Эсселер ✍️
Білікті маман – қоғам сұранысы
Болашағына жоспар құрмайтын жан жоқ шығар? Мен де мектеп бітіру мерзімі жақындаған сайын өз таңдауыма қол жеткізуге асығып, жоспарлы түрде білім сынақтарына дайындалып жүрмін. Мен үшін алдағы болашақ – құпиясы мен қызығы, қиындығы мен сынағы қатар тұратын тылсым дүние. Тәуелсіз Қазақстанның болашағына көз жіберсем, ондағы «Мен таңдаған мамандықтың орны қандай болмақ?» деген сұрақ мазалайды. Себебі білікті маман – қоғамның дамуына үлес қосатын қозғаушы күш. Әр мамандықтың заман сұранысына сай өзіндік орны болады. Сондықтан да мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазақ елінің экономикасының нығаюы, болашағының бекем болуы өз ісінің шебері, яғни білікті мамандар еншісінде. Сан алуан мамандық иелері бар. Ал «Қандай мамандықтар бірінші кезекте сұранысқа ие болады?» десе, онда ол менің достарымның арасында пікірталас тудырары сөзсіз. Өйткені әркім өзі қалаған мамандығы тұрғысынан өз таңдауын қорғайды. Біріншіден, ол өз қабілеті мен өзі таңдаған мамандықтың қажеттілігін жан-жақты ойластырып шешім қабылдаған. Екіншіден, қажетсіз мамандық деген пікір жоқ. Егер білім мен тәжірибе және шығармашылық үйлессе, онда кез келген маман өз саласындағы қажырлы еңбегімен қоғамға тың идея, нәтижелі үлес қоса алады.
Мамандық таңдау жауапкершілігін мен жете түсініп, көп ойландым. Ақыры бір шешімге келіп, білімнің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география факультетіне тоқталдым. Қазақстанның жетекш,і классикалық университетінің миллиондаған түлегі Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында да табысты еңбек етіп жатқаны аян. Демек, білім ордасында нағыз өз ісінің білікті мамандары сабақ береді деп сенемін. Сол ортада болу, ғылым мен білім тынысын сезіну – кез келген адам үшін бақыт, әрине.
Білікті маман болу деген не? Бұл – тек үздік білім иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастыру, ғылыми ізденіп, өз жаңалықтарыңды ашу және тағы басқа іскерлік қабілеттерді дамыту. Сондай-ақ меңгерген білім, игерген дағды мен машықты өмірде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Сондай маманға сұраныс та болады және ол ел экономикасын өрістетуге тың идеялар қоса алатын, нағыз өз ісінің шебері бола білмек.
Ойымды қорытып, болашақ өкілі ретінде пікірімді тұжырымдасам, мен өзім таңдаған мамандықтың сұраныста болатынына сенімдімін. География ғылымының қай саласы болсын зерттеуге негіз болатын құбылыстарға толы. Соны зерделеп, еліміздің дамуына үлес қосатын тың бастамаларды қолға алуға болады.
Менің мақсатым – тәуелсіз қазақ елінің дамуына үлес қосу. Жүрегім жалынға, көкірек көзім рухани ізденіске толы. Қазақ елінің атын шығаратын бір перзентін қабыл ал, болашақ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter