Өлеңдер ✍️
Асық жайлы
Ауыл жақты отырмын, досым, ойлап,
Тартып кетер едім-ай осы бойда-ақ.
Жиып қойып қаланың шаруасын,
Балалармен жүретін асық ойнап.
Ертіп алып бір-екі жолдасымды,
Топыраққа малып-ап қол-басымды,
Ауыл жаққа кетер ме-ем сақамды алып,
Құйып алып ішіне қорғасынды.
Қалада үнем жатады соттасып ел,
Жүргендеймін адасып жақта осы мен.
Атам да жоқ ауылда мені күткен,
Асық аршып отырар шаппасымен.
Асық атқан алаңсыз бал шағым-ай,
Уақытты артқа біреу кеп, қалса бұрай.
Асық көрсем, бұл кеуде, неге екенін,
Ауылға ауып тұрады аңсары ұдай.
Бұл қаланың ақшалы көп қулары,
Талай қудан жеңіліп, кеттім ары.
Надан көрсем алыстан адамға үрген,
Сақа болып атылғым кеп тұрады.
Адал болып қалу да қиын міндет,
«Арам» көріп нешеме күйіндім көп,
Қорғансыз боп қорланған кей асыққа,
Қорғасын боп салмақты құйылғым кеп...
Таға берсем қалаға мін көп өте,
Жақсылары жоқ емес құрмет етер.
Құлжа болар, ауылда емеспіз ғой,
Сақа болу қалада міндет екен.
Болмасты айтып таппаспын ашына түк,
Көп сөйлеуді тұрғам жоқ осы ұнатып.
Өмір атты ойынды қоя тұрып,
Ойнайық кел, кішкене асық атып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter