Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  162


Автор: Арман Шеризат

ХАКІМ АБАЙҒА

Теңіз ойға матырған қарашығын,
Қарауылдың мен де бір баласымын.
Қағбасына рухтың қосым тігіп,
Қарт Шыңғыстан түйсіндім дала сырын.
Әр тасынан сыр тұнған шежіреден,
Боз даламның самғаған көгіне өлең.
Өзегімдей боп кеткен өз елімнің
Өзеніндей күркіреп тебіренем.
Бабаларым дерт білген тіл өнерін,
Қаузай-қаузай қалжырап түнеремін.
Жалғанды жалпағынан басу үшін
Жалғыз ғана сол ақын сүйенерім.
Адамзаттан Абаймен биік екем,
Ұлы Абайды сүйемін, сүйіп өтем.
Абай жолы — адаспас ардың жолы,
Абайсыз өмір сүру қиын екен.
Қос қанатын қомданып күш алуға,
Аспан керек қыранның ұшарына.
Жарық күнге байланған барша ғалам
Сыйып кеткен Абайдың құшағына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу