Шығармалар ✍️
Көктем
Қыстың ызғарлы күндері аяқталып, көктемнің жайма шуық сәулесі келді. Қар еріп, жерге көк шөптер шығуда. Табиғат қыс бойынғы ұйқыдан оянып, қайта жандануда. Көктем – төрт мезгілдің ең ерекшесі. Көктемде 3 ай бар: наурыз, сәуір және мамыр. Бұл мезгілде табиғат жанданып, өзгереді. Ағаштар бүр жарып, гүлдеп айнала әсем көрініске боялады. Бәйшешек, қызғалдақ сынды гүлдердің хош исі айналаға таралып, жанды жадыратады.
Көктемнің ауа-райы құбылмалы. Таңертең күн жарқырап тұрса, кешке аспанда қара бұлт үйіріліп, нөсер жауын жауады. Осы жауыннан соң жер бетіне саңырауқұлақтар шығады. Жаңбыр суымен жер беті көгеріп, өсімдіктер, гүлдер өседі. Көктемде барлық тірі жандылар қыбырлап, еңбек ете бастайды. Құстар былтырғы ұяларын жөндеп, құрт-құмырсқалар ұяларын бұзып, жер бетіне шығады. Диханшылар жер жыртып, жерге дән тастап, егін егеді. Оны суғарып, арам шөптерден тазалап, өнім алуға дайындайды. Бақшаларға әртүрлі жеміс-жидектердің ағаштарын, хош иісті гүлдер егеді. Бұрынғы ағаштардың түбіне ақ әк жағады. Су ағатын арықтарды тазалап, су ағызады. Біз мектеп ауласындағы қоқыстарды жинап, өртеп, жаман шөптерді шауып, гүлдер ектік. Еңбек етіп, ойын ойнап әрі мектептің тазалығына ат салыстық.
Көктемнің алғашқы айында 8-наурыз Халықаралық қыз-келіншектер мерекесіне орай аналарымыз мен ұстаздарымызды құттықтап, оларға арнап тәрбие сағатын жасаймыз. Өлең оқып, ән айтып, би билеп барлық өнерімізді көрсетеміз. Кейін, 22-наурыз Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз мерекесін тойлаймыз. Бұл күнді әркім әрқалай атап өтеді. Наурыз көже, ұлттық тағамдар пісіріледі. Түрлі ойын-сауықтар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойнатылады. Мерекені мектеп ауласында киіз үй тігіп, ұлттық ойындардан оқушылар арасында жарыстар өткізумен тойлап өткіземіз. Көктемнің соңында мектеп аяқтап, бір сыныпқа жоғары көшеміз. Есейіп жас қосамыз. Ата-анамызға еңбек етіп көмектесіп, қолғанат болдық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter