Өлеңдер ✍️
БАБАЛАРҒА
Бабалардан қалған бәрі –
Ауа, жер, су, тірлігім,
Сыйлады олар сезім отын,
Жан жүрек пен Күн нұрын.
Тарту еткен жарық дүние,
Он сегіз мың ғаламды,
Маған бейне солар Жердің ұстап тұрған кіндігін...
Бабалардан қалған бәрі –
Әдет-ғұрпың, салтың да,
Айырбасқа жүрмейтұғын ешбір асыл,
Алтынға.
Кісілікті, киелі мен әулиені пір тұтқан,
Қайталанбас қасиеті қалып қойған халқымда...
Бабалардан қалған бәрі –
Ән менен күй,
Жыр, терме,
Кішісіне – ілтипаты,
Сый-құрметі -үлкенге.
Ықыласты меймандостық,
Инабатты, ибалы
Қасиеттер қалды олардан,
Арман болған сырт елге...
Бабалардан қалған бәрі –
Тілім,
Дінім,
Қонысым,
Көркейткен де солар ту ғып туыстықтың өрісін.
Бұл дүниенің сан қызығын тарту еткен өлшеусіз,
Алдарыңда борыштымыз деп ұғамыз сол үшін.
Бабалардан қалған бәрі –
Соларменен бір қаным,
Соның күйі - тартатыным,
Соның әні – шырқарым.
Есімдерің есімізде мәңгілікке жатталар,
О, бабалар,
Аруақтарың жебеп жүрсін ұрпағын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter