Өлеңдер ✍️

  14.01.2022
  219


АЙНҰР ПОЛАТОВА

Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым!

Аппақ түске ораныпты қара бақ,
Жапалақтап тұрғаннан соң ақша қар.
Ақтөбенің саябағын аралап,
Немересін қыдыртып жүр ақсақал.
Бәрі қызық бес жастағы өренге,
Әр нәрсеге келе жатыр таң қалып.
Қарт кенеттен еңкейеді төменге,
Жерде жатқан бір теңгені аңғарып.
«Ата, ол не?» – деді бала қол созып,
«Бір теңге ғой, түсіп қалған шығар да.
«Бірақ қазір қалған жоқ па, ол тозып?
Сағыз тіпті келмейді ғой сұрарға».
«Арманжан-ау, енді мені ал тыңда!
Бұл ақшаға бере алмаспын тәтті алып.
Бірақ осы бір теңгенің артында
Елтаңбамыз жатпау керек тапталып!
Қымбат емес құны бізге тиынның,
Қымбат емес бізге қалай келгені,
Тәуелсіздік жолындағы қиын мұң –
Талай жанның Отан үшін өлгені...»
«Айтыңызшы, сонда не, ол Елтаңба?» –
Деп жас бала атасына қарады,
«Жақсы сұрақ, бұл бетіңнен сен танба,
Ақ немерем осы жолы жарады!
Елтаңбамыз – үш рәміздің біреуі,
Қалғандары – көк байрақ пен әнұран.
Олар барда еліміздің күйреуі
Мүмкін емес, біліп жүрші, бақ ұлан!» –
Деп үйретіп жүргенінде ұлын шақ,
Көкшіл туға көзі бірден түседі.
 «Жақсы болды-ау, қуана бер, құлынщақ!
Атаң қандай аңғарымпаз кісі еді!
Әне, Арман, анау туды көрдің бе?»,
«Иә, ата, аспан түстес төртбұрыш».
«Балам, қыран – иесі ылғи төрдің де,
Күн нұрында жатыр елдік көп ырыс.
Ашық көк түс – еркіндіктің белгісі,
Ал өрнектер – қазағымның нақышы.
Ұлтын дәйім сүю керек ер кісі,
Керек емес бізге Қытай, АҚШ-ы.
Әнұранға келер болсақ, ол өзің,
Күнде ішіп тоймай жүрген сумен тең.
Ұмытпауың керек оның әр сөзін,
Ал ұмытсаң, өзің ішкен умен тең.
Үш жақұтты білмей қалсаң кенеттен,
Опасызсың, жатсаң-дағы ақталып.
Бабаңның ел деп көз жұмғаны бейнеттен,
Жүрегіңде тұрсын мәңгі сақталып!
Бұл рәміздер – Қазақстанның тірегі,
Есте сақта, жадыңа қой желімдеп.
Сендей барлық жас өркеннің жүрегі,
Соғу керек туған елім, жерім деп!
Қарыздармыз туған жерге мәңгіге,
Тәуелсіз боп атқан ақ таң үшін».
«Ұқтым, ата, шырқап жүрем әнді де,
Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым!».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу