Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.01.2022
113
Жастығымды өткіземін жалындап…
Тауда тудым. Қойшы үйінде қой баққан,
Қозы-лақпен өстім бірге ойнақтап.
- Қаспақ жейім, деп, әуреледім анамды,
Желінбеген ыдыс-ыдыс қаймақ қап.
Өткенін де білмеуші едім күн қалай.
Жеткенін де білмеуші едім түн қалай.
Көкірегі кітап сынды әжемнен,
Ұйқтамадым бір ертегі тыңдамай.
Ал ертесі құрбыны ертіп бірге өскен,
Күні бойы жинайтынбыз гүл десте.
Қайтатынбыз ойымызда түк те жоқ,
Бұзау еміп қойғанын да білместен.
Налығанда кейде өмір бекер деп,
Балалық-ай, елестейсің шекер боп.
Әлден өңі жүдеу тартқан жүрегім,
Енді қанша аңсарымды көтермек?
Болмаса да айтарлықтай еш себеп,
Ере берем өмір атты көшке кеп...
Жастығымды өткіземін жалындап,
Талай арман адастырып кетсе де...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter