Әңгімелер ✍️
Білекті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді
Қазақ халқының: «Білекті бірді жеңеді, білімді мыңды жеңеді», – деген нақыл сөзі бар. Уағызымызды білім туралы айтылатын көненің бір ғибратты әңгімесімен бастайын. Сонау VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліні (Әли ибн Әби Талиб) ел ішінде «ілімнің қақпасы» деп атайды екен. Осы атақтың рас - өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана сұрақ: "Білім артық па, байлық артық па?» деп сұрайтын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі әр адам қойған бір сұраққа түрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:
1. Білім артық, өйткені, ол-пайғамбарлардан қалған мирас, байлық-бақылдардан қалған мұра.
2. Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.
5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық деген екен. (Мырзагелді Кемел «Абзалдық әліппесі»)
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter