Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той боп өтті ғой. Тойдың басы Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын-сауық, мәжілістермен аяқталғаны мәлім. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысады. Бірнеше күн тойлап, бастары аздап шыңылдап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай “Москва” мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, мейманханадан қазақстандық неміс жазушысы Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым айтыстың үлгісімен былайша өлеңдете жөнеліпті:
Ғ а ф у:
- Немістің бір ақыны Бельгер еді,
С ы р б а й:
- О бастан жомарттығы белгілі еді,
Ғ а ф у:
- Үш тілдің басың қосқан қайран сабаз,
С ы р б а й:
- Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.
Ғ а ф у:
- Мәскеуге келе қалған сапары екен,
С ы р б а й:
- Біз десе соға қалған ер жүрегі,
Ғ а ф у:
- Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,
С ы p б а й:
- Немістен ішер кезек енді келді.
Қазақ тілінің құдіретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд Бельгер риза болып, екі ағасын қолтықтап бөлмесіне қарай жетектей жөнеліпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter