Өлеңдер ✍️

  23.01.2022
  149


Автор: Бақтыбай Жайлау

Ғашықтар

Жер-егісті суарып диқан-аспан,
Найзағайдың жарқылы ұйқымды ашқан.
Түні бойы гүрілі маза бермей
Жайым мынау жүзімнен сиқым қашқан.
Деп менің осы ғана еңсемді езген,
Көңілсіздік себебін көрсем күзден.
Табиғатқа болар-ау сөзім обал,
Ұят және ағаш пен өр теңізден.
Өйткені әуес олар жаңбырына,
Әу бастан жазған тәңір тағдырына.
Жалғыз ғана өзім деп ойлап па едің,
Көзін ілмей атырған таңды мына?
Таң демекші, Күн, сен де ғашықсың ба?
Жердің бетін өбуге асықтың ба?
Түн түнегін түрдің де нұрландырдың,
Шыға сала шуағың шашып қырға.
Махаббаттың мекені – ашық аспан,
Көгінде самғар өңкей ғашық құстар.
Кейбірі туған жерден жылу іздеп,
Бір тобы барады әне қашып қыстан.
Жел де сәнін сүйеді сұлулықтың,
Енді мен барлығының сырын ұқтым.
Табиғат та өзіммен мұндас екен,
Басында білместікпен ұрыныппын.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу