Өлеңдер ✍️
...ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
Мен оларды жақсы көремін,
Бүйірімнен тынымсыз түрткендері үшін де,
Лас қолдарын жейдеме сүрткендері үшін де,
Сүрінетін сәтімді күткендері үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Аяғымнан аяусыз шалғандары үшін де,
Қастық ойлап қасымда қалғандары үшін де,
Сезіміме су шаша салғандары үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Бар қайғымды бетіме басқандары үшін де,
Сандырақ деп сан айып таққандары үшін де,
Мойыныма ауыр жүк артқандары үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Бет бейнемді мазақтап өткендері үшін де,
Әр жұмысқа аяусыз жеккендері үшін де,
Еңбегімді елеусіз еткендері үшін де,
Жақсы көремін оларды.
Табанымды тебенмен тілгендері үшін де,
Көз жасымды көрсетіп күлгендері үшін де,
Бұл өмірде аман-сау жүргендері үшін де,
Жақсы көремін оларды...
***
Өртке тастап мұң аңқыған бүлдемді,
Менің тұнық өмір шоғым үрленді.
Жанарымыз жолыққанда түсіндім
Жалғыз өмір сүрмеуді...
Тамашалап түнгі аспанның бейнесін,
Жамыламын жапырақтың жейдесін.
Бұлт үстінде жыр оқығым келеді
Жұлдыздарға кейде шын...
Сағыныштан жасқа оранып етегім,
Ай сәулесін сырлас құрбым етемін.
Мына әлемнің барлығына жария
Менің ғашық екенім...
Байқамастан бар ғаламның байлығын,
Қызғанар ма ең, қызғанғандай ай күнін?
Үндесуге үлгергендей кейде рас,
Тәттісі де болады екен қайғының.
Тамаша ғой тапса егер де тең-теңін,
Шамдарындай ұйқылы ояу өлкенің.
Сұрамай-ақ білгеніңе таң қалам
Саусағымның өлшемін...
Дүрсіл қостың дүрсіліме дем бердің,
Мені осылай бақытыңа тең көрдің.
Жүзігім де жарқ-жұрқ еткен сол сәтте
Жүрегіндей зергердің...
Таң қалар ма ең тамырыңда бүлк етсем,
Арым барда шықпас сезім тым шектен.
Мен бұлт болып бейнеленер едім-ау
Сен күн болып күрк етсең...
Түн бар ма екен тұнығындай Семейдің?
Бар-ау сірә, ғалам бөлек демеймін.
Әттеген-ай, кетіппін ғой ұмытып
Түсті есіме құрғағанда көмейім.
Анам мені шайға тосып отыр-ед(і)
Асып айтып, тасып айтып не дейін?
Енді осымен қиялдауды тоқтатып,
Шайымды ішіп келейін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter