Өлеңдер ✍️
Жастар жарқын болашақтың ертеңі!
Өлең деген сарқыраған ақбұлақ,
Алтын сөзім таңдайға кел жарқырап.
Жас жүрегім түбін түсір өлеңнің,
Құмарым бір қанғанынша арқырап.
Жарқын нұры болашақтың кемелі,
Халқым бізге арқа сүйеп сенеді.
Түп-тамыры етек жайып қазақтың,
Гүлденеді, көркейеді, өнеді.
Бүгінгі ұрпақ келешектің беделі!
Жалындаған жастарға жыр жазайын,
Тақырыптың мән-мазмұнын ашайын,
Кешегі мен бүгінгінің жасына,
Құнарлы ой, мимен меңзеп қазайын.
Қан майданда 20-ақ жаста Әлия,
Рухы мұның, өжеттігі дария,
21-де сескенбеген ажалдан,
Қайрат ұлың бар қазаққа жария.
Бүгінгі ұрпақ алау сынды жанатын,
Кеңге жайып азаттықтың қанатын,
Жастық жалын, қуаты мол кезең бұл,
Қайнар көзден бар бақытты табатын.
Жылуы нұр жастық шағың жайдарлы,
Жүрегіміз бір Аллаға байлаулы,
Кешегі өткен Мағжан ақын сенімі,
Қазіргінің ұранына айланды.
Мен жастарға сенім артам, көбірек.
Құлшынысым қайратым бар жөндірек,
Бүгінгінің ақындары бабалар,
Өсиетіңді жырмен жалғап өндірмек.
Қара сөздің бұза алмаймыз қаймағын,
Жаным толы ғажайыпқа аймағым,
Сөз қадірін қазақ исін аңқытып,
Талай жастар тер төккенін сайрадым,
Жастар барда төмендемес байрағым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter