Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
16.01.2022
136
Мiнезiң бар түсiнбес сенiң қиын
Ғашықтың тiлi - тiлсiз тiл,
Көзбен көр де, iшпен бiл.
Абай
Мiнезiң бар түсiнбес сенiң қиын,
Түседi де жүредi көңiл-күйiң.
Тiл қатуға өзiңе жүрексiнем,
Иiрер деп ұршықтай қоңыр құйын.
Тiлдесерге сөйлемнiң жетi үлгiсiн,
Дайындадым сөз саптап, не түрлiсiн,
Тағы тұрмын алдыңда тiл байланып,
Сөйлей қалсам жай атар секiлдiсiң.
Ғашық жүрек бәрiне көнерi шын,
Үнсiз аңсап жанына керегiсiн.
Басқа түсiп, түсiндiм, ұлы Абайдың:
"Ғашық тiлi - тiлсiз тiл" дегенiсiн.
Үнсiз сүю басыма түскенге ме,
Айналдым тез жапалақ құс - пендеге.
Менiң осы жайымды тiлсiз ұғып,
Көзбен көрiп, бiлмейсiң iшпен неге?
Мiнезiм бар менiң де ел түсiнбес,-
Күйсiз жүрсем құйынды жел пiшiндес.
Алдыңа ертең барайын сөзiмдi айтып,
Көңiлiмдi өтiнем, тек, түсiрмеш.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter