Өлеңдер ✍️
Мен өмірді қалаймын
Мен өзімді бақыттыға балаймын,
Сол үшін де мен өмірді қалаймын.
Мендегі бар байлықтарға бүгінде,
Қол жетпей жүрген жоқ па талайдың?
Өмір мені мол байлыққа бөледі,
Бақыттымын, денім сау ғой себебі.
Әкем-анам, бауырларым жанымда,
Басқа байлық бар ма, сірә, керегі?
Басқа байлық бар десеңіз керегі?
Шүкір етсең, еселеп-ақ келеді.
Қолыңдағы бағалай біл барыңды,
Өмір маған соны үйретіп келеді.
Өміріңе толмай кейде көңілің,
Қызық көріп өзге жанның өмірін,
Қиялдағы ғажайыпқа жетелеп,
«Өмір сүр!» деп апарады сені кім?
Армандама, апармайды ешкім де,
Бақытты боп жүргің келсе бес күнде.
Барлығын да бастау керек өзіңнен,
Іске кіріс, замандасым, бос жүрме!
Өзіңді сүй, өмірді сүй – тілерім,
Жақсылыққа жақын болсын жүрегің.
Мен өмірді өздігімнен қалаймын,
Қаламауға қақым да жоқ білемін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter