Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  173


Автор: Арман Шеризат

Аманат

Бұл өмірге не бітірем деп келдім,
Өкініші көп кеудеде өткеннің.
Қабырғасы қаусап қалған қараша үй,
Бақилыққа атам көшіп кеткен күн.
Мағынасыз шыр айналып шар тарап,
Атам кетті, ай — ғұмырын орталап.
Қаршадайдан қара шаңырақ ішінде,
Аманатын қала бергем арқалап.
Бала күннен бабасынан бата алған,
Қара өлең мен қалам қалды атамнан.
Үнсіз жатып жанарына жас алды ол,
Таусыларда тірліктегі татар дәм.
«Қатар жүріп туыспенен, доспенен,
Талайыңды Тәңіріңнен тос», — деген.
«Атаң жаққан сөндірмессің шырақты,
Балам, енді мен келмеспін, қош...» , —
деген.
Сөйтіп алғаш тас қабырғам сөгілді,
Содан қайтып сүйе алмадым өмірді ...
Содан бері тағдыр дейтін қайрақпен
Жанып келем, қайрап келем өзімді.
Жас төктіріп жүректен де, көзден де,
Өмір солай тастай салды безбенге.
Қара өлеңге ораламын қайтадан,
Қара шалдың оралмасын сезгенде ...


құс құстар сурет фото




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу