Өлеңдер ✍️

  20.01.2022
  206


Автор: Арман Шеризат

Оята көрме....

Ақ марқа бұлт алаңсыз көкте жүзіп,
Жұмақ жаздың жұртыма жетпегі құт.
Қоңыр сайлар тартады демін ішке,
Айдаһар — күн, аузынан от төгіліп.
Ақ бас шыңға айбарлы қарсы қарап,
Ақ ордасы қасқаяр алты қанат.
Шаңырақты тұмшалап түн келеді,
Босағадан енеді таң сығалап.
Ел жайлауын зарығып тосады анық,
Қазақ үшін шынында осы ара құт.
Қойнаунан жатады бұл өлкенің,
Қымызы мен қызығы қатар ағып.
Боз көденің тұрғанмен мұрты гүлдеп,
Елсіз қалай жапанның шырқы кірмек.
Кеудемдегі боздайды жетім бота,
Иен қалған жайлаудан жұртын іздеп.
Бабам жүрген тоқтады көшім бүгін,
Қатты батты түске еніп жетімдігім.
Шежіреші шалдардың етегіне,
Бас қойып ұйықтап кеткен секілдімін.
Оята көрме....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу