19.01.2022
  259


Автор: Мадина Омарова

Тапсырма

Бір таң қаларлығы — сарайдың іші сырты секілді айшықты, салтанатты емес екен. Табалдырығынан аттай салысымен, кеңсе тәрізді жұпыны, жинақы, қоңырқай ғана бөлмеге ендік. Reception көрінді, біз сонда отырған ертегідегі ханшайымдай сұлу қыздың алдына келдік.


— Амансыздар ма? Сарайға хош келдіңіздер?


— Сәлеметсіз бе, бізге Хан керек еді.


— Алдымен келген шаруаларыңызды айтыңыздар.


— Бізді Зақан жіберді.


Бойжеткеннің жанары жарқ ете қалып, бесеумізді жылдам шолып өтті.


— Қазір.


Ол алдында жатқан микрофон тәрізді аппақ құралды ерніне тақап:


— Хан Иеме Зақаннан кісілер келіп тұр. Жалпы заңның 41-бабы, 9-тармағы бойынша өткізуіңізді сұраймын, — деді.


Содан кейін бізге жүзін бұрып:


— Хан Ием қазір Әділет бөлмесінде, Сіздер сонда барып күте тұрасыздар, мына кісі сіздерге жол көрсетеді, — деді. Біз ол нұсқаған жаққа, артқы жағымызға бұрылып, тал шыбықтай бұралған тағы бір бойжеткенді көрдік.


— Қыз Жібектің нөкер қыздары секілді, — деп сыбырлады Сари маған.


Шынымды айтсам «Қыз Жібекті» оқымаған екенмін. Сондықтан оның теңеуін бағалай алмадым.


Ұзын сонар бұрылыс-қалтарысы мол дәлізден кейін лифтіге мініп, жоғары көтерілдік, содан кейін тағы бұралаңдаған дәліз. Ақыры бір бөлменің алдына келіп тоқтап, бойжеткен бізге ізетпен есік ашып, ішке кіргізіп жіберді. Ол аппақ мәрмәрмен безендірілген кең бөлме екен, жоғарғы жақтағы мінбеде үш адам отыр. Көрермендерге арналған орында алтын жалатылған жіппен нәзік әшекейленген күміс түсті шапан киген бірнеше ер кісі ғана тізіліпті, біз солардың қасындағы бос орындықтарға орналасып алдық. Бізге ешкім назар аударған жоқ. Мінбеде үш ер адам отыр екен. Ортасындағы судья болар, басы жалтыр, таз, тек құлақ тұсы мен желкесінде сирек шаш қалыпты және оны алғызбай өсіріп жүрген сыңайлы. Кері тарап, ортасындағы таз жерді жабам дейді ме екен. Оның екі жағында көмекшілері болар, сымбатты және керемет көркем екі жас жігіт отыр. Үшеуі де өте ойлы кейіппен бөлменің ортасында тұрған адамға қарап қалыпты. Ол кісі өзінің үстіндегі киімімен ерекшеленіп тұр. Үнділердің ұлттық киімін киіп алыпты. Аппақ қардай еш әшекейсіз дамбал мен ұзын, тізеден асатын жейде. Бұл жердегі басқа халықтан ерекшелігі ою-өрнексіз, әшекейсіз. Маған, мысалы, қатты ұнады. Қараторы өңін ашып, ерекше сәнді сырбаздық беріп тұр. Бір қызығы — сот осы киім төңірегінде өтіп жатыр екен.


— Сонымен, — деді ортадағы таз қажыған үнмен, — сен қазақтың ұлттық киімін киюден бас тартасың ғой.


— Бас тартамын.


Әлгі кісі аса тәкаппар жауап береді. Егер жауапқа тартылып тұрмаса, хан осы екен деп ойлап қалуға болады.


— Бас тартасың... Онда үкімді оқимыз.


— Оқыңыз.


Ол міз бағар емес. Тіпті «оқыңыз» дегенінің өзінде әлдебір астарлы мысқыл жатқан тәрізді. Мен іштей бұл кісінің өжеттігіне тәнті болдым.


— Ата-бабадан мирас болып келген қазақтың ұлттық киімін киюден бас тартып, халық арасына іріткі салғаны үшін, өзінің менмендігі мен талғамсыздығының нәтижесі, өзі ойдан шығарып, тігіп алған киім-кешектерін насихаттап қоғамның тұтастығын бұзып, кесірлі ой таратқаны үшін Жаңылсын Айбарұлы Қайта өңдеуден өткізілсін!


Кенет судьяның екі жағында отырған жігіттер орындарынан тұрып, әлгі бейбақты алып кетті. Сол-ақ екен залда отырған адамдар да есіктен шығып лезде көзден ғайып болды. Залда тек біз бесеуміз және судья қалды. Ол орнынан тұрып жатып, бізге:


— Зақаннан келген балалар сендерсіңдер ме?, — деп сұрады.


— Иә, біз, — деп жауап қатты Мәди, — бізге Хан керек еді.


— Хан — менмін.


Біз тіл-ауыздан айырылып оған қарап қаттық та қалдық. Ол еш нәрсеге мән берер емес, үстелдегі қағаздарын жинастырып, мінбеден түсіп бізге жақындады. Тығыршықтай, домаланған, кішкене ғана кісі екен.


— Жүріңдер, менің бөлмеме барайық, әділет бөлмесін ұнатпаймын, — деді ол тыжырынып.


Біз оның соңынан ердік. Көп ұзамай ою-өрнектермен көмкерілген үлкен ағаш есікке кірдік. Оның бөлмесі шын мәнінде нағыз Хан отыратын жер екен. Кең, жарық, еңселі бөлме түгел ағаштан жасақталыпты. Кірген мезетте үйеңкінің, самырсынның, шыршаның иісі аңқиды, бейнебір орманға енгендей болады екенсің. Күрт шаршағанымды сездім. Бір жерге тізе бүгіп отырсам болды, ұйықтап кететін тәріздімін Арамотерапия деген осы болар. Ол тақ тәрізді жабдықталған үлкен ағаш орындыққа барып отырды. Біз төменде тұрған әдемі ағаш орындықтарға жайғастық. Жанға сондай жайлы екен. Ханның өзі де ханға ұқсамайды, бір жақын ағайының, нағашың тәрізді жылыұшырайды.


— Жаңағы кісіні қайта өңдеуге жібердіңіздер ме?, — деп сұрады Жасұлан кенет.


— Иә, — деді хан бізге сынай қарағандай болып.


— Ол не? Қайта өңдеу деген не?


— Қайта өңдеу деген... онымен кәсіби мамандар жұмыс жасайды. Санасы, осы сәтке дейінгі барлық жады мен дүниетанымы түгел өшіріліп, кірпіш қалағандай, үлкен махаббатпен жаңадан қаланады. Сол кезде ол өзінің барлық сандырақ ойларынан арылып, мүлде жаңа адам болып шығады. Әрине, отбасы, кәсібі туралы деректер қайтадан құйылады. Ал оның қазіргі бүлікті санасын тудырған бүкіл ой-пайымдары құртылады.


— Бұл әдіс шынымен оң нәтиже бере ме?, — деп сұрады Еркебай жерден жеті қоян тапқандай болып. Мен оның неменеге қуанып отырғанын түсінбей таңданып қалдым. Хан «әрине, тек оң нәтиже береді, не деген орынсыз сұрақ» дегендей болып екі қолын жайып, жылмиды.


— Бұның барлығы не үшін? Ол кісінің көпшіліктен бөлекше, басқаша киінгісі ғана келді ғой. Бұл қылмыс емес қой. Әркім қалай киінем десе де өзі білмей ме.


— Иә, сендерде солай. Ал, бізде ондай ерік жоқ. «Әрі елдің заңы басқа» деуші ме еді. Сендерде бұндай мақал бар ма?


— Иә, бар, — деді Сари.


— Сондықтан, рұқсат етсеңдер біз бұл жөнінде пікірталас ұйымдастырмай-ақ қояйық. Сонымен, Зақан сендерді кері қайтаруға рұқсат сұрайды ма?


— Иә...


— Мен, әрине, рұқсатымды беремін. Сендерді бұл жерде ұстап қалғаннан маған көк тиын пайда жоқ. Мына шақшадай-шақшадай кішкентай бастарыңда қандай бүліктің, қандай кесір ойлардың жатқанын кім білсін... Өзімнің халқымды жөндеп алсам да болады, басқа әлемнің адамдары еді енді жетпегені... Бірақ! Бірақ менің бір бұйымтайым бар, оны өтініш дейміз бе... тіпті шарт деуге де болар. Сендерге бір тапсырмам бар.


Біз қозғалақтап, түзеліп отырдық.


— Мен мұнда мүлде жалғызбын. Жауларым көп. Ал, мен жалғызбын. Бірақ бір заманда менің де мұрагерім, ұлым болған. Жалғыз ұлым... Үлкен махаббатпен, сүйіспеншілікпен қосылған жарым бар еді... Осы сарайдың ханшайымы. Олар бар кезде мына жер Хан сарайына ұқсайтын, қандай керемет салатантты орын еді. Енді өздерің көріп отырсыңдар банк ғимаратына, кеңсеге айналып кетті. Жасым болса келіп қалды, — деп ол басын сипап өтті. Біз көзімізді төмен салдық. Неге екені, менің күлкім келіп кетті.


— Осыған байланысты маған сендердің көмектерің керек.


— Қандай көмек?, — деп сұрады Мәди. Ол да ханды аяп отырған адамға ұқсамайды. Дауысы да жұлып алғандай, дөрекі шықты.


— Маған ұлым мен әйелімді кері қайтаруға көмектесіңдер.


— Қалайша?, — деді Мәди қабағын түйіп. Маған хан неге екені Мәдиден қаймығатын секілді болып көрінді.


— Сендердің бұл әлемде тағдырларың жоқ. Қара молда сендерге түк істей алмайды. Маған көмектесе алатын жалғыз тіршілік иесі болатын болса, ол сендерсіңдер. Осы уақыттың ішінде, білесіңдер ме қанша уақыттың өткенін, сендердің өлшеммен алты жүз жыл! Осы уақыттың ішінде мен Қара молдаға сансыз қол әскер, өзіміз өсіріп, үйреткен неше түрлі сиқыршыларды жібердім. Ешқайсысы жеңе алмады, ала алмады... Тоз-тоздары шығып қайтып келеді. Неше мың адам із-түзсіз жоғалып кетті содан бері. Сендер, сендер ғана көмектесе аласыңдар маған...


— Қара молда деген кім?, — деген Саридың жіңішке үні мені шырт ұйқымнан оятып жібергендей болды.


— Қара молда деген осы әлемнің дұшпаны, қас жауы. Сексен тоғыз мың ғаламға өте алатын сиқыры бар. Оны жеңу мүмкін емес. Адамдардың санасын улап, барлық ғаламды өзі билегісі келеді. Сондықтан да ол мені мұрагерімнен айырып отыр. Ол нағыз қаныпезер, жауыз, оңбаған. Бірақ, жаңа айттым ғой, мұнда сендердің тағдырларың жоқ. Мәди, сенің анаңның да тағдыры жоқ бұл жерде. Ол менің рұқсатыммен осында қалып, жанын сақтап отыр.


Мәди «рахмет» дегендей болып көзін жұмып, басын изеді.


— Енді маған сендердің көмектерің керек болып тұр. Барасыңдар ма?


Біз бір-бірімізге қарадық. Басқа амал жоқ сияқты.


— Қара молданы қайдан табамыз?


— Оның көлдің жағасында, үйшігі бар. Сол жерде жатады көбінесе өзінің һарам ойларын жүзеге асыратын айла-амалдарды ойластырып. Сендердің ауылдарыңдағы көл осы біздегі көлдің пішіні мен қағидасы бойынша жасалған.


— Біздің көл ме?


— Иә, Ханзада мен Ханшайым сендердің әлемге өткеннен кейін, оларға есікті меңзейтін белгі, бағдар болсын деп біздің сиқыршылар сендер жақтан да дәл сондай көл жасап шықты. Олар келіп, сол көлдің түбін мекен ете бастады. Содан бері қаншама ғасыр өтті...


— Бірақ ол үйде Кемпір мен Дәу ғана тұрады ғой?


— Иә, енді сендерше Кемпір мен Дәу, біздіңше Ханзада мен Ханшайым.


Мен сүйегі қурап, қаусап тұрған кемпірді, есінен айырылып, мешкей жалмауызға айналған Дәуді елестеттім. Денем түршікті. Сонда олардың Ханшайым мен Ханзада болғаны ма? Біздің не ойлап отырғанымызды түсінгендей болып хан ащы жымиды:


— Сендер заттың тек сыртын ғана көресіңдер. Толық қамтуға қабілет-қарымдарың жетсе де, сезбейсіңдер, бейшара түйсікті мешелге айналдырғансыңдар. Қараның арасынан ханды, жын-перінің арасынан мұсылманды ажыратудан қалғансыңдар. Бірақ, сендердің қабылдау түйсіктерің бұзылды екен деп, ақиқат өзгермейді. Иә, Кемпір мен Дәу — Ханзада мен Ханшайым. Оларды сендердің әлемге өткізіп жібергеннен кейін Қара молда екі арадағы есікті дұғалап тастады. Олар бері өте алмайды. Арғы жақта тұтқында отыр. Бірақ сендер, сендер оларды азат етесіңдер!


— Ол есіктен біз өттік қой!, — деді енді Жасұлан жерден жеті қоян тапқандай.


— Иә, сендер өттіңдер. Иттің итақайына дейін ары-бері өтіп жатыр. Ал ОЛАР өте алмайды. Не деген жетесіз балалар едіңдер!, — деп айқайлап жіберді хан. Содан кейін кенет Мәдиге қарап, дауысын жұмсартып, жүзін жылытып сөйлей бастады:


— Қара молданың дұға кітабы бар. Сол кітапты оқитын адам табылса, оқып шығуға қабілетті адам табылса, екі әлемнің арасындағы жік жоғалып, есік айқара ашылады. Сол кітапты тауып алыңдар. Сонда барлығы орнына келеді. Барыңдар!


Біз орнымыздан көтерілдік. Хан шаршаған кейіппен «кетіңдер, кетіңдер» дегендей қолын сілтеді. Біз аңтарылған күйі орнымыздан тұрып шығар есікке беттедік. Дәлізде бізді хор қызындай ару күтіп тұр екен. Алдымызға түсіп, аса үлкен құрметпен ишара жасай отырып, сарайдың шығар есігіне жеткізді. Түс көргендей аң-таң боп далаға шыққан бізді Зақан мен Гүлнәр күтіп тұр екен. Гүлнәрдың жанары суланып қалыпты. Зақан ашулы. Біз тіпті аузымызды ашып үлгерген жоқпыз:


— Білемін, білемін, — деді ол, — қазір көлдің жағасына апарып тастаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе ол сендерге оралуға рұқсат бермейді. Сенделіп осында қаласыңдар. Бұл жерде сендерге орын жоқ. Әрине, егер қайта өңдеуден өтпесеңдер..., — деп ол бізді бастан-аяқ шолып өтті.


Жаным мұрнымның ұшына келді. Әкем мен шешемді, атам мен әжемді ұмытып, мүлде басқа жанның ғұмырын кешу мүмкіндігінің өзі жанымды түршіктірді. Одан да өлген артық.


— Жо-жоқ, әрине, барамыз, құтқарамыз, — деді Сари басқа шешім қабылданып кетпесін дегендей жылдамдатып. Біз «тоқтам осы» дегендей болып, Зақан мен Гүлнәрге қарадық.


— Олай болса, күймеге отырыңдар, кеттік, — деді Зақан кенет өз-өзінен көңілденіп. Біршама уақыттан кейін көлдің жағасына жеттік. Шынымды айтсам, қанша жүргенімізді білмеймін, себебі ұйықтап кетіппін. Шайқалған күйме қозғалысын тоқтатқанда ғана көзімді аштым. Көлдің жағасында тұр екенбіз. Дарияны көре салып, жүрегім атойлап, аузыма тығылды. Біздің көлдің айна-қатесіз өзі. Аққуларына, шағалаларына дейін. Тіпті оңтүстік бөлігінің сүйірленіп бітетіндігіне дейін. Тура көшірмесі. Бірақ, ханның айтуы бойынша, біздің ауылдағы көл осы көлдің көшірмесі. Сол баяғы орнында мыжырайған кішкене ғана тоқал там тұр. Зақан сол жақты нұсқады.


— Біз әрі қарай бармаймыз. Естеріңде болсын, Қара молда сендерге түк істей алмайды деген сөзді — өлтіре алмайды деп түсіну керек. Бірақ ол сендерді басқа әлемге енгізіп, қайтар жолды таба алмайтындай етіп дұғалай алады, тұтқынға ала алады, басқа да көптеген нәрселер істей алады. Сондықтан сақ болыңдар. Араларыңда кітапты оқитын адам бар ма?


— Мен оқимын, — деді Мәди. Зақан «жақсы» дегендей басын изеді. Гүлнәр Мәдиді құшақтап, маңдайынан иіскеді. Көзінен ірі жас бұршақ-бұршақ болып төгіліп жатыр. Содан кейін барлығымызды шетімізден құшақтап, бетімізден сүйіп шықты. Олар мінген күйме көзден ғайып болғанша арттарынан қарап тұрдық. Содан кейін үнсіз тоқал тамға беттегенбіз. Сари екеуміз қол ұстасып алдық, арқамдағы домбыраға да жан бітіп, маған жанұшыра жабысып келе жатқан тәрізді. Демімізді ішімізден алып үйдің ішіне ендік.


Алдымыздан қоңыр салқын леп шықты. Денем тоңазып сала берген. Жұпыны сол бөлме. Төрде дөңгеленген аласа үстел мен шкафқа дейін біздің көлдегі тамдағыдай. Кемпір мен Дәу ғана жоқ. Кенет Мәди: «Кітап!» деді де бұрышқа қарай арыстанша атылды. Апыр-топыр болып кетті. Байқағаным Еркебай оны тоқтатпақ болып алыса жөнелді. Әлі келмейтінін лезде ұққан ол кенет «Әке, Әке!!!» деп жанұшыра айқалаған. Сол-ақ екен қайдан шыққаны белгісіз бөлменің ортасында ақ сақалды, ақ сәлделі қария пайда болды. Ол да жанталасып Мәдиге ұмтылды. Бірақ кішкентай бала секілді бұрышқа тығылып алған ол кітаптың бетін ашып судыратып оқи жөнелді. Ел естіп көз көрмеген түсініксіз тілдегі дұға бөлмені күңірентіп ала жөнелген. Кенет шал ышқынған дауыспен:


— Тоқта!!!, — деп айқайлады. Саридың шыңғырған дауысы құлағымды шыңылдатты. Мен оны иығынан құшақтап, бауырыма қысып алдым. Мәди кілт тоқтады.


— Тоқта, — деді шал, Еркебай оның артына тығылып алыпты. Оның «әке» деп айқайлағаны, енді мына шалдың артына жасырынып тұрған тұрысы —санама енді жетіп, ауызым ашылып, көзім бақырайып екеуіне қарап қалдым. Мәди де таң қалып, екеуіне кезек-кезек көз жүгіртеді.


— Тұра тұр, андағы кітапты дауыстап оқитын болсаң, орны толмас апат болады. Сендердің әлем де, мына әлем де күйрей бастайды. Бұл кітаптағы дұғалар — әлемдер жігінде оқуға арналмаған. Мен сені алдап тұрған жоқпын. Тұра тұр.


— Олай болса, Ханзада мен Ханшайымды босат. Есікті аш.


Шал үнсіз қалды. Бірақ, Мәдидің кітапты оқуға енді талаптанбайтынына иланғандай болып, бөлме ішіндегі жалғыз терезенің алдына барып тұрды.


— Мен оларды босата алмаймын.


— Неге?


— Ханзада қайтып оралса, қазіргі ханның әулеті әлі бірнеше ғасыр тақта отырады деген сөз. Мен бұған жол бере алмаймын.


— Хан сені таққа таласып, орнымды басуға әрекеттеніп жүр деді.


Еркебай қожайынына еркелеген ит секілді әкесінің етегіне оратылды.


— Ол, әрине, солай деп жала жабады. Басқа шарасы қайсы? Маған тақтың керегі жоқ.


Қара молданың тұтқиылдан шабуыл жасамайтынын түйсініп, ақырындап өз-өзіме келе бастадым.


— Сізге енді не керек?, — деген Жасұланның дауысы тышқанның шиқылындай болып шықты.


— Маған... маған елдің бостандығы керек. Осы хан таққа отырғалы елдің еркіндігі жылдан жылға, ғасырдан ғасырға шектеліп келеді. Бұрын қандай едік. Біздің жұртты сендер «перілер» дейсіңдер. Естулерің бар шығар?


Біз басымызды изедік. Перілер деген осылар ма еді. Иә, олар өте сұлу болады деуші еді. Қыздары мен жігіттері кілең сұлу. Әрине, перілер.


— Қазір біздің қоғам жасанды сананың құлына айналды. Ешкімнің таңдау мүмкіндігі жоқ. Барлығы жазылған заңмен, арнайы тәртіппен ғана жүріп тұрады. Байқаған шығарсыңдар, бұл жерде түрі жаман, сұрықсыз жанды кездестірмейсіз. Бұл сұрықсыз сәби дүниеге келмейді дегенді білдірмейді. Барлық бала біткен бес жасқа келгенде іріктеуден өтеді. 100 баланың үшеуі ғана пышаққа ілінбейді, қалғандарының барлығына ота жасалып, бет бейнелері сұлулық стандартына сәйкестендіріледі. Бұл осы ханның ойлап тауып отырғаны. Басқаша ойлайтын, басқаша өнер тапқан адам болса — қайта өңдеуден өтеді. Қайта өңдеу дегеннің не екенін білесіңдер ме?


Біз басымызды изедік.


— Мен осының барлығына, жасандылыққа қарсы шығып отырған жалғыз адаммын. Бұл майдандағы ең үлкен қаруым — тақ мұрагерін елге жолатпау. Ал сендер қайтар дейсіңдер. Болмайды. Буынсыз жерге пышақ ұрмаңдар. Ал, бала, кітапты өзіме бер.


Ол қолын созып, Мәдиге жақындады. Кенет Сари:


— Жоқ, тоқта, берме!, — деді жанұшырып. Қара молда шалт бұрылып Сариге қарады. Көздерінен ұшқын атып, Сариды жеп жіберердей түйілді.


— Сен қыз, не білесің? Бер, кітапты.


Оның дауысы тағы да күнше күркіреді.


— Әкем рас айтып тұр, Мәди, кітабын қайтарып бер, — деді Еркебай.


— Бұл кісі қашаннан бері әкең болып қалды, сенің әкең жоқ еді ғой, — деді Жасұлан.


— Мен оны түсімде көретінмін. Осы жерді, көлді, бөлмені. Мен ылғи түсімде көретінмін.


— Жоқ, ол түсің емес. Мен сені осында талай әкелгенмін. Кішкентай кезіңнен көзің ұйқыға кете салысымен, осында жететінсің. Мен сені осылайша талай нәрсеге баулыдым.


— Жоқ, мен кітапты бере алмаймын, — деді Мәди.


— Неге?


— Берсем, сен бізді дұғалап тастайсың.


— Дұғаламаймын, арғы бетке өткізіп жіберемін деп ант етсем ше?


Мәди екеуі арбасқандай бір-біріне ұзақ қарады. Мәди басын шайқады:


— Сен — сиқыршысың. Сенің сөзіңде баян жоқ. Сенбеймін.


— Енді осылайша бұтына жіберіп қойған балаша бұрышта отырасың ба?


Еркебай күліп жіберді. Мәдидің бір сәтке абдырып қалғанын сезген Қара молда оған оқша атылды. Тағы да апыр-топыр төбелес, жұлыс басталып кетті. Мен босағаға отыра қалып, қолыма домбырамды алып, «Адайды» тарта бастадым. Басыма атамның айтқан сөздері оралып, Мәдиге дем берейін деген едім. Бірақ күй төпелеп, кенет менің ырқымнан шығып кетті. «Адаймен» басталған күй «Жұмыр қылышқа» аттады, әрі қарай мен тіпті атын естімеген, өзім білмейтін күйлер кетті төгіліп, көзімнің қиығымен байқағаным, бөлме ішінде кітапқа таласып төбелесіп жатқандардың барлығы сол тұрған қалыптарында қатып қалыпты. Кенет домбыра күш алғандай болып, бір мезетте бірнеше күй қатар құйылды. Дүниенің сағымданып бара жатқанын аңғардым, сол мезетте Қара молда мен Еркебай үріккен кептер секілді «пыр» етіп, қою қара түтінге айналып ауада ыдырап бара жатты. Мен есімнен танып қалдым.


Эпилог


Көзімді аша салып көкпеңбек тұңғиық аспанды көрдім. Бір шөкім бұлт жоқ. Өзімнің қайда екенімді анықтай алмай біраз уақыт қимылсыз жаттым. Басымды көтеріп, тіршілік белгісін білдіруге жүрегім дауламайды. Қара молда мен ғайыптан оның ұлы болып шыққан Еркебай жоғарыдан төніп, әр қимылымды аңдып тұрған сияқты. Аюды кездестіргенде өтірік өліп қалу керек екені есіме түсті. Беталбатты бұлай мәңгі жату мүмкін емес. Ақырын бір жақ бүйіріме аунадым.


Жалма-жан:


— Зере оянды, — деген дауыс шықты. Жасұлан тәрізді.


— Жасұлан, сенсің бе?


— Мен.


Апыр-топыр аяқ дыбысы естілді, орнымнан көтеріліп, жүрелеп отырдым. Көлдің жағасы екен. Самал жел есіп тұр. Тынысым кеңіп, кеудемді кере демп алдым. Шашымды сипадым, аз-маз қобырап кетіпті. Мәди мен Сари, Жасұлан жүгіріп келіп, жан-жақтан қаумалап алды. Баяғы қалыптарына, өз кейіптеріне оралыпты. Қуанып кеттім! Демек біз өз жағымыздамыз ғой.


— Қалайсың?!


— Жақсы! Сендер ше?


— Жақсы, жақсы.


Мен олардың әрқайсысын қолыммен сипап, шымшылап шықтым. Иә, шынымен солар! Шынымен бергі жақ!


— Не болып кетті? Мен түсінбей қалдым. Біз қалай бері оралдық?


Тамағым құрғады. Бірді айтып бірге кеттім білем. Қайтадан:


— Амансыңдар ма?, — деп сұрадым.


— Аманбыз. Өзің ше?


— Мен — жақсы, жақсы.


Сариды қолынан ұстап жібергім жоқ.


— Кемпір қайда, Дәу қайда?


Сари аптығын баса алмай, тез-тез жауап берді.


— Олар... сен күй тартқан кезде, жоқ, тартып болған кезде қақпа ашылып, арғы жақ пен бергі жақ тұтасып кетті, сонда Кемпір мен Дәу өз жақтарына өтті. Ал біз бергі жаққа. Болды.


— Бар болғаны осы ма?


— Ал Қара молда мен Еркебай қап-қара буға айналып көкке ұшып кетті.


— Иә, олардың буға айналғанын өзім де көрдім. Мәди, қалай ойлайсың олар мәңгіге құрыды ма?


Мәди күмілжіп, төмен қарады.


— Қайдам, Зере, олар тек бас сауғалап қашты ма деймін. Өлген жоқ. Себебі, оларға соншалықты зияндық әкелетіндей еш нәрсе болған жоқ. Олар нағыз өнердің алдында бір сәтке ғана қауқарсыз қалды. Бірақ сол сәтте, Қара молданың сиқыры күшінен айырылған мезетте, қақпа ашылып, біз де, Кемпір мен ұлы да ары-бері алмасып, өтіп үлгердік.


— Демек, to be continued, — деп күбірледім мен. Содан кейін Мәдиден:


— Шыныңды айтшы, сен бұның бәрін қайдан білесің? Қара молданың кітабын қалай оқыдың? Ондағы жазу тіпті арабша да емес еді ғой.


— Көне Византия тілі шамасы. Шынымды айтсам өзім де білмеймін. Мен...


Ол бізді көзінің астымен шолып өтті.


— Сендер сенсеңдер де, сенбесеңдер де өздерің білесіңдер, бірақ мен ол әлемде өмір сүрген сияқтымын. Білмеймін, қашан қалай екенін, бірақ ол жақ маған жат болған жоқ. Керісінше, бергі жақта мен өзімнің мекенімді таба алмай сенделумен жүрген сияқтымын.


— Барлығы мүмкін, — деп күбірледім мен, — Мен де домбыраны осылай тартамын дегенді өңім тұрмақ түсімде елестетіппін бе? Домбыра класына өйтіп-бүйтіп бір жыл толық қатыстым ғой деймін. Онда да әкемнің үзілді-кесілді талабымен. Өмір бойы вокалдан сабақ алып келемін. Айналдырған үш-төрт-ақ күй білемін. Ал жаңа, ана жақта мен емес, домбыраға жан бітіп өзі шайқасқан сияқты. Және байқадыңдар ма бір мезетте бірнеше күй орындалып жатқан тәрізді болды.


— Иә, тартылған күй басында ақырын домбырадан ғана шығып тұрды да, бірте-бірте үдеп, көктен, қабырғалардан, бүкіл дүниеден төгілгендей жан шыдатпас екпінмен құйылды ғой,-деді Жасұлан, — сен тартып бола бергенде, кенет қабырға қарс айырылып, арғы жақтан Кемпір мен Дәу көрінді, олар қуаныштан естерінен жаңылғандай, жанұшыра бері ұмтылды, ал біз арғы жаққа... Сол-ақ екен қабырға тарс жабылды. Басында біз сені тіпті өліп қалды деп ойладық.


Сари жылап жіберді.


— Содан кейін мен тамырыңның соғып тұрғанын сездім, сен оянған кезде далаға, таза ауаға шығарып, жатқызып қойып, әрі қарай не істейміз деп ақылдасып тұрғанбыз, — деді Мәди маған біртүрлі мейірлене қарап. Мен көзімді төмен салдым. Кенет сол қолымдағы кемпір кездікпен тілген жер ақырын сыздап қоя берді. Есіме берген сертім түсіп, жүрегім мұздап қоя берді.


— Кемпір еш нәрсе деген жоқ па?


— Жоқ, тілдесетіндей мүмкіндік болған жоқ. Бас изесіп қана үлгердік. Ал сен...


Оның жанарынан құйылған нұр, жүзімді ыстық жалынға орады.


— Сен... жарайсың. Барлығымызды құтқардың.


— Өзім де білмеймін не болғанын. Мені құтқарған домбыра. Айтпақшы, домбырам қайда?


Жылан шағып алғандай ыршып түстім.


— Міне, міне.


Сари екінші мәрте маған домбырамды қайтарып берді. Мен оны басынан сипап, домбыраны қолыма алдым. Қатқан мейіздей қап-қара домбыра, өзі шоп-шолақ, сырт көзге сұрықсыз-ақ. Маған ханның «сендер заттың тек сыртын ғана көресіңдер. Толық қамтуға қабілет-қарымдарың жетсе де, сезбейсіңдер, бейшара түйсікті мешелге айналдырғансыңдар» деген сөзі түсті. Бұл тек адамдарға ғана қатысты емес шығар. Себебі мына домбыра да кішкене тереңірек үңілсең қалай өзгеріп шығады. Мәдиге қарадым.


— Саған рахмет....


Екеуміз бір-бірімізге тура қараудан тайсақтап, жанарымызды ала қаштық. Кенет менің сол білегім солқылдап қоя берді, кемпірдің кездігі тиген жер жанымды көзіме көрсетіп, бүріп алып бара жатыр. Білегімді алақаныммен басып, айқайлап жібердім.


— Не болды?


— Білмеймін.


— Жүре аласың ба?


— Иә, иә.


— Онда тезірек ауылға жетейік.


— Ой, атам мен әжем келе жатыр, — деді Сари алақанын шаттана шапалақтап. Ауылдың қариялары, көлдің шырақшылары келе жатыр екен. Шалдар бөлек, кемпірлер бөлек шоғырланып, бізге қарай адымдап келеді. Барлығы қартайған. Бірақ олардың осы шеруінде жұмылған ынтымақ, әлдебір өміршең сырбаздық бар еді. Сонымен қатар ортанқол мистикалық фильмге жақсы план болатын кадр. Кемпірлердің кең етек көйлектері желге желбіреп, көздерін бастарындағы орамалдың ұшымен сүрткіштейді. Атам мен әжемді, Сүйіндік атаны таныдым, қалған үш кемпір мен екі шал бейтаныс.


— Әжем, менің әжем де келе жатыр, — деп қуана айқайлады Жасұлан.


Осыны күтіп тұрғандай біз ата-әжелерімізге қарай тұра жүгірдік. Жүйкеден қай бір жүйке қалды дейсің, мен ботадай боздап жылап келемін. Осы сәт, бақыт пен шаттыққа толы жаздың сол бір күні менің жадымда мәңгі қашалып қалды.


Ауылда біз келгеннен кейін көп нәрсе өзгерді. Алдымен Күлбағиланың, Еркебайдың анасының, көлдің жағасындағы Кемпір тұрған тамға кіріп алғанын айту керек. Ол кісі аз уақытта адам танымастай өзгерді. Еркебайдың арғы жақта қалып қойғаны және біздің айтып келген әңгімеміз ауыр соққы болған тәрізді. Күн санап емес, сағат санап кішірейіп, екі бүктеліп, шашы ағарып, Кемпірге айналып шыға келді. Ол енді өз кезегінде есіктің ашылар сәтін күтпек. Және оны бұл ниетінен ешкімнің айныта алмасы анық.


Көп ұзамай әкем келіп Сари екеумізді алып кетті. Қайтадан қаладағы күнделікті тіршілік, мектеп пен үйірмелер... Мен домбыра класына аса ыждаһатпен бара бастадым. Бірақ қанша тырыссам да сол бір күнгі күй нөсерді қайталай алмадым. Ауылды, сол бір жазды ұмыта алар емеспін. Күндер сырғанап өткен сайын сағынышым ұлғайып, үлкен бір тәтті мұңға айналғандай. Келесі жазды асыға күтіп жүрмін. Жаз келе салысымен қойнауына құпия сыр жасырған сол бір шағын ауылға құстай ұшарым анық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу