Өлеңдер ✍️

  04.01.2022
  158


Автор: Айнұр Төлеу

Астана

Самұрықтың қанатынан сау етіп,
Қиял тамды санама!
Хан тоқтаған Қараөткелге тәу етіп,
Тізе бүкпей, бола ма?
Сауын айтып Сарыарқаның самалы,
Керуен-керуен дәуір көшіп барады,
Көңіл көшіп,
өмір көшіп барады,
Ай маңдайлы, ару жүзді Астана
Кеңістікке кербездене қарады!
Мың сабаздың түсі шығар Астана!
Шайқастан соң мүлгіген.
Ұйық табу арман шығар басқаға,
Сен мен үшін Жердің Ұлы кіндігі ең!
Астананың аспанының астында
Бейбітшілік аппақ сүттей ұйыпты.
Жұмыр жердің,
мына жұмыр бастың да,
Бар арманы жұмыртқаға сыйыпты!
Еркін түсіп
ерке Есілге таң нұры,
Тереңдесін Бәйтеректің тамыры!
Осы жерде көздің жасы сүртіліп,
Осы жерде шешіледі
Өр Алаштың тағдыры!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу