03.01.2022
  309


Автор: Құрманбай Толыбаев

АДАМДАРДЫҢ МҰҢЫ БІР

Адам  тағдырының  әп-сәтте  ойпыл-тойпыл  өзгеріске,  шы- тырман шиырға ұрынуы оп-оңай екен. Жарқырап тұрған күннің көзін сүрғылт бұлт жауып, дүниені қара дауыл жайпап өте


шыққаны сықылды өмірдің ағысы да тосқауылға ұшырайтынын аңғармапты. Шалқыған көңіл мұздай қатып, жалыны лаулаған жү- ректің оты су сепкендей бәсеңдейді. Тығырыққа тұйықталғандай тұқырады. Бір адам жасаған зорлыққа қарсы қолданар шарасы жоқ екінші адамның мүсәпірлігі – өмірдің теңсіздігі. Бұл да тағылық пиғылдың тәсілі емес пе? Қасқыр қойға шабады, онысы – шамасы еркін жететіндіктен. Жылан бақаны жүтады, өйтетіні – бақаның қарсыласуға қауқары жоқ. Сол сияқты билігі бар, әмірі жүріп тұрған адам әлсізді тонайды. Өйткені қолында күші бар. Әлсіздер – айуандық пиғылдың құрбаны.


Дәл осындай бейшаралық халді басымнан кешірем-ау дегенді ойлап көрмеген Әсет айдалада аяқ астынан тап болған озбырлық- тың салдарынан тағдыр тауқыметіне амалсыз көндікті. Асауды тұқыртқан ноқта емес пе?.. Ат-тонынан айырылды. Өктемдіктің, зорлықтын, тауқыметін тартып, абақтыға қамалды. Ақыры, азып- тозып жүргенде, Құдай иіп, тажал тылсымының шеңгелінен босан- ды. Бұған да адамның себі тиді. Адам тағдыры жіпселесе түйіліп, шатысып жатқан жұмбақ, ұшығы табылмай сергелдеңге салатын қытымыр. Сол шырмаудан құтылды-ау ақыр. Ә дегенде, қайда барарын, не істеудің жөнін білмей, дағдарып қалған. Бар ойлағаны: айналасы биік дуалмен қоршалған, мылқаудай мелшиіп, түнектей тымырайған үлкен қара қақпаның маңынан тезірек алыстап кету болды. Беті ауған жаққа жүре берді. Сыртқы дүниеден мүлде оқшау тұрған осы бір балшық қорғанды ел «Жамбыл» дейді екен. Бәрі де бұл тұсқа үрке қарасады. Қара қақпадан шыққан адамды көрсе мүсіркеп, аяйды. Іштей тілектес боп қуанышына ортақтасады. Әсетке де есіркей қарағандар бар еді. Бірақ оны елемеді.


Сәске түс. Ағаштың қураған жапырақтары саудырай төгіліп,


шөп сарғыш тартқан. Тамыздың соңғы күндері. Түстікке таман еңістеп, қиғаштай ауытқыған күннің ыстық табы әлі де мол. Әсет ешқайда бұрылмастан сол бетімен терістікке қарай созылған ұзын көшенің басына жетті. Көлденеңдей қазылған үлкен арықта тұнық су ағып жатыр. Жолдан бұрылды да, арықтың бойындағы қаз-қатар тізбектелген ағаштарға барды. Жуан, көлеңкесі қалың сөгеттің түбіне тоқтады. Қабығы жоңқаланған жұмыр діңіне арқасын сүйеп


 


отыра кетті. Кеудесін кере күрсінді де, ышқына дем тартты. Соған- ақ тынысы кеңіп сарайы ашылып сала берді. Мұңға араласқан қуаныш сезімі бойын сергітті.


Басынан кешкен тосын оқиғаға әлі қайран: Ой, тоба-ай, бұ не қылған сұмдық?.. Адамның ғарып болуы оп-оңай екен-ау. «Жау жоқ деме жар астында» деген даналық ескертпе осы шығар. Бұл елді билеп отырғандардың өздері қаныпезер қарақшылардан аумайды ғой. Байқұс ел қалай сорламасын? Әй жоқ, шәй жоқ, тапа-тал түсте астымдағы атымды тартып алды. Бұлардың қолын қағатын ешкім жоқ-ау, шамасы. Тіпті, онымен қоймай, өзімді жазықсыздан жазықсыз абақтыға жапқаны несі?.. Тежеусіз зорлықты көріп жүрген елдің үрейі ұшатыны осындайдан екен ғой... Кәдімгі адамша сөйлесіп, жай-жапсарын анықтайыншы деп жөн сұраған да кісі жоқ. Кім біледі, әлгі тілмаш жігіт кездеспегенде, бәлкім, қамауда айлап-жылдап қала берерім де күмәнсіз еді-ау...


Айдап барған бетте тастай қараңғы үйге қамалған Әсетке көңіл бөлген жан болмады. Әйтеуір, аштан өлмесін дегендей, ертелі-кеш бір аяқ қара су мен бір үзім қатқан нан береді. Бір аптадан кейін ғана сыртқа шығара бастады. Онда да ауланың ішіне су септіріп, қоқыр-қоқсықты сыпыртады.


Бұл күні де сол жұмысын өтеп жүрген. Екінді кезі. Аула іші қапырық. Далада басқа адам жоқ-тын. Қараңғы үйге кірмеу үшін жұмысты әдейі соза түседі. Ұзын бойлы, басына гүлді қызыл мақпал тақия киген, шалбарының балағын қоншына салған қара былғары етігі құндыздың түгіндей жылтылдаған, қою қара қасты, ат жақты жігіт сыртқы қақпадан кірді де, бөгеліп қадала қарады. Сыртынан жүрген қарауылшының қасына барып, бірдеңе сөйлесті де, сол жақ бұрыштағы тапал үйге кіріп кетті. Ылғи да томсарып жүретін қарауылшы сүйретіле басып, Әсеттің қасына келді де, сені шақырады, бар дегендей, әлгі үйді иегімен нұсқады.


Әсет жылт етіп тұтанған үмітпен жебей адымдады да, қиғаш саңлау қалдырылған есікті ашты. Іші тас қараңғы екен, аюдын апаны сықылды үңгір. Тақтайдан жасалған тор көзді терезеден мандымды жарық та түсіп тұрған жоқ. Қара көлеңкеге көзі әбден үйренгенше босағада кідірді. Төр жақтан:



  • Бері жақындаңыз... – деген салқын да, жылы да емес, қа- рапайым қазақи қоңыр дауыс естілді. Әсеттің жүрегі жылынды. Бөлмедегі мүліктердің түстері түгел қап-қара. Төр жақтағы сопақтау қара үстелдің арғы қабатында жаңағы жігіт отыр. Сүрініп жығылмау үшін кібіртіктей аттап, үстелге тақады. Жігіт сыпайы үнмен орындықты нұсқады. – Отырыңыз...

 


Әсет үстелдін алдына қойылған ұзын тақтай отырғышқа име- не тізе бүкті. Артық жасалған қимылы пәлеге ұрындыратындай сезілетін сықылды. Аздан кейін өзінің жайғасып болғанын білдіргісі келгендей:



  • Үһе, үһе!.. – деп, өңешін соза бір-екі дүркін құрғақ жөтелді. Жігіттің өңінен өзгеше құбылыс байқалмайды. Дағдылы тымпиыс. Даусы ғана анық естіледі. Салмақты, ызғарсыз.
  • Қайдан жүрген адамсыз, аты-жөніңіз кім? – деп тергей бас- тады.
  • Атым – Әсет, Найманбайдың баласымын. Жолаушы едім... Мұны естігенде жігіт басын қалт көтеріп, жалт қарады да,

қадала көз жүгіртті. Сәл қыбырсыз отырып барып, дауыс ырғағын өзгертпестен қайыра сұрады:



  • Жолаушы болсаңыз, мұнда неге қамалдыңыз?
  • Соған өзім де таңмын, шырағым...
  • Жол-жөнекей иен далада жатқан малды айдап кетуге әрекет жасаған жоқсыз ба?..
  • Өмірімде біреудің ала жібін аттаған кісі емеспін.
  • Айыпталушылардың бәрі ақталу үшін қилы-қилы айла жасап, ант-су ішіп жалтарады.
  • Ондай адамың мен емеспін! – деді Әсет жалтармай. Жігіттің талап етуі бойынша басынан өткен оқиғаны бастан-аяқ баяндап берді. Әлгі жігіт орнынан түрегелді де, аядай тар бөлмені шарлап, әрлі-берлі ұзақ сенделді. Бір кезде орнына қайта барды.
  • Атыңызды да, ақын екеніңізді де естігем, – деді мұңая қа- мығып. – Менің атым – Қайдар. Қытайша оқып ем. Осында дүңшімін. Тіл білмейтін айыпкерлердің айтқанын тергеушіге, тергеушінің сұрағанын айыпкерге аударып беремін.
  • Е-е, тілмаш екенсің ғой, – деді Әсет өзімсіне жайылып. Жігіт үндеген жоқ. Әлденедей күйінішке ұрынған секілді. Қабағы қатып, өңі сұрланды... Қазақтардың тартқан азабы, көрген қорлығы жа- нына батып жүргенін айта алмады. Әсеттің де халіне күйінген, дер кезінде мұнда болмағанына өкінген.

Қазақшылығы қойсын ба, Қайдар жайлауға кетіп, содан салқын түсе оралған. Енді өзінің жайын айтты. Әсетті де тыңдап, көп сөйлесті. Ақырында:



  • Атыңызды қайтартып бере алмаймын, – деп, шынын айтып, шама-шарқын танытты. – Ал абақтыдан босануыңызға шара іздейін...

 



  • Бастан құлақ – садаға, шырағым, – деді қуана қалбалақтаған Әсет, – Өмірімде мұндай күйге түсіп көрмеп ем, тірі пендемін ғой, тіршілік қамын жасармын. Құтқаршы, айналайын, мына көрден?..

Содан қайта көрінбей кеткен Қайдар екі күннен кейін бір жапырақ ала қағазды әкеліп, Әсеттің қолына ұстатты.



  • Міне, дутыңның қағазы, босандыңыз... – деді Қайдар сел- қостау жабығыңқы түрмен. Қуанышын да, мұңын да сездіре алмай қиналды. – Босағасын аңдып жүріп зорға алдым. Қолдан келгені осы болды, ағасы...

Қолы қалтырай қағазды ұстаған Әсеттің даусы да дірілдеді. Көзі жаудырап, өңіне қан жүгіріп, сәл әрленді.



  • Рақмет, шырағым, көп жаса!..
  • Өзімді де сіздің алдыңызда айыпты адамдай көріп тұрмын, – деп мұңайды Қайдар.
  • Сенің қатысың қанша бұған?
  • Қолымнан түк келмейтін қуыс қурай сияқтымын...
  • Басқаларға да осылай себіңді тигізсең, ол да жақсылығың.
  • Ол да оңай емес... – деді Қайдар қиналып. – Қош болыңыз...

Тезірек шығып кетіңіз...


Содан кейін ер-тоқымын асығыс жинап, арқалаған күйі сыртқа шыққан Әсеттің мына үлкен арықтың бойындағы жуан сөгеттің көлеңкесіне келіп демалған беті еді.


Дүниені белінен басып, шайқап жүрген Әсет мына қалпымен әлдекімге көз сүзіп, мүсәпірдей сүмірейгісі келмеді. Енді жаяу ақын атанбайын. Біреудің мүсіркегені төрт мүшесі түгел адамға жақсы сый бола қоймас. Ер-тоқымымды арқалап, арып-ашып Қоңырдың ауылына қайта барсам, оның жаулары басына көтерген адамының сиқын қара деп, масқаралай күлмей ме?.. Адамның қор болмағы осындайдан. Жаның езіліп, сағың сынады. Өсекшілердің отына өзім май құймаймын ба?.. Көштен қалсам да, аштан өлмеспін. Не де болса өз бетіммен әрекет жасайын. Бір амалын табудың жолын іздейін. Ойын осылай түйіп, осыған бел байлаған Әсет орнынан ырғала түрегелді де, әрі жүріп кетті... Жамбыл қорғанынан екі шақырымдай шалғайдан өтетін үлкен қара жолға жетті. Жаяу жүріске шорқақ адымы онша өніңкіремейді, аяғын балпаңдай басады. Арт жағынан қос ат жеккен бір арбалы жетіп еді, көзін сүзе қарады. Арбалы озыңқырап барып тоқтады.



  • Қайда барасыз, отағасы? – деп сұрады артына бұрылып, сұрғылт бөз жейделі, мыжырайған киіз қалпақты бозбала.
  • Өзің қайда барасың?

 



  • Дөрбілжін жаққа... – деді бозбала ілгері қол сілтеп. Жаяуды тосып тұр. Өзінің жайын да ашып айтып жатыр, сөзуар екен. – Бергі жақтағы елден жиналған астық салығын анау Маңпаңға апарып құйып келемін...
  • Мені де ала кет ендеше.
  • Е, отырыңыз, әлі талай жер бар. Мына жүрісіңізбен бір аптада да жете алмассыз... Атыңыздан айырылып қалғансыз-ау,ә?..
  • Иә, шырағым, бұл өңірде тонаушылар көп екен...
  • Соны жаңа біліп жүрсіз бе? – деп ақсия күлді бозбала сөз нобайына түсіне қойып. Әлдекімді мысқылдағандай ернін шүйіре жымқырды. Қысықша қара көзі алысқа қадалады. Жұқа қабағы жиырылды.
  • Адамның көргенінен көрмегені көп болады, шырағым... Жолдың да қисыны келе кетті-ау, Құдай оңдап. Әйтпесе, далада қалатын шығармын деп ойлап ем.
  • Иә, аға, бағыңыз бар екен...
  • Бағымның сиқы осы ма? – деп, Әсет мұңая езу тартты.

Балпаңдай басып келген бойы арбаға мінді.


Ауыздықпен алысқан жарау қос қарагер жүксіз арбаны даңғырлата әңгелек аттырып барады. Арбаның салдыр-гүлдірі кедергі болды ма, бірсыпыраға дейін үнсіз отырысты. Бұл томсары- сты ыңғайсыз сезінген Әсет жасы үлкендік жосығымен бозбаланың жөнін сұрады. – Әке-шешең бар ма, шырағым?



  • Әкем Қойбағар деген кісі. Атын тауып қойған секілді, – деп, қоңыр көзінде күлкі ойнаған бозбала әзілге басты.
  • Самарбайдың қойын бағады.
  • Жан бағу – парыз, шырағым, атына байланысты емес...
  • Әй, кім біледі, менің атымды Елебек қойған екен. Көрмейсіз бе, міне, жердің бетін шарлап, елпендеп жүрмін. Алым-салық жинаушының қос қарагерін айдап, тыным таппаймын.
  • Бұған жасыма, Елебек, – деді Әсет бозбаланы қайрағандай сыңаймен. – Еңбек ет – мал тап. Сонда өз тізгініңді өзің ұстай аласың...
  • Ой, аға-ай, қашан сол мал табылғанша етіміз сылынып, қу сүйегіміз ғана қалатын түрі бар, – деді әзілқой, ақ жарқын жас жігіт ойнаса да ойындағысын бүкпей.
  • Еңбегің жансын, шырағым, сабыр ет...
  • Сіз де мал табамын деп жүріп, батпаққа батқан сықылдысыз, абақтыдан шыққансыз-ау, ә?..
  • Оны қайдан білдің? – деді Әсет аңғарымпаз бозбалаға барлай қарап. Үлкен кісінің таңданысын байқаған Елебек жөніне көшті.

 



  • Екі-үш жылдан бері осы арбаны салмай айдап жүрмін. Қожайын елден астық, мал салығын жинайды. Соның астығын ап- тасына екі-үш дүркін Маңпаңға, өкімет қамбасы тұрған қалашыққа тасимын. Сонда анау «Жамбылдың» тұсынан әрі – бері өткен сайын абақтыдан босанған қазақтар кездеседі. Бір пәлеге ұрынбаса қазақ баласы жаяу жүруші ме еді?..
  • Байқампаз екенсің, Елебек, – деді Әсет сүйсіне еркелетіп. – Зорлыққа ұрынып, жазықсыз қамалғаным рас.
  • Айттым ғой, босанғаныңыздың өзі олжа, шүкір етіңіз.

Ныспыңыз кім аға?



  • Менің атым – Әсет, жолаушы едім...
  • Әсаға, аман-есен босанып шыққаныңызды олжа көріңіз.
  • Кінәм жоқ болған соң, босатпай қайтсін?
  • Ой, қызық екенсіз, Әсаға. Қара қақпаның арғы жағына бас сұққан соң, кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін ешкім айырып жатпайтын көрінеді... Біздің бір жақын ағайынымыз былтыр бажы жинаған кезде жаңылыстан бір сиырын жаздырмапты. Кейінгі санақта сонысы білініп қалды да, абақтыға жабылды. Міне, жылдан асып барады, әлі босатар емес... Әрі-бері өткен сайын сол кісі емес пе екен деп, көрінген кісіге тоқтамай кетпеймін.
  • Солай да шығар... Құдай оңдап, маған бір тілмаш жігіт бо- лысты.
  • Қайдар ма?..
  • Иә, сол. Танушы ма ең?
  • Бір-екі көргенім бар. Жақсы кісі дейді. Қолынан келгенше ара түсетін көрінеді. Бірақ қамаудағы көп қазақтың қайбіріне болыса береді. Жазаға тартылғандарда есеп жоқ... Қымс етсе, қамап та- стайды. Ақша бермесе босатпайды екен. Сізден пәлендей бір ілік табылмаған ғой...
  • Астымдағы атымды әкімдердің өздері тартып алды. Өзімді абақтыға жапты. Одан басқа қандай ілік іздейді.
  • Атыңыз аса жақсы ат екен, ә?.. – деп тамсана басын шайқады Елебек өкінгендей.
  • Иә, жақсы-ақ ат болатын...
  • Әкімдердің көзі түспесін деңіз... Қызыға қалды ма, сылтауы да табыла кетеді. Барлық асылыңыздан айырыласыз...
  • Оны сен қайдан білесің?..
  • Күнде көріп жүрмін ғой. Соның бірі – менің қожайыным. Анау Маңпаң мен Жамбылда таныс-білісі көп. Соларға арқа сүйейді. Олар мұның қолын қақпайды. Өйткені бұл арқылы ауыз-

 


дарынан май үзілмейді. Осы елді сүлікше сорып жүр. Бірдеңеге қызықса, алмай қоймайды. Абақтыда жатқан жаңағы мен айтқан кісінің есік пен төрдей көк жорғасына көзі түсті. Жақауратып сұрап көріп еді, аттың иесі көне қоймады. Ақыры әлігі сиырдың бажысы төленбегенін сылтауратып, Жамбылға айдатты да жіберді. Айыбының өтеуі деп көк жорғаны қоса алды. Қазір Маңпаңдағы бір ноян мініп жүр. Енді онымен иесі қалай дауласпақ. Шамасы жете ме? «Бәледен машайық қашыпты» дегендей, ордан құ- тылғанына қуанбай ма? Әбден сансырап, сағы сынған соң барып шығаратын көрінеді...



  • Мұндай да зұлымдықтар болады екен-ау?.. – деп күйінді Әсет.
  • Иттің күні ғой көріп жүргеніміз...

Елебек те, Әсет те соған мойын сұнғандай жабырқасты. Айна- лаға үнсіз қарап, ойға шомысты. Боз дала сазарып, мұнартады. Алыстан сойдақ-сойдақ ағаштардың қарасы мен үйлердің төбесі қылтиды. Күн батып, іңір қараңғылығы үйіріліп келеді.


Қара жолдан будақ-будақ шаң көтеріледі. Қалашықтың үйлері андыз-андыз, сирек екен. Дуалдары қиқы-жиқы. Кеңдеу бір көшенің мүйісіне жеткенде Елебек арбаны тоқтатты.



  • Ал, Әсаға, сізді қайда апарып салайын?
  • Таныс-білісім де жоқ еді, кім біледі?
  • Ертіп алып баратын өзімнің үйім жоқ. Қожайыным бөтен кісіні қақпадан қаратпайды.
  • Ой, айналайын, рақмет! Маған бүгінше түнеп шығатын бір жерді нұсқап жібер.
  • Мұнда қазақтың үйі жоқ. Анау бұрышта наубайхана бар. Наубайдың үйі де, дүкені де сол. Салт басты, сабау қамшылы жалғыз. Өзі ақ көңіл, кең пейіл кісі. Соған барсаңыз, далаға та- стамас...
  • Ал, ендеше, аман бол! – деді Әсет арбадан созыла түсіп. Елебек қош айтысты да, сол қол жақтағы кеңдеу көшеге бұрылды. Даңғырлай зымыраған арбаның артында бұрқыраған шуда-шуда шаң қалды. Ашқылтым иіс қолқаны қабады.

Әсет ер-тоқымын арқасына салды да, ілгері адымдады. Қараңғы көшеден тірі жан көрінбейді. Қаңырап түр. Түтін мен борсыған судың иісі мүңкіген тапал үйлерді түн қараңғылығы тұмшалаған. Жылт еткен жарық жоқ. Қалалы жерде танымайтын кісіге үрке қарасады, Түн ішінде қайыршы құсап кімнің есігін қақпақ. Құбыжық келетіндей барлық үй есік-терезелерін тарс бекітіп алған. Тіпті үрген иттің де даусы естілмейді.


 


Қаңырығы қаңсап, шөлден қаталаған Әсет кеберсіген ерінін тілінің ұшымен жалады. Топырағы борпылдап, шаңы бұрқыраған көшемен үмітсіз жылжып келеді. Көше жиегіндегі ағаштар да сыбдырсыз, мүлги сілейген. Желсіз түн қыбырсыз.


Көше мүйісіндегі есігі арса-арса, іші қара көлеңке жатаған үйден болар-болмас жылтылдап, сөніп-жанған оттың әлсіз жарығы көрінді. Әсет тақап келіп, ашық есіктен қарады. Бет-аузын кір- қожалақ орамалмен орап алып, тізерлей шоқиып отырған кісі оң жағындағы жалпақ тақтайдың үстіне әзірлеп қойған дөңгелек тоқаштарды тандырға жыпылдата тез-тез жапсырып жатыр. Оның жұмысын аяқтауын тосып, босағадан аттамай тұрып қалды. На- убай тоқаштарды ыстық тандырға жапсырып біткеннен кейін тандырдың аузын киіз қапталған дөңгелек себетпен жапты да, бет- аузын ораған орамалды шешті. Әсет жөткірініп, дыбыс шығарып еді, есік жаққа мойын бұрды.



  • Бұл қайсың-ей?.. – деп дауыстады жайбарақат. Табалдырық- тан кішкене аттаған Әсет:
  • Ассалаумәлейкүм, кіруге бола ма? – деп, рұқсат сұрады.
  • Уағалайкүмсалам, кір, кір... не шаруамен жүрсің? – деп, қазақи кейіптегі кісіні көрген наубай таңдана көз жүгіртті. Түн іші тұрмақ, шаңқай түсте қазақтар нан сатып алуға келмеуші еді
  • Қандай шаруа болсын... – деді Әсет асықпай, қажыған үнмен. Үй иесі сөзіне ден қойған соң өзінің өтінішін айтты. – Қырдан келіп ем, сізге бір өтінішім боп тұрғаны.

Наубай босағада состиып тұрған кісіге денесімен аударыла бұ- рылды. Орта бойлы қара торы кісінің тұлғасын бастан-аяқ шолып өтті. Шолақ пешпетін желбегей жамылған, бауырсақ мұрнының үсті тершіген дөңгелек жүзді кісінің жолаушы екеніне көзі жетті де, байсалды түрмен жылы шырай танытты.



  • Отырыңыз... Демалып, аз ғана тоса тұрыңыз. Мен мына тандырдағы нанды шығарып алайын...

Наубай көтерме сәкіше биіктеп орнатқан тандырдың дөңгелек аузын ашып, ішіне үңілді де, білегін шынтағына дейін жауып тұ- ратын жеңлігін киді. Піскен тоқаштарды бір-бірлеп ала бастады. Әсет үнсіз барып ыс басқан тап-тар дүкеннің дәл ортасындағы тандырдың іргесіне тақай салынған балшық текшеге тізе бүкті. Жүгін босағаның ішкі жағындағы тоқымдай бос жерге тастай сал- ды. Төбеге іліп қойған аспалы шырағданның ернеуіндегі жуантық білтесінің лапылдаған жалыны үй ішіне күңгірттеу сәуле шаша- ды. Әлден уақытта наубай қызара бөрткен дөңгелек тоқаштарды


 


жалыны бет қарыған тандырдан шығарып болып, жеңлігін шеш- ті. Жүрелей бүгілген аяғын жазып, жайланып отырды. Жалын шарпығандікі ме, көзі қызарып, шарасының еті қанталаған. Жұ- қалап қырыққан мұртының жалын жалаған үшін ширата уқалап қойды да, қонағынан жөн сұрады.



  • Қане, не айтпақ едіңіз?
  • Сіз осында түнейсіз бе? – деді Әсет алақандай тар бөлменің ішін шолып.
  • Иә, жатар-тұрар орным осы. Соры арылмаған адамдарға жалпақ жердің бетінен тоқымдай жер де бұйырмайды екен...

Наубай әзіл тастамақ еді, онысы мұңға ұласып, қайғыра күрсінді. Қасіретін одан әрі қоздыра бергісі келмей, Әсет өзінің өтінішіне көшті:



  • Менің сізбен бірге түнеп шығуыма болар ма екен?..
  • Қайран қазағым-ай, – деп жайыла күлді наубай жадырап. – Етегі жалпақ ел едің, сенің де өрісің тарылған ба?..
  • Қырдан осында бір жұмыс істейін деп келіп ем, зорға жеттім...

Кеш батып кетті.



  • Атың қайда?
  • Ұрлатып алдым... Мұнда ешкімді танымаймын, – деді Әсет өз жай-жапсарын басқаша ыңғаймен түсіндіріп.
  • Қауіптенетіндей, түрің адам тонаушыға ұқсамайды, – деп әзілге басты наубай. – Өй, тіпті, сол қарақшылар менің немді алады, ха-ха-ха!.. Қырдың кең құшағында емін-еркін аунап-қунап жүрген тарланға мына үңгір тарлық етер. Несі бар, аспан асты кең. Төбедегі шөптің үстіне жатарсың...
  • Маған бәрібір, жантайып жатып, көз шырымын алсам, сол жетеді, шаршап қаппын.
  • Сен басқаша ойлап қалма, ағайын. Сол жер тыныш. Мұнда мен түнімен қамыр илеймін, от жағамын, нан пісіремін, мазаң кетеді.
  • Ықыласыңа рақмет, ағайын!.. – деді Әсет қалжыңға әуестігін күлкі ойнаған ашаң жүзі танытып тұрған наубайға жылы шырай- мен.
  • Менің де асып-таситын ештеңем жоқ. Жалшымын. Қамыр илеп, нан пісіремін. Қызығын басқа біреу көреді. Сатылған наннан түскен қаржының иесі – қожайынның өзі...

«Бір таз бір тазды көрсе, басын қасиды» дегендей, наубай өз жағдайын сыдырта айтып шықты. Әсеттің көңілі тыншыды. Әйтеуір, көшеде қалмады. Кеберсіген ерінін жалап, су сұрап еді:



  • Бері жақында, шай қайнап тұр. Есімің кім? – деді наубай шай қамына кірісіп.

 



  • Атым – Әсет... Біліскен жақсы, ағайын.
  • Менің есімім – Тоқты. Кәсібім – наубай, міне, көріп отырсың. Бері кел. Пақырдың жайы пақырға мәлім ғой. Мұңдас екенбіз, қысылма...
  • Неге қысылайын, жайлы отырмын...

Тоқты шет-шеті отқа күйіп, сарғыш тартқан орамалды жай- ып, тандырға жапсырғанда ұстамай, ағып кетіп, күлмен араласа күйелеш боп піскен тоқашты турады. Ернеуі қалың ежірге5 шай құйып, алдына қойды. Әсет ып-ыстық сарғылт суды сораптай ұрттап, шөлі қанғанша көп ішті. Маңдайынан тер моншақтады. Тоқты қонағына жомарт пейілмен қошамет көрсетіп отыр.



  • Іш, шөліңді қандырып ал. Барым осы, разы бол...
  • Қарны ашқанға қара су да бал татиды дегендей, кенезем кеуіп келіп ем, шөлім әбден қанды. Пейілмен берген қара су да бойға қуат. Рақмет ниетіңе, Тоқты!..

Әсет ежірді дастарханның шетіне төңкерді де, мандайының терін сүртті. Тамағының түймесін ағытып, желпініп қойды.



  • Мұнда не жұмыс істемексің? – деп сұрады Тоқты түрі жал- данушыға ұқсаңқырамайтынын байқап. Бұрын ондайға бармағаны анық. Ондайдың жөнін білмейтін Әсет сілтей салды.
  • Табылған жұмыстан бас тартпаймын.
  • Пайдалы жұмысты табу да оңай емес. Тамағы үшін ғана жалданатындар толып жатыр. Алайда, білегінің күші бар, қарулы жігітке қызығатындар да шығады.
  • Жөнін білсең, ыңғайлас... – деді Әсет өтінгендей. Өзі жал- данып жұмыс істеудің жай-жапсарын ұқпайды. Соны сезген Тоқты бірдеңені есіне түсіргісі келгендей ойланып қалды. Кірпігі үйтіле-үйтіле сиреп қалғандықтан бақырайып оқшау көрінетін көзі сығыраяды. Аз үнсіздіктен кейін бетін бұрып:
  • Бір амалы табылар... Арба айдай аласың ба? – деп сұрады.
  • Қандай жұмыс болса да мейлі. Әйтеуір, аз-тола қаражат жи- насам, бұл жерде тұрақтап қала алмаспын...

Әсеттің ойына түсінгендей Тоқты үнсіз күрсінді.



  • Әй, кім біледі... Менің де сонау Қашқардан осы маңға келгендегі мақсатым сондай еді. Міне, бес жылдан асып барады, ештеңе де өндіре алмай жүрмін.
  • Бала-шағаң осында ма? – деп сұрады Әсет еркін сырласа бастаған Тоқтыдан.

 
  

 


5 Ежір – балшықтан істелген керамикалық ыдыс, кесе.


 



  • Ондай бақытқа әлі қолым жете қойған жоқ. Сонан соң ғой, желге мініп, жер бетін кезіп жүргенім. Бірдеңе өнер ме екен деп, күн сайын артымдағы ізге қараймын... Қылтиған түк те көрінбейді. Өзіңде ше?..
  • Менің бала-шағам алыста қалды. Мұнда өзім жалғыз келдім, – деп Әсет қысқа қайырды да, өзегін жалаған қайғы дертімен арпалы- сты. Сағынышы да кеудесін кернеп, жүрегінде шым-шым қайнады. Қонағының бұл ширығуын Тоқты шаршағандыққа жорыды:
  • Ал, Әсет, сен жатып дем ал!.. Мен таң атқанша тыным тап- паймын. Төбеде бауланған шөп бар. Сол ара жайлы болар... Анау түкпірде саты тұр.

Көңілі жарасқан адамдар тез табысады екен. Сол түннен бастап Тоқты арып-ашып жүрген Әсетке ыстық ықыласын аямады.


Оның аузынан Әсет өмірінде құлағы естімеген сөздерді естіді. Жалданудың да соқпағы көп екен. Соның бірі – малай. Бұл – жалданған жұмыскер, басыбайлы бағыныштылықтың бір түрі. Біреуге мөлшерлі мерзімге жалданған жалшы. Ең кемінде үш айға немесе алты айға, не, бір жылға тұтас уағдаласуға тиіс. Бұл – өзіңнің емін-еркін жүріс-тұрысынан айырылған, біреудің қас-қабағын баққан жалтақ-жалтаңы, ауыртпалығы көп, тауқыметі таразыға тартылмайтын қатыгез қараң өмір. Мұның бұлжымайтын шарты да бар. Алда-жалда сөз байласқан мерзім ішінде жалшы ауырып қалса, не болмаса, жұмысты тастап кетсе, оның жұмыс істеген күндеріне келісілген кесімді ақының тиісті-ау деген мөлшері төленбейді...



  • Сені ондай жұмысқа жолатпаймын, – деді Тоқты өзінің бай- ламын айтып. Батыл, ақ жарқын жігіт мұндағыларға сенімді де секілді. Куәгер болып, Әсетті бір құржаға6 тұрғызды.
  • Жұмысының жөні қалай?.. – деп сұрады бұл жайды ұққысы келген Әсет. Өзінің шешімін Тоқты түсіндірді.
  • Тоғыз айға келістім, мамырдың аяғына дейін. Алты ай болса, не қыстың аяғы үзілмейді, не жаз шықпайды, әрі-сәрі. Оған керегі де сол мөлшер. Жер кеңіп, көк молая босанасың. Қайта жасарған дүниемен бірге сен де түлейсің.
  • Е, мейлі...

Тоқты келесі күні Әсетті сөз байласқан адамға ертіп барды.


Момақан кісі екен, жүзі жылы, аз сөйлейді.



  • Жері, ат-көлігі бар демесеңіз, менің де күйім шамалы, – деді арық қара жігіт мұңын шағып. Көзі кіртиіңкі, қабағы қатыңқы. –

 
  

 


6 Құржа – өз жұмысын өзі істейтін жері бар шаруа.


 


Шиеттей жанбыз. Қолқанат боп қалған балам жаз ортасында безгектен қайтыс болды. Басқалары әлі жас. Қатты-қайырымға жарамайды.



  • Шамам келгенше аянбаспын! – деді Әсет ағынан жарылып тұрған жігітті аяғандай.
  • Иә, тұрмыс тапшылығы – адам баласының мойнына кигізіл- ген сірі қамыт сықылды. Жалғызілікті кісімін. Жерді күтіп-бап- тауға жалғыз шамам жетпей, қиналып қалған соң, осылай ұйғарып ем. Мына Тоқты еңбекқор, адал адам. Өзі сенбесе, көрінгенге куә болмайды. Бұған мен сенемін.
  • Сунуазы, айттым ғой, бұл кісіге де мендей сен, – деп илан- дырды Тоқты. – Мұңдаспыз, жаман ойы жоқ. Шаруаңның да асып- тасып жатқаны шамалы. Қолыңды ұзартады.
  • Маған да керегі сол. Мына өгіздер мен аттарды қарайсыз. Жем-шөбін салып, уағында суғарасыз. Қиын тазалап, бір жерге үйе бересіз. Молайған кезде арбамен егінжайға тасисыз...
  • Оны кейін де түсіндірерсің, – деді Тоқты тықыршып. – Уәдеге тұрсаң, мен қайтайын.
  • Үйге кір, шай ішіп кет...
  • Рақмет, асығыспын, жұмыс қалып барады. Жігіттің шайға шақырған ниетін келісім деп ұққан Тоқты жалт бұрылып, қақ- паға беттеді. Сунуазы мен Әсет жалпақ ауланың бір қапталын алып жатқан мал қораны аралады. Сонан соң жапсардағы қағаз жапсырылған жалғыз терезелі үйдің алдына жетіп тоқтаған Су- нуазы есікті ашты да, ішке кірді.
  • Міне, осы үйде тұрасыз. Отын өзіңіз жағып, күлін өзіңіз шығарасыз. Үй ішінің басқа жұмыстарымен айналыспайсыз. Малға ғана қараңыз. Қазақ баласысыз ғой, мал жайын менен жақсы білесіз. Көктемгі тұқым себетін науқан басталғанда көліктерім күйлі болса екен. Ол – егінді мұқият егіп алудың негізі. Ал тамақты өз үйіңіз секілді бізбен бірге, бір дастарқан басында отырып ішесіз.
  • Күтемін, шырағым, оған қам жеме. Көңіліңді түсіндім. Тоқ- тының айтуынша, Сунуазы қолы аузына еркін жетпей жүрген орта қазанды дүнген шаруасы. Ірі байларға жалданса жалаға ұрындыратын сылтауы көп екен. Ақы төлемек түгіл өзін қарызбен матап, қолынан шығармай шырмайтын көрінеді. Сол қақпанның сырын білетін Тоқтының Әсетті жұмысқа тұрғызудағы ойы да басқаша еді. Өзіне мұңын шағып, жанашыр, қолқанат болар біреуді іздеп жүрген Сунуазы есіне бірден түскен-ді. Сондықтан алдымен өзі сөйлесті де, артынан Әсетті ертіп алып барған.

 


Кыс сылбырлау басталды. Алғашқы қар жауып еді, күн райы қайта жылынды да, төз еріп кетті. Бірақ жердің беті лайсаң батпаққа айналды. Сағыздай созылған сары балшықтан аяғыңды алып жүре алмайсың. Соның зардабын Әсет те тартты. Көктемге дейін ілдалдалап төзуі керек. Далаға барса, табаға ұшырайды. Жаны ашитындар мүсіркегенімен, қайдан есіркей қойсын. Жа- улары қарқылдап күлмей ме?.. Мұнда, әйтеуір, өз бетімен еңбек етеді. Ешкімді танымайды, ешкім сырын білмейді. Құлағы ты- ныш. Тамағы тоқ. Жылы үй. Ақырын күтеді.


Әсет кішкене қазан асулы тұрған ошақтан әрі төрге қарай созылған көтерме кәңнің7 үстіндегі бойраға8 арқалай келген ерінің тоқымын жайып, ат көрпесін төсеніп жатып жүрді. Сунуазының әйелі берген құрым киізді жайып, құрақ көрпені жамылады. Төсек-орынын таза ұстады. Үйдің іші сәл қара көлеңкелеу. Осы көрініске бойы үйреніп те қалды. Ер жігіттің басынан не өтпейді!.. Осы ой кәдімгідей жебеп, ширай бастады. Сунуазы – қырықтың үстіндегі сақа жігіт. Мінезі биязы, көзі мұңлы. Өзі де, үй ішіндегілер де қытай үлгісімен киінген. Бірақ желкесінде бұрымы жоқ. Сақал-мұртын да, шашын да ұстарамен мұнтаздай қып қырып жүреді. Тез тіл табысып кетті. Әсет ерте тұрып малдың қиын тазалайды, шөп салады. Түс кезінде қаланың оң қапталын жанай ағатын Еміл өзенінің суатына айдап барып, суғарып қайтады. Кешке таман өгіздер мен аттарды жемдейді. Анда-санда кіл ағаштан жасалған дөңбек арбаны бір өгізге жегеді де, үйіліп қалған қиды Сунуазы көрсеткен аңызға апарып, әр жерге үйіп-үйіп қояды. Басқа түскен соң пенденің көніп, көндікпеске амалы бар ма? Өз тағдырының күйзелісіне күйінсе де, іштен ты- нып, келер күнін күтті. Апатқа ұшыраған адам өзін-өзі өлтірмейді ғой. Өксісе де, өмірге әуес. Өлі арыстаннан тірі тышқан артық. Қазақ санасы осыған тәуелді. Дүрілдеген дәуренің де желдей есіп өте шығады екен. Мен де тағдырдың жетегіндегі жетім тайлақпын ғой, елпектеп жылжи берейін ес жиғанша... Орнында бар оңалар-


мен қанағаттанатын қазақ тұқымы емеспін бе?..


Әсет қам көңілін тұрлаусыз қимыжық ойлармен демеп бақты. Сонда да жүдей берді. Қабағы қатып, кірпігі жабысып кіртиеді де жүреді. Осы қалпынан жазбайтынын, ылғи да жабырқаңқы түрін байқаған Сунуазы бір күні мұңдасып, көңілін аулау үшін қасында отырып, ұзақ әңгімелесті.


 
  

 


7 Кәң – іші қуысталып жасалған, оттың жылуы өтіп тұратын сәкі.


8 Бойра – қамыстан тоқылған төсеніш.


 



  • Әсеке, – деді ол қазақшаға жатықтығын аңғартқандай, қазақы үлгімен. – Ылғи да мұңайып жүретініңіздің себебі не?..
  • Е-ей, шырағым-ай, қасіретсіз адам бар ма бұл дүниеде, оның несін сұрайсың?..
  • Сонда да өз жайыңызды ұқтырыңызшы?.. – деп, қиыла өтінді Сунуазы. Аздап еті үйреніп, бауыр басып қалған әдепті, ибалы, адамды сыйлай білетін жігітке Әсет бастан кешкенін жасырмай шешіле айтты. Тек әнші, ақын екенін бүгіп қалды.
  • Солай, шырағым... Құдай оңдап Тоқтыдай ақ көңіл адамға кездестім. Одан өзіңмен дәмдес-тұздас болдым. Менің қабағыма қарама, шырағым. Пендеміз ғой күйгелек. Көңіліңе жақпай жатқан ісім болса, ескертіп қой... Мұндай шаруаға орашолақтау екенім рас...
  • Олай емес, қысылмаңыз, Әсеке. Сіз бір жұмбақ адамдай көрінуші едіңіз, сол болжамым рас боп шықты. Менің де қасірет-қайғымды білесіз. Мұңдас едік, енді сырлас болдық. Өз шаруаңыздай көріп істей беріңіз, мен разымын. Сізді де ренжітпеспін...

Әсет жұмысты өзі біліп, өз қалауымен істеді. Бұл үйдің үлкен- кішісі түгел оған бауыр басып кетті. Ілтипатпен құрметтейді. Мұндайда адамның өзі қолға алған шаруасының ыңғайына бейімделгеннен басқа амалы бар ма? Құзға құлаған адамның да үміті үзілмейді. Құлан өтпес шөл далада қалған адам да соның арғы шетіне жету үшін тырмысады. Өмір сүруге құштарланады. Бәрінен де тіршілік қымбат! Қызықты күнің жаңбырлы бұлттай дүркіреп өте шығады екен. Сол тұтамдай өмірде пенденің көрмейтіні жоқ. Қанша азап шексе де қаймықпайды, әрекет етеді. Бірдеңе тындыру үшін талпынады. Ал, мен не бітірдім, осы?.. Әсет күндіз-түні осы шылаумен көңілін жіпселеп, толғанып жүрді...


Көктем шықты, күн жылынды. Тұқым да себіліп бітті. Әсет шаруақор Сунуазының сенімді серігі саналды. Жер айдасты, егін егісті. Жұмыс аяқтап, көңілдері жай тапты. Мал төлдеді. Жердің бетін шалғын жапты. Келісілген күні де толды. Сонда да Әсет асығып, тықыршымады, ауыз ашпады. Үй иесінің көңіліне қарады. Бір күні түс ауа Сунуазы аулаға жабағы жүні әлі түсіп бітпеген, сүйегі ірілеу буырыл құнанды жетелеп кірді де,


көлеңкеде отырған Әсетке күле қарады.



  • Әсеке, жақсылығыңызды, өзімсінген ағалық пейіліңізді көрдім, рақмет!.. Келісіміміз бір тай еді. Таныстық, тарлық етпедім. Ауыздықпен алысқан ат мінгізетін-ақ адам едіңіз. Бірақ

 


«көрпеңе қарай көсіл» демей ме қазақ атам. Шамамның жеткені осы болды... Шіркін-ай, қазақшалап сый жасай алмадым. Қазақтың жомарттығы, қытайдың еңбекқорлығы адам баласының бәріне да- рыса, бойларындағы ортақ қасиетін асыра түсетін ұлы ізгілік боп қызмет етер еді-ау... – деп, ризашылық ықыласын білдіріп жатыр.



  • Сенің осы ықыласың да атан түйеден кем емес, шырағым...

Көп жаса, бала-шағаңның қызығын көр, өркенің өссін!..


Әсет өзін аға тұтып, адамдығын ардақтай бағалаған Сунуазы- мен төс қағысып қоштасты. Өзіне еркелеп, қасынан шықпайтын кішкене балалардың беттерінен сүйді. Осы пейілге Сунуазы да мәз.



  • Разы болыңыз, Әсеке!..
  • Сен де разы бол, шырағым. Мұңы бір жандармыз ғой. Ал, келін қарағым, – деді, босаға түбінде үнсіз қарап тұрған ажарлы қара торы келіншекке бұрылып. – Саған да рақмет!
  • Асыңды іштім, наныңды жедім. Бағың ашылсын!.. Мен даланың қанаты сынған құсы едім. Жарам жазылды, енді ұшпай тынши алмаспын!..
  • Жолыңыз болсын! – деді келіншек даусы сыңғырлап. Әсет бурыл құнанды ерттеді. Жүзі нарттай жанып, көңілі желпінді. Аялай жетелеп, сыртқа бет алды.
  • Әсеке, мұнда да бір үйім бар деп есептеңіз. Жолыңыз түссе, келіп тұрыңыз, – деді қақпаға дейін шығарып салып, қош айтысқан Сунуазы.
  • Сені ұмытпаймын, шырағым, аман бол!..

Күн батып барады. Қалашықты ымырт қараңғылығы қоршаған. Жіңішке, тар көшенің қос қапталындағы аласа балшық үйлердің қақпалары жабық. Жүргінші де аз. Күн батар алдында жауып өткен жаңбырдан кейін көшелер ми батпақ болып, ботқадай езілген. Әсет жылпың құнанмен батпақты іркілмей кешіп келеді. Жүзі жайда- ры. Өмір де мына батпақ секілді қойыртпақ-ау. Сілекейіңді сірне етер шөлі де, табаныңнан тартатын лайсаңы да кездеседі. Адам баласына соның бәрі табиғи құбылыс сықылды. Алайда тұралап қалатындар да көп. Мен де бір сүңгіп шықпадым ба тереңге. Енді құшағымды жазып, алысқа құлаш сермейін...


Көзі қанық, әбден үйреніп алған үлкен көшеге шықты. Ай- наласы алаң-ашық Тоқтының наубайханасына жетті де, дік етіп жерге секіріп түсті. Қиюы қашқан арса-арса есікті шалқайта ашты. Балаша арсалаңдап, қуанышын жасыра алмай тұр.



  • Амансың ба, Тоқты?!

 



  • О, Әсет, кел, кел... – деді тандырдың аузын қымтап қойып, мүлгіп отырған Тоқты басын қалт көтеріп. Әсет жайраңдай күлім қағады.
  • Тоқты, міне, мен бір белден астым!..

Әшейінде бұйыға жабығып, түйіле тұйықтау жүретін Әсеттің ақ жарқын, алып-ұшқан кейпіне Тоқты таңдана да, қызыға да қарады. Адамның көңілі шалқар дария-ау, шіркін!.. Бірдеңеге қуанса ағыл- тегіл ақтарылады. Ренжісе тастай түйіліп, жігін білдірмейді... Әсеттің сонау күздегі еті тығыздау толықша денесі біраз ысылып, орталанып-ақ қалыпты. Дөңгелек жүзі сопайыңқырап, екі жағы сәл суалған. Көзі де ішке шегініп, шүңірейе түскен секілді. Қуаныштан ба, әлде, табиғи оттылығы ма, тек өткір жанары ғана жалтылдап, ұшқын шашырайды. Тоқты күле тұрып, әзілін ақтарды:



  • Немене, «қожайының» жарылқап жіберген бе? Ұшып кететіндей елпелеңдеп тұрсың ғой?..
  • Бұл болжамың жөн емес, Тоқты, – деді Әсет әлденені көңіліне тоғытпай. – Сунуазыны «қожайын» деп тәлкек етпе. Ол сені мен мен секілді қарабайыр адам. Адал, ақ көңіл. Мына сөзің мазақ сияқты естіледі екен.
  • Иә, оның рас... Ойнағаным ғой. Көңілдерің жарасып қалған түрі бар. Ол адамның қасиетін танитын жігіт.
  • Сыйластықпен ажырастық. Сендердей жаны таза адам тапқаныма қуанбай қайтейін. Қарашы, әне.. Келісіміміз тай еді, құнан мінгізді. Ол да жомарт көңілдің белгісі емес пе!..
  • Иә, еңбегің жанды. Ол көңілі түскенге көлдей жайылатын жігіт... Кел, отыр... – деді Тоқты тандырдың аузын ашып жатып. Ошақтай ойықтан шыққан қызыл шоқтың ыстығы үйдің ішіне жай- ылды. Торсиған дөңгелек тоқаштар үлкен астауға торс-торс түсіп жатыр. Әлден уақытта Тоқты басын көтеріп, белін жазды да, ора- малмен бетінің терін сүртті. Бір сәт Әсеттің тұлғасын шола қарап алды да, қамыға үн қатты. – Енді ауылыңа кетесің, ә, бөгелмей?..
  • Иә, далаға, кең дүниеге барамын – деді Әсет сағынышы та- сығандай ширығып. – Қарлығаштай самғап тоқтамастан ұшамын!
  • Өзім де солай ойлап ем... Жөн, жөн.. – деп басын изей құптады Тоқты. Көзі жаудырап, мұңая күрсінді. – Мұның да бір қуаныш қой, Әсет. Жалпақ елің жайыла қоныс тепкен жасыл тауларың да қашық емес. Шіркін, осындай еркіндікке шығатын менің де күнім туар ма екен?..
  • Сен басыбайлы емессің ғой. Жиған-тергенің болса, бір ат сатып алып, қайтып кетпейсің бе бөгелместен!..

 



  • Барыма ат алсам, жолыма қаражат жоқ... Оның үстіне елге құр алақан не бетіммен барамын?..
  • Қамықпа, бауырым – деді Әсет досының өксікке ұласып, дағдартқан шарасыздығының бұлтын сейілткісі келгендей көтермелеп. – Өмір бойы осы күйде қалмассың. Орайы келер, төбеңнен бұлт айығар. Сонда бөгелмей аттанып кет!..
  • Қайда барамын?.. – деп күрсінді Тоқты өксіп.
  • Е, еліңе бармайсың ба?
  • Басыңды қалай бұрсаң да тасқа соғылатын заман ғой бұл. Онда не жақсылық күтер дейсің. Басқа шара да жоқ. Қашқарға жету де оңай емес. Екі ортада асқар-асқар тау бар, жалама жал- тыр тас бар. Сусыған көшпе құм мен жұтым суға зарыққан шөл дала бет алдың. Естіп пе ең Тақламақан деген жерді?
  • Оңтүстіктегі жалпақ құм емес пе?
  • Ол – тау-тау құмы сусыған шөл дала. Соның жықпыл- жықпылын шарлап, ай жарымдай жол жүресің. Елсіз иен. Бір есекке артқан азығың қаншаға үнем болмақ? Қожайынмен есеп айырысқанда, оның түбі неге соғарын кім білсін?.. Қолыма не тиеді?
  • Кім білгенің, не тиедің не?..
  • Бәлкім, еңбек ақым қарызымнан аспас.
  • Қанша қарыз алғаның белгілі емес пе?
  • Ой, Әсет дос-ай... Елдің бәрі Сунуазы ма? Құдай оңдап саған сондай адам кездесті. Ал мен қаржы жинамақ тұрмақ, жанымды зорға бағып жүрмін. Мынау тандырдан ағып түскен тоқаштардың да құнын мен төлеймін. Тандыр бұзылса, оны да мен жөндетемін...
  • Соның бәріне сені кінәлі санай ма?
  • Солай, ағайын... Тіпті жұмысынды уағында тындырмадың деп те айып төлетеді.
  • Ой, тоба-ай, бұл қорлыққа қалай төзіп жүрсің?..
  • Амал қанша, о баста қақпан басыппын. Енді байлаудағы бұзау сықылдымын. Дауласып, соттассаң, одан бетер пәленің астында қаласың..

Қайғыра күрсініп жіберген Тоқты бір мұңды әуенді аңырата шырқай жөнелді:


 


Жаныма сая болған, – Қашқарым саған қалды. Қайтар ем, сәулетайым, Сапарым оңалмады.


 


Көкірегі қарс айырылып, булықтырған қасіретін сарқырата ақтарды. Даусы да ашық тұнық екен. Аңсау, арманның тәтті лебі жүрегін тербегендей теңселе ырғалады. Көзін тарс жұмып алған. Кеберсіген ернін жымқыра тілін сорып, шөлін басқандай. Адам баласы көкірегін кернеп, сеңдей соғылысқан мұң-зарын сыртқа ән сазымен, өлең ырғағымен толғау арқылы шығаратын сықылды. Тоқты елпілдеген жеңіл әннің ерке әуенін тоқтатып, сәл ты-


ныстады да күңіренген қоңыр үнге қайта басты:


Телім-телім ғарып боп, Әл кеткен соң жылаймын. Шетте жүріп тентіреп,


Сән кеткен сон жылаймын...


Ән үйірілген қараңғы түнді қалтырата күңіренді. Тынысы тарылып, жаны қиналған Тоқты әуенін үзіп, ышқына күрсінді. Оның мұң торлаған көңілін аулаған Әсет:



  • Бүйтіп күйіне берме күйзеліп!.. – деп жұбатты жанашырлық- пен. – Бірақ әніңді де үзбе! Жаныңды сол жадыратады.

Есеңгіреп жүрее де екінің бірі есінен адаспай, осылайша ән шырқайды. Ащы, зарлы үннен қуат алып, қамыққан көңілін, жүдеу жүрегін тербейді. Көзінің жасын көл қып төгеді. Басқа лажы жоқ. Зарлы әуен қасіреттің көңілді торлаған түнегін ыдыратады. Удың зәрін у қайтарады дейді ғой. Ішкеніміз – у емес пе өмірден... Қайғылы жандар әнмен ғана қатқан шерін тарқатады...


Тоқты мұңға шомды. Дәт-дәрмені таусылғандай тарыққан. Осы күйзелістің тегі – өзінің өмір бойы тартып келе жатқан азабы екеніне ол үңіліп, парықтап жатпады. Тандырдың жалыны қақтап, қызара ісінген көзі жасаурап, мөлиіп отыр. Тұрмыстың тұңғиығына шөгіп, қол-аяғының сіңірі тартыла тереңге батып бара жатқандағы жанталасы сықылды. Бөренеге тас қып таңып тастаған адамша сілейіп, бәріне үнсіз бағынады екен. Бұлқынысқа әлі де келмейді. Іш құсталықтан құса боп, өкпесі қуырылғаны да аңғарылады. Бұрқанған ызасы сыртқа тепкен.


Шарасыз жанды жылы сөзбен жебеген де демеу ғой. Әсет іштей азап шеккен досын аялап, күйзелісіне ортақтасқан ақ ниетін білдірді.



  • Қолымнан келсе, қолтығыңнан демеп-ақ жіберер ем, менің де дәрменім жоқ, өзің көріп жүрсің...

Тоқты қинала қайғырған Әсеттің бетіне емірене, аса ризалық раймен күле қарады. Жүзі де жадырады.


 



  • Сахисың-ау, Әсет! – деді жүрегі елжірей ақтарылып. – Адам- ның бәрінде осындай көңіл болса-ау, шіркін!..
  • Жоқшылық – жомарттың қолын байлайды. Адасып жүріп сендей ақ дала, дарқан адамға кездестім. Бұған дейін мен тұрысым аз, жүрісім суыт адам едім. Елім еркелететін. Еркелікке елтіп жүріп көп көріністің көлеңке жағына көз салмаппын. Аңқау күйімде аңқылдап өмір сүріппін... Қатыгездердің ашық зорлығына ұрынған соң, ашындым. Апыл-тапыл басқан баладай тәлтіректеп, теңселіп қалдым. Қисық-қыңыр соқпақтарды басып, таусылып келіп, тау- ым шағылғандай есеңгіреген сәтімде сен жөн сілтедің. Қорысқа ұрындырмадың. Мына қимыжық өмірден түйгенің көп екен. Ебін де тауып кетесің...

Әсет төгіле сөйлеп барып тоқтады. Шалқып жүрген күндерін есіне алды. Елдің қайғы-қасіретін сырттай ғана бақылаппын-ау. Оның неден басталып, қалай өрбіп жатқанына зейін аудармап- пын. Көзім енді ашылғандай. Бір талай тақсіретін өзім тартып, ауыртпалығын арқалаған соң ғана зұлымдықтың шексіздігін аңғардым... Тежеусіз зорлық, тепсінген зомбылық – жұтқалы төнген айдаһардың аранындай үрейлендіреді. Жауыз адамның қолына билік тисе, қара басының рақаты үшін бүкіл дүниені жал- мап, шайқап өтуге ұмтылады екен... О, дүние, ашқарақ обырлардың көмейіне неге тас тығып, өңешін бітемейсің?..



  • Әсет, сен бір жұмбақ адамсың, – деп, ойын бөлді Тоқты өзіне айтылған жұбату-жебеудің байыбына бармай, үнсіздікті бұзып. Расында да, ол Әсет туралы аз біледі. Тек адал, қайырымды адам екеніне көзі жеткен. Көкейінде жүргенді бүкпеді. – Былай қарасам, бірде аңқаусың, бірде албыртсың. Кейде әлденеге ашуың бұрқанғандай түнерген тұңғиықсың. Ондайда тілің – от, азуың – өткір... Орға құлаған жолбарыстай шиыршық атасың буырқанып. Түсінбеймін, ішінде шымырлаған судай қайнап жатқан бір телегей теңіз бар сияқты болады да тұрады маған.
  • Е-ей, Тоқты-ай, ондай күй кімде жоқ, несін сұрайсың? – деді Әсет қинала күрсініп. Жанының жарасын тырналап, азапқа салдым ба деп ойлап, Тоқты да әрі қарай қажамады... Қайтадан жұмысына кірісті де, жалыны ұрып тұрған тандырдан тоқаштарды шығарып алуға кірісті.

Түн жарымынан ауған кез. Әтештердің таң алдындағы алғашқы дауыстары да естілді. Маңай тым-тырыс. Көше бос, қаңыраған. Дүкеннің ірге жағына түкпірлете көлденең қойылған тақтайдың астынан шырылдаған жалғыз шегірткенің нәзік үні Әсеттің бойын


 


балқытты да, бір түрлі тәтті сезімге бөледі. Неткен әсем, қандай жағымды естіледі, жанға сағыныш ұялатады. Иен даланың елесі секілді. Үміттің лебіндей тербейді. Жүректі шымырлатуын қарашы...


Басы салбырай ойға шомып, ештеңені сезбей, мелшие қалып еді, Тоқтының қарлығыңқы, қажығаннан жарықшақтанып тұратын қоңыр даусы селт еткізді.



  • Әсет, бері кел, төбеге шық!..

Тоқты үйдің төбесіндегі жаңа шабылған, иісі аңқыған жас шөптің үстіне ескі құрым киізді жайып, киімдерді жастап, төсек салып қойыпты. Қасына барған Әсет төсекке шалқасынан сұлай кетті де, қалың жұлдызы самсаған қара көк аспанға құштарлықпен қадала қарады. Әлден уақытта:



  • Күннің ашықтығы біздің де жанымызды жадыратады, ә, Тоқты, – деп, жеңіл ғана күрсінді. Өзегін шарлап өткен салқын леп бойын сергітті. Оның бұл толқуына көңіл бөлмеген Тоқты өз ойының ауанымен арпалысып, өзінше қиял шегеді.
  • Ара-тұра келіп-кетіп, жабырқаған жанымды жадыратып жүруші ең, – деді ол жанын езген мұңы мендеген бәсең дауы- спен. Дөңбекши аунақшыды. Қимастығын ірке алмады. – Бауыр басып қалыппын. Сені көргенше асығушы ем...
  • Мен де сені өзім санадым... Бірақ жаны басқа адамбыз ғой, тіршілік ағысы бөлек-бөлек арнамен сырғиды.
  • Иә, иә, оның рас... Бүгінгі тұнық түн біздің бірге жатқан ақырғы түніміз болар. Сен ертең кетесің... Қайта дидар көрісе алар ма екенбіз?..

Тоқты қимасынан айырылатындай ашына ширығады. Жал- ғыздықтың азабын тартып, жетімдей жәбірленіп жүргені рас. Жанашыры, сырласы аз адамның жайы осы емес пе? Әсет осы- нау көңілі көлдей, ақ шелек адамды аяйды, қимайды. «Ендігәрі кездеспеспіз» деген мұңын естігенде жүрегі езіліп кеудесі ашыды. Оның айтқаны шын да болуы мүмкін-ау... Баспанасыз қаңғып қалған Әсетті, бір кездегі елдің еркесін, дүлей заманның түнек түні әлі талай адастырар. Қара дауылы қаңбақтай домала- тып, қай сайға апарып тастары да белгісіз... Сондағы сүйеніші осындай адамдар ғой.


Әсет аунап түсіп, өзін-өзі жұбатты да, ширай түсті. Есіңді жи, Әсет!.. Өмірден өксіп өтетін ынжық па едің? Ит қапқаннан кісі майып болып қалмайды. Асыранды төбеттің азуы арланның


 


азуына тең келе ме? Арқырай аққан өзенім – әнім, сылқылдаған бұлағым – өлеңім еді, бұлар сарқыла ма кеудемде жаным барда? Үнім өшсе тірлігімнің құны не?.. Қой, басым иығымда, өңешім үзілген жоқ, қолқам сау. Бір қарақшы тонады екен деп, жаным- ды тозаң шалғаны ма? Қайсар, арынды адуын едің ғой, Әсет!.. Есінді жи, босқа егілме!..


Бойын билеп алған Әсет осы серпіліс сарынымен досын да жұбатты:



  • Жасыма, Тоқты!.. Тіршілік болса, әлі талай кездесеміз. «Ат баспаймын деген жерін үш басады» дейді қазақ. Айналып тағы бір соғамын саған!
  • Ұмытпа, Әсет, мен пақырды!.. – деді Тоқты үні қалтырап.
  • Ұмытпаймын, бауырым, өмірбақи ұмытпаймын!.. Тосынан тағдыр табыстырған екі дос бірін-бірі аяласады.

Біріне-бірінің мейірі түсті ме, әлде, қара тартып, арқа сүйегендіктен бе, ажырасар осы сәтте жүректері елжіреп іштей ұғынысқан адамға ғана тән қимастық сезімде еді. Әсет өзін-өзі тежей ұстап, сабыр сақтағанымен, мынау бір көңілі жарым адамның күйзеле мұжылғанына қиналды. Өмірінде ешкім маңдайынан сипап, сыйлап көрмеген байқұс Әсеттің қадірлеуінен ерекше шапағат шарапатын сезінетін. Енді одан да айырылып қалатынына нали ма? Қасіреті қаусатқан көңілі қаяу адам ғой. Өмірде бағы жанбапты, бауы көктемепті. Қазақ ішіне ерте кетудің де ыңғайы жоқ. Сөзіне қарағанда, босана да алмайды. Оның үстіне Әсет өз күй-жайының ел арасына барғаннан кейінгі көпшілік қалауына орайласатынына сенеді. Ол әнші, ақын. Бір думан-тойда көптің алдында ән шырқаса, әрі қарай тасы өрге домалап, елдің алақанына түседі де, жел қа- йықтай сырғи жөнеледі. Қазақ біткеннің қара шаңырағы төріне шығарып қастерлейді. Әсеттің бұл қасиетін Тоқты білмейді. Осы уақытқа дейін өзі де тұйық жүрді. Жария етпеді. Намысы қысты ма, әлде, күйзеліс үстінде баяғы дүрілдеген даңқын қорғағысы келді ме, әйтеуір, өзі жайлы ешкімге тіс жарып, сыр ашпады.


Түнді шайқап, салқын леп еседі. Үнсіз қиялға шомған Тоқты


аспан төрінен көз алмайды. Сөніп-жанып жылтылдаған үлкен- кіші жұлдыздардың жыбырлағанынан бір нәрсені іздейді. Ол не? Өзі де айыра алмайды. Жаны нені көксейді? Ол да беймәлім. Ақ таңдақтанған құс жолы шұбатыла созылып барып, шалғай түстіктегі Қашқардың төбесіне төнгенде сейіліп кетеді екен... О, қайран Қашқар... Сен де бұлдырап ұштың-ау көз алдым-


 


нан елес боп. Құшағың тас қараңғы қапастай көрінетін-ді. Басымдағы бағымды әлдекім тонап алғандай сезілуші еді. Сол жемірлерден қашып құтылмақ ем... Бақытымды басқа жерден іздедім. Үмітпен болжағаным құр елес, көлбеңдеген сағым боп шықты. Не таптым? Қаңғырып қалдым. Мұнда да тонаушылар көп екен. Мына Әсетті де тонаған солар ғой. Баяғы қорлықтан құтылмадым, баяғыша жәбірлендім. Қайда барсам да, не істесем де ашыққан балықтай қармақ қаптым. Жер үстінде мен сықылды азып-тозғандар, қашқындар, панасыздар, босқындар қаптап жүр... Мынау Әсет те соның бірі. Ауылынан бақыт іздеп шыққан даланың аңқау қазағы қалаға келіп, торға шырмала жаздады. Сондай апатқа ұрынбау үшін амалын табуына себім тиді. Бір адам болса да, еркіндігіне қайта орала берсін... Міне, енді сол еркіндігіне мәз. Даласын аңсайды. Кең дүние-ай, қысымшылық аз ба онда? Бірақ қаншаға созылар дейсің қуанышы, еркін жүрісі ұзаққа бара ма? Тағы бір орға ұрынбасына кім кепіл?.. Шеңбердегі дүние, шеңгелдегі адамбыз ғой, тұрмыстың талқы- сы тұқыртқан...


Тоқты осылай топшылаған ойын Әсетке айтып, сақтандыр-


ғысы келді де, ақырын үн қатты.



  • Әсет, ұйықтадың ба?
  • Ояумын, әлденеге алағызып, ұйқы оралар емес.
  • Ал, енді не істемексің?
  • Тұп-тура қазақ ішіне тартамын!.. – деді Әсет әлде қашан бел байлап, бекініп алған кескінмен. – Енді бұт артар көлігім бар ғой.
  • Оның да жөн шығар... Бірақ қайда барсаң да, аяғыңды аңдап бас... Аңқаулық та арандатады.
  • «Аузы күйген үріп ішеді» дейді қазақ, бастан кешкенім де бір сабақ болды.

Тоқты мен Әсет сарғайып таң білінгенше сыр шертісті, көз шырымдарын алмады. Әсет өзінің кім екенін, бұл күйге қалай душар болғанын ашып айтып берді. Досының сөзін бөлмей, үнсіз тыңдаған Тоқты әлсін-алсін күрсінеді.



  • Қазақ ән десе атынан аударылып түсетін халық қой, – деді ол қанағат па, өкініш пе, бір түрлі үрдіс, ширақ әуезбен. – Со- лай барғаның дұрыс... Саған ілесіп-ақ кетер едім, амал қанша, ондай өнерге өрем жетпейді. Тандырға қақталу ғана пешенеме жазылыпты.
  • Ұнжырғаң түспесін, бауырым, – деп қайрады Әсет көңілін аулап. Өзі сергіп, ширап алды. Құлшына сөйлеген сөзі өткір. –

 


Жасыма, сонда сеңді жарып өтесің. Өмір – асау өзен, арнасы кең. Тасқыны түйедей тасты да домалатады. Ал адам баласы сол өмір үшін жаралған, алыс-жұлыспен шынығуы керек. Басқа түскенге мойып, шөге берсең, малта тастай мұжылып бітесің. Босқа таусылмайсың ба?



  • Ұқтым, Әсетім. Мен жасып көрген емеспін, біліп қой. Тек сенімен айырылысатыныма ғана жабырқаймын.
  • Өмір соқпағының тарауы солай ғой...

Наубай кәсібінде ұлы қасиет бар, адамды аштықтан құт- қарады. Ал сенің әніңнен адам баласы жанына нәр алады. Тандырдағы қызыл шоққа қақталып піскен наның тәтті иісі күллі қайғыны ұмыттырады. Ән көңілді шалқытады: Міне, екеуміз де адам үшін еңбек етеді екенбіз...


Тоқтының ойы Әсетті ойландырып, іштей толғантты. Әр адамға өзі құштар кәсібі қымбат-ау. Қанша қиналса да содан жақсылықтың нышанын сезіп, жаны жай табады екен. Бұл да, мен де сол күйдемін. Пақырлық көрсек те қалауымыз сол. Одан бас тартып, қол үзіп кете алмаймыз...


Шоқтай жайнап, көжиекті көгілдір сәулеге малындырып шолпан туды. Екеуі де аспанды нұрландырған алақандай ақ жұлдызға ынтызарлана ұзақ қарады. Таңғы самал желпи тербеді. Бойлары сергіп, еңселерін көтерді. Аздан кейін:



  • Ал Тоқты, мен жүрейін, – деді Әсет басын көтеріп. Үні қалтырап, тамағы жыбырлаған соң қатты-қатты қақырынды. – Қош бол, көріскенше!..

Тоқты да орнынан ширақ түрегелді.



  • Қош, Әсет! – деп құшақтады. – Жолың болсын!
  • Аман бол, бауырым! Сенің де Қашқарыңмен қауышуыңа тілектеспін.
  • Әттең, әніңді ести алмағаныма өкінемін. Не деген тас-түйін адам ең...
  • Өкінбе, келемін қайтып... Жұрттың тәтті ұйқысы бұ- зылмасын.
  • Айтқаның болсын, сенемін саған. Келсең, той жасаймын. Міне, таң да атты. Енді мен қамыр илеймін. Ал сен анау жалпақ далаға кетесің...

Төбеден төмен түскен екеуі қараңғы, мелшиген көшенің қақ ортасында тұрып, құшақ айқастыра көрісіп қоштасты...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу