері сезімнің жазына асық.
Мұңлық – Зарлық баршаға үлгі десек,
Біреулер жүр күн сайын ажырасып.
Бағындырар жіпсіз-ақ матап алып
Сезім сыны, шынында, қатал анық.
Жігерімді жасытып алдым мен де
Қалқаның қылығына қапаланып.
Ұға алмай ынтызар құрбы жанын,
Шарасыздан түңіліп, тұнжырадым.
Көңілім де қапалы, мұңлы халім,
Кім қандырар жүректің бұл құмарын?
Аша ма деп бақытым паң құшағын
Аңсаймын әрбір күннің таңғы шағын.
Сиынамын санама сіңірсе деп
Нұр сәулесін мұнартқан әлгі сағым.
Тәңір сыйы дейді ғой бақ дегенің,
Тосып жүрмін сол сыйдың тап келерін.
Қиялымда күлімдеп қол бұлғайтын
Жүр екен қайда менің Ақбөбегім?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter