Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  113


Автор: Арман Әділбек

Сарай төріндегі жетімек

Инеліктің қанатынан аспанға көз жіберіп,
Жанарыңның жәннаттан ары бір мекендерге
Емін-еркін ұшып кеткені,
Қамыс шашағына себілген жылымық таңғы бу,
Көктемнің
төсектен еміс-еміс қалқыған
Ләззәтті дем әуезі болып естілгені.

Немесе,
Бас сүйекке өнген роза гүлінің
Көбелек түйсігіне ұйыған
шұғынық дәмі,
Лүп-лүп еткен сұлу тамырларының
Алақан сағымында әлдиленуі.

Немесе,
Тұманға тұншыққан аңыздай ұңгірде
Сығымдалған ырғақтардың,
Сүйек күлі іреңдес
бүгінгі көлеңкемді толқытқаны.

Немесе,
Тұнжырап жатқан әулие тастардың
кірпігі қағылғанынша
Нешелеген әулеттер жаңаратыны,
Аспан теңізінің толқынын түмендеген ғасырлардың
тозаңы бүркеп тұрғаны.

Немесе,
Шылымымның бұйратыла ұшқан түтіні
Қайсы бір бағытты бетке алып
Көрінбей кеткені.
Адасып кеткен ұлының Суретін
жоғалытқан әкедей-
бір нәрсе
Есіме түспей- ақ қойғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу