23.01.2022
  607


Автор: Жаңа заман ертегілері

Соңғы құрбандық және мәңгі бейбітшілік

Бірақ зымыран бұл кезде Жақсылық аралынан жүздеген шақырым ұзап кеткен еді.
– Сабыр етіңіз, аға. Олар міндетті түрде қайта оралады. Жаңа ғана өзі айтты ғой, – деп балалар шуылдаса жөнелді. Дәрігер дәрменсіз күйде «аһылап-үһілеп» басын ұстады:
– Енді олар орала ма, жоқ па, кім білсін. Орала ма?.. Өйткені... – деді сосын даусы дірілдеп. – Өйткені екеуі де қауіпті ауруға шалдыққан. Сәуле ауруына...


Соңғы құрбандық
Жұрттың шуылдаған даусы басыла бергенде:
– Иә, мен оны ешкімге айтпаған едім. Олардың қатерлі сырқатқа душар болғаны анық. Зымыран саяхат кезінде Жер шарын әлденеше рет айналып өткен. Ал қазіргі кезде Жерді емін-еркін айналып ұша беру қауіпті. Өйткені түрлі соғыстар мен ядролық қаруларды сынаудың салдарынан Жер атмосферасы әбден былғанған ғой. Кей жерлерде радиоактивтілік пен радиация көп. Бала мен көгершін осындай бір залалды аймақты басып өткен болуы керек. Біз оларды енді ғана емдей бастаған едік.
Дән елін бетке алып ұшқан зымыран бұл уақыттарда межеге таяп қалған болатын.
– Біз майдан шебіне жетпей-ақ, жау атқылай бастаса, не істейміз? – деді көңіліне қауіп кірген Бекен.
– Абайлап ұшып, айналып өтейік. «Мейірімділік сәулесі» өз күшінде тұрса, қорқудың жөні жоқ.
Зымыран енді соғыс болып жатқан жерді бетке алып, құлдилай бастады. Жер бетін қаптаған будақ-будақ шаң мен қою түтін. Тоқтап, саябырсудың орнына соғыс керісінше – өрши түскен сияқты.
«Бөбек күлкісінің» сәулесін жерге бағыттай ұшқан достар майдан шебін бір айналып өтті. Енді алыстан орағытып, жер бетін бақылап келе жатыр. Сол-ақ екен, бұрқ-бұрқ жарылған снарядтар мен бомбалар күрт тыйыла қалыпты. Бір топ соғыс ұшақтары бұлардың қасынан зулап өте шықты. Достар Мейірімділік сәулесінің әсерін көздерімен көру үшін зымырандарын тоғайдың шетіндегі ашық алаңға қондырды. Қараса, қонған жерлері тура әскери бөлімнің жаны екен. Ауадағы қышқылтым дәрі иісі де, түтін мен шаң да әлі сейіле қоймаған. Ағаштар қурап, жер беті шұрқ тесік болыпты. Бірақ әскерлердің түріне қарап, жаңа ғана осы жерде соғыс болды деп ойлай алмайсың. Жарқын-жарқын күлісіп, өздерімен-өздері. Бұларды көріп бірнешеуі жүгіріп келді. Олар екеуін де төбелеріне көтеріп, мәз-мейрам.
Басқыншы елдің бүкіл армиясы аяқ астынан осылайша мейірімді жандарға айналып, лезде өзгеріп шыға келіпті. Соғыс дегенді естен мүлде шығарып, елдеріне қайтуға жиналып жатыр.
Екі дос осыдан кейін қантөгіс пен зорлық-зомбылық үстемдік етіп жатқан елдерді аралауға аттанды. Үш күн, үш түн ұйқы көрмей, нәр татпай, Жер шарын бірнеше рет айналып өтті. Мейірімділік сәулесі қашықтан-ақ адамның жан дүниесіне қатты әсер етеді екен.
Чилидегі жендет тұтқынды ату үшін кезей берген мылтығын лақтырып жіберді де, ыстықтан қашып, көлеңкеге қисая кетті.
Оңтүстік Африка нәсілшілі өзі тепкілеп жатқан қара баланы мойнына мінгізіп алып, өз баласынша ойнатуға кіріскен.
Израиль ұшқышы Газа секторына бомба тастаудың орнына «Әрқашан күн сөнбесінді» шырқап, аспанда қалықтап жүр.
АҚШ әскерлері Ауғанстанды тастап, түгел кетіп үлгеріпті.
Үш күн ішінде Жер бетінде бірде-бір қара ниетті адам баласы қалған жоқ. Ең жауыз баскесерлердің өзі жүрегінен тек аяушылық пен сүйіспеншілік ұшқынын шашқан мейірімді әкелер мен ағаларға айналды.


мәңгі бейбітшілік
Үш күннен кейін адамзат қоғамы бұрын-соңды болмаған ғажайып дәуірдің құшағына енді. Жер тарихында бірінші рет бүкіл адам баласы түгел қатысқан той болып өтті.
Сол түні планета халқы тұңғыш рет тегіс тыныштық құшағында ұйқтады.
Бірақ таң ата бүкіл әлем, жаманат атаулыны бірінші рет естіп тұрғандай, қайғылы хабарды түршіге тыңдаған.
Жер бетіне түбегейлі бейбітшілік әкелген ажырамас екі дос – Шапағат пен Бекен сәуле ауруының зардабынан мәңгілікке көз жұмып еді. Бұл екеуі адамдар арасындағы соғыстың соңғы құрбандығы болатын.
Олардың қабірінің үстінде бір түп «Бөбек күлкісі» көктеп тұрды.


Нұрдәулет Ақыш




Аудио


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу