Шығармалар ✍️
Менің мектебім
Мектебім алтын ұям. Мектеп екінші үйімдей. Тіпті демалыс күндері мен мектебіме ысығып тұрамын. Ұстаздарымды, сыныптастарымды, достарымды сағынамын. Мектебімде алған тәрбием мен білімім үшін мен шексіз қуанамын. Өзге елдердегідей емес, біздің елде білім тегін беріледі. Оқимын деген жастар үшін мемлекет тарапынан шексіз қолдау көрсетіледі. Мәселен бір жарысқа барып, орын алып жатсақ та шағын сыйлықтар беріп, бізді ынталандырып жүреді.
Мектептегі жылдарымның дәл осылай қызыққа толы өтіп жатқанына дән ризамын. Мектептегі жылдарымның тез өткенін, тез есейгенді қаламаймын. Менің үлкен апа-ағаларымның айтуынша, бүкіл қиын кезеңдер есейгенде басталады. Қазір білім беріп жатқан кезінде, үйрену керек.
Мектебімнің әр қабырғасы мен үшін қымбат. Біз сыныптастарымызбен мектебімізді, сыныбымызды барынша таза және тиянақты ұстауға тырысамыз. Он бір жыл бойы білім алатын оқу ордамыз барлық оқушылардың өз үйіндей қымбат деп ойлаймын.
Дәл осы мектептен үлкен өмірге деген баспалдақ басталады. Тардай болып кіріп, таудай болып шығамыз. Есейіп еңсемізді көтеріп, сарқылмас білім мен өнегелі адамдардың тәлім-тәрбиесіне қанып, үлкен өмір мектебіне аттанамыз. Мектепті тәмәмдап, жоғарғы оқу орнына түсіп, ата-ана, туыс, ұстаздарымыздың үміттерін ақтауға тиістіміз.
Мектебім - менің мәңгілік алтын қазынам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter