03.01.2022
  229


Автор: Әдібай Табылды

Тентек балапан (сахналық қойылым)

Қатысушылар:
Балапан
Тауық
Қозы
Диқан
Мысық
Ертекші
 
Тамылжыған табиғат, аспан ашық, күн жарқырап тұр. Балапанын ертіп, тауық аулаға шығады.


Тауық.
Қақ-қа-а-ақ!
Балапаным, жолың тап!
Сүрінбей жүр сақтанып,
Тентек болма мақтанып.
 
Балапан.
Анау не жарқыраған?
Аспаннан тартып алам!
Мынау не сарқыраған,
Қалайша сарқылмаған?!
 
Тауық.
Жарқыраған күніміз,
Жарқын шықса үніміз –
Күніміздің арқасы.
Сарқыраған өзенің,
Өзен – өмір өзегің!
Оны қалай сарқасың?
 
Балапан.
Жем, суың кәне маған?
Жемімді қайдан табам?
 
Тауық.
Мінекей, жемің, суың,
Жемге той, су іш, жуын.
 
Балапан.
Мынау не, иісі тәтті,
Домалақ әрі қатты?
Өзгеше мына бір зат
Өзіне мені тартты.
 
Тауық.
Ол тары. Пайым ет сен.
 
Балапан.
Жем, суым дайын екен!
Несіне уайым етем?!
Ал ұшам, айдан өтем,
Аралап, күнге жетем!
 
Тауық.
Ұшу да оңай емес.
Қанатың қолайлы емес.
Қатайсын қанатың да,
Ұшқыштар санатында,
Болуға өскін зерек,
Ол үшін өмір керек.
 
Балапан.
Мендей ой зерегіне
Көп сөздің керегі не?
Асқарға тез-ақ жетем,
Аспанға ұшып кетем!
Кетемін пиқ-пиқ. Пиқ-пиқ.
Кетемін шиқ-шиқ. Шиқ-шиқ.
 
Тауық.
Тоқташы, балапаным,
Жүрегім, ботақаным.
Алмасаң ана тілін,
Не болар, балам, күнің?
 
Балапан.
Кетемін пиқ-пиқ. Пиқ-пиқ.
Кетемін шиқ-шиқ. Шиқ-шиқ.
 
Балапан кетеді. Ортаға қолына домбыра ұстаған ертекші келеді.
 
Ертекші.
Әркімде бар балалық,
Әумесерлік шалалық.
Балапанда ақыл жоқ,
Балапан да пақыр боп,
Анасынан қашыпты,
Анасыз көң сасыпты.
Ана тілін алмаған,
Ақылға ой салмаған,
Ол көп жүріп борықты,
Оңашада қорықты.
Қозыға кеп жолықты,
Қозы дәу деп жорыпты.
 
Ертекші кетеді. Балапанның алдынан маңыраған қозы шығады.
 
Балапан (қозыға).
Селк еткізді дауысың,
Сен қай жердің дәуісің?
 
Қозы. Балапан дос, отқа бар,
Балқаймақ пен ботқа бар.
(Балапанды қозы мейман етеді.)
 
Балапан.
Уызына қойыңның,
Досым, әбден тойындым.
Енді сыннан өтейін,
Көкке қарай кетейін.
 
Қозы.
Ей, Балапан, егеспе.
Есің дұрыс емес пе?
Іздеп тауып панаңды,
Қуантсаңшы анаңды.
 
Балапан.
Анау айға жетемін,
Күнге қарай өтемін.
 
Қозы.
Айға жету оңай ма?
Алдымен сен соны ойла.
«Арман аты болдырмас,
Құрғақ арман оңдырмас»
Деген екен енеміз,
Ақылыңа сенеміз.
 
Балапан.
«Айта берсек, дау қызар,
Талаптанған тау бұзар»
Депті менің енем де,
Ол ақылды сенен де,
Қош бол, Қозы, кетемін,
Арманыма жетемін.
 
Балапан қоштасып шығып кетеді. Сахнаға ертекші шығады.
 
Ертекші.
Қозымен ол достасып,
Арыздасып, қоштасып.
Кетті, жолы – ұзақ жол,
Қалды кейін қос ғашық.
Талай күндер өтіпті,
Тентек азып кетіпті.
Мырза диқан жайлаған
Мыңбұлаққа жетіпті.
 
Ертекші кетеді. Балапан диқанға жолығады.
 
Балапан.
Қарным ашты: шиқ-шиқ-шиқ.
Қадір қашты: пиқ-пиқ-пиқ.
 
Диқан.
Қайдан жүрсің, балапан –
Қайран қыршын балақан!
Құры сүлдең қалыпты,
Кім өзіңді налытты?
 
Балапан.
Қор болдым-ау, жаным-ай,
Қорқып тұрмын танымай.
Кіді-кіді сөзіңіз,
Кім едіңіз өзіңіз?
 
Диқан.
Астық ақыл жиғанмын,
Атаңмын мен, диқанмын.
 
Балапан.

Ата, ұзақ жол жүрдім,
Аз ғана емес, мол жүрдім.
Азып-тозып, болдырдым.
 
Диқан.
Мақұл, жаным, тары бар,
Дақылдардың бәрі бар.
Жарма жейсің – тоқсың,
Жалынуды қоясың...
 
Диқан балапанды мейман етеді.
 
Балапан.
Ақ нан жедім, су іштім,
Қампиды ғой, түу, ішім.
 
Диқан.
Асырайын, баптайын,
Жауларыңнан сақтайын.
Ұшырайын қолымнан,
Бөгел біраз жолыңнан.
 
Балапан.
Ағай, арман көп еді,
Айға барғым келеді.
Айдан өткім келеді,
Күнге жеткім келеді.
 
Диқан.
Ұшу үшін аспанға,
Түсу үшін дастанға,
Сен әуелі білім ал,
Өз анаңның тілін ал.


Балапан.
Өрге ұшып баратын,
Өсіп қалды қанатым.
Бірте-бірте шығандап,
Бір биікке шығам да,
Айға қарғып қонамын,
Күнді барып шоламын!
 
Диқан.
Армандарың дұрыс-ақ,
Ақылға сал дұрыстап.
Көрінгенмен ай жақын,
Қызыққанмен айға тым,
Қанша терді төк мейлі,
Оған қолың жетпейді.
 
Балапан.
Тойдым асқа, күшім бар.
Ойым асқар, ісім зор.
Алға тағы кетемін,
Арманыма жетемін.
 
Диқан.
Мұндай қырсық тілазар,
Қорлық көріп тым азар.
Қамқорлыққа алайын,
Қауіптен сақтап қалайын.
 
Сахна өзгереді. Сахнаға ертекші шығады.
 
Ертекші.
Ақымақтар құр кеуде
Ардақтауды білген бе?
Қашып кетті балапан,
Қарт мәпелеп жүргенде.
Жорғалап та, ұшып та,
Жоны тоңып, ысып та,
Жолы құтты болмай ол
Жолығыпты мысыққа.


Ертекші кетеді. Балапан мысыққа жолығады.
 
Балапан.
Пиқ-пиқ. Шиқ-шиқ.
Түрпідей мұртың,
Түксиген тұрқың,
Селк еткізді даусың,
Сен қандай дәусің?
 
Мысық.
Мен иеңнің мәуімін,
Өзіңмен бірге ауылым.
Есі нұрдың досымын,
Кесірлінің жауымын.
 
Балапан.
Ол ескі сөз, қанық қой,
Мені, досым, танып қой.
Аман болсам, ұшамын,
Ай мен күнді құшамын.
 
Мысық.
Білем, ойға шаласың
Тыңдамаған анасын.
Менсінбеген достарын
Менменшілсің, дарасың.
 
Балапан.
Айтылды ғой бар шыным,
Қай досыма қарсымын?
 
Мысық.
Берді диқан бар асын,
Болды достық жарасым.
Қарамай сол иеңе,
Қайда кетіп барасың?
 
Балапан.
Есер екен мінезің,
Еріктімін мен өзім.
Күншіл кейбір доссыз-ақ,
Күн көремін бір өзім.
 
Мысық.
Мәу. Айтасың-ау
Маған дау.
Өз мінезің
Саған жау.
 
Балапан.
Өй, шұқыма көзіме,
Өз ақылың өзіңе.
 
Мысық.
Түсін тауық анаңды –
Таудай панаңды.
Сыйламағаның үшін
Жетіп миың,
Достардың сыйын
Ойламағаның үшін
Қышып тұр тісім.
 
Балапан.
Ақсиды ғой тісің,
Осында ма күшің?
Байлама қолымды,
Бөгеме жолымды.
Пиқ-пиқ. Шиқ-шиқ.
 
Мысық балапанды допша лақтырып, ойнайды. Ертекші алға шығады.
 
Ертекші.
Мысық көп ойламады,
Тырнағын сайлап алды,
Ақылсыз балапанмен
Азырақ ойнап алды.
Ұлпасын сипалады,
(Ұққан жоқ қиқар әлі).
Тентекті тегін же деп,
Терісін қиқалады.
Арсыздың естіп жайын,
Ақылмен еттік пайым.
Өз әлін білмегендер
Өкінер өстіп дәйім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу