03.01.2022
  352


Автор: Әдібай Табылды

Салтан салақ

Кішкентай Салтанды ағасы Асан жанындай жақсы қөріп, оны «сары алтыным», «сары балапаным» дейді.


— Сары алтыным-ау, мынау ойыншықтарың әр жерде шашылып жатыр, мұны жинап қою керек қой, — деп ақкөңіл ағасы оның ойыншықтарын жинады.


— Көке, жинай салыңыз, — деп «сары алтыны» бұйыра сөйледі.


— Салтан-ау, салақ болма, жаным...


— Көке, «салақ» деген не сөз, ә?


— Халық «Олақтан салақ жаман» дейді. Өз ісіңді істемей, ерінсең, «Салтан салақ» деп, жұрт сені жек көреді.


— Көке, мен салақ болмаймын. Ойыншықтарымды ертең жинаймын, содан соң еденді жақсылап сыпырып қоям, иә ма?


— Ұқыпты бала бүгінгі ісін ертеңге қалдырмайды. Мынау ойыншықтарың шашылып жатқан бөлмең қоқсықтың қоймасы сияқты болып кетті, — деді көкесінің қалың қасты қабағы түйіліп.


— Көке, онда мақұл, үй ішін қазір-ақ жинаймын, — деп Салтан қобырап жатқан еденді жинастыра бастады.


— Санасыз бала салақ болады. Сен санасыз емессің ғой, — деді ағасы.


— Көке, мен енді салақ болмаймын, — деп, Салтан ойыншықтарын орнына қойып, еденді сүрте бастады.


— Сары алтыным, міне, осылай салақ болма, саналы бол, — деп көкесі көңілденіп қалды.


«Салтан — салақ» деген жаманаттан сақтасын» деп інісі ойланып отыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу