Өлеңдер ✍️
Ұстаз
(М.Әуезовке арналған естелік-толғау)
Бармағымен майда сипап мұрынын,
Салмақты да саф тұлғамен тұруын.
Сәттер туды-ау сағынатын ұстазды,
Құйған құлақ естіп талай ұлы үнін.
Самғайтұғын кемедейін ғарышқа,
Бір сілтесе шырқаушы еді-ау алысқа.
Алып тарлан мәңгі ұйқыға кеткелі,
Сағынамын... тәнтімін сол дауысқа!
Шәкірттері шұрайлы топ қатарлас,
Сол ұстаздан тұтанды алып от алғаш.
Ұстаз әркез біздермен бір болатын,
Дәріс оқып екі вузға қатарлас.
Сын тізгінін ұстап жүрген Айқынды –
«Мұхтаровед» деуші едік біз айтулы.
Мұхтар да жоқ, Айқын да жоқ бүгінде,
Тәңір білер таусылар дәм қай күні.
Сағындым-ау дәрістерін Мұхтардың,
Сабақ сөзден ой-биікке шыққанмын.
Шәкіртпін деп мақтан етем енді мен,
Айтар сырды тап осы жол бұқпадым.
Жақсылардың жанынан еш шықпадым,
Жамандардан жарты ауыз сөз ұқпадым.
Өзге ағалар бар-ау... бірақ Мұхаң жоқ,
О, оқырман, көңілімді жықпағын.
Күн – керуен өткен сайын безіп жыл,
Жұқа тартып жүйкем зорға төзіп жүр.
Көңілім қалып кей ағадан бүгінде,
Ұшқыр қиял Мұхаңды іздеп кезіп жүр.
* * *
...Әй, балақан, деме маған «Кәрісің!»
Жүйріктердің көрген намыс, жарысын,
Мен шәкіртпін – қатарынан төрт жылдай,
Әуезовтың тыңдап түйген дәрісін...
Сұрапыл соғыс өте шықты дүркіреп,
Жер көктетіп жауды жаңбыр сіркіреп.
Жұрт та есін енді жинай бастаған,
Жайбарақат тірлік тілеп, түр тілеп.
Мектепті де тәмамдадық бүрсеңдеп,
Талпынады туған сәби күлсем деп.
Асау қиял қанатына мінгендей,
Алатауға тарттық арман, ой сергек.
Алматылық атандық біз –
Далада ел.
Студентпіз: Серік, Айқын, Баламер.
Қорегіміз – төрт жүз грамм қара нан,
Ұстаз тұрды алдымызда дана дер!
Ұстаз тұрды үлгісіндей ұлылық,
Жанарынан ескендей мол жылылық.
Сабақ сөзден серпілгендей санамыз,
Бойкүйездік жоғалғандай сырылып.
Ұстаз тұрды озық ойлы, нар қасқа,
Түйдектете сөйлер сөзі бір басқа.
Ұстаз тұрды шәкірт бола білгенге –
Айналуы қиын емес құрдасқа.
Ұстаз тұрды өткен ғасыр сыйлаған,
Даналық мол тұла бойға жыйнаған.
Ұстаз – тұрды –
Арыстарды ардақты
Қатал заман қазасына қимаған.
Олар жайлы тіл қатпады, тіс жарып,
Қыр соңынан қалмай қойған «үш әріп».
Ұстаз оған кінәлі емес еді ғой,
Шүкір, өзі кетпегенге ұсталып!
* * *
Білгенім де тергенім мен ұққаным –
Бір өзіңнің тәлімің ғой тұтқаным.
Бойтұмардай өз атыңмен мақтанам,
Бас иемін, о, ұстазым, Мұхтарым!
...Батыр жыры... ғашық жыры.... аңызын.
Төге сөйлеп, тасқын судай ағыздың.
«Бәлі» деуден бастаушы едің дәрісті,
Бөлек едің, кайран Мұхам, жаны ізгі!
Кең маңдайың – жайсаң жазық даламдай,
Қанат қасты – өзің жазған қаламдай.
Көпті көрген көне көзің күлімдеп,
Келмей қалсаң отырушы ек алаңдай.
Тәңір жазған болар, сірә, бақытым –
Көз суғарып, сөз тыңдаған уақытым.
Шәкіртің боп төрт жыл жүрдім өзіңнің,
Жастық шағым – жарқыраған жақұтым.
Сол бір шаққа ой жүгіртсем абайлай,
Талай таңдар атқан екен арайлай.
Тау тұлғаңа қызығушы ек, Тарланым,
Бүгін өзің көрінесің Абайдай.
Ғайбат айтып алдыңнан бір шықпадым,
Ұстазым-ай, көңілімді еш жықпадың.
Қарт шағымда ұшқыр қиял самғатам,
Шәкіртің боп қала берем, Мұхтарым.
Абай тойларында...
Тамыз айы. ІПөкім бұлтсыз ашық күн.
Елегізіп «Қарауылға» асықтым.
Бір ғасырлық мүшелтойы Абайдың,
Жақын еткен небір қиян қашықты.
Ой мен қырдан меймандар кеп жеткелі,
Шат-шадыман Шыңғыстаудың бөктері.
Орыс, Өзбек, Түркімендер ... осында,
Ел басқарған төрағасы, бектері.
Келіп жеткен Мұхтар тобы,
Қаныш та, Қарауылдан қарар құнан жарысқа.
Орымбай мен Әйгі Нартай, Нұрлыбек,
Қажымұқан әзір отыр сайысқа!..
Жүйрік жүйткіп, шабан шаңға ілеспей,
Нартай ақын басылмады жыр еспей.
Сарапшылар тартты тоғыз сыйлығын,
Қажымұқанға: «Аласыз деп күреспей!»
Сегіз қанат ордасында Абайдың,
Алуан тілде үні естілді талайдың.
Ұлы ақынды тұрды толғап Әуезов,
Қонақ біткен тәнті болып қарайды.
* * *
Аласа да, биік те емес бойы оның,
Теңіздейін толықсиды ойы оның.
Көз тойғызар кере қарыс маңдайы
Төкпе тілді айқайы аз, баяу үн,..
Тек тыңдай біл... Құлағыңа құйылар,
Шежіре сөзін шерте шалқып тыйылар.
0, дариға мен білетін сол Мұхтар
Қай ғасырда екінші рет бұйырар?!
Мезгіл – сынап көзінді ашып-жұмғанша,
Өте шығар айлар, жылдар, күн қанша...
Жүз елуі дүрлеп өтті Абайдың,
Қарауылға тігіліп сән үй қанша.
«Елу жылда, – деген қазақ – ел жаңа»,
Түлеп тағы жайнап кетті ен дала!
Абай өзі қалашығын басқарып
Тұрғандайын ойға батып сәл ғана.
Жаса Мұхтар Әуезов!
Мен қашанда жамандаман заманды,
Заман емес айту қажет адамды.
Ашық айтсақ, аулақ адам атынан
Екі аяқты малғұндар бар залалды.
Ғалымсымақ, хабары жоқ тарихтан,
Тілін, дінін о басынан тар ұққан.
Еркіндеді-ау елуінші жылдарда
«Сақ қарағыш» – сатқын атын танытқан.
Шу шығарып «Шындық» атты газетте,
Құтырды-ай кеп қолдау тапқыш боз өкпе.
Не қастерлі қаймақтарға тас атып,
Күйе жағып күңкілі көп сөз етті.
Кесапаттар Кремльден басталған,
Кез болатын кінәсізді бас салған.
«Халық жауы», «ұлтшыл» жамау дап-дайын,
Жүректерде беріш болып сақталған.
Ұқсап пендең бейне айдар малыңа,
Барар жері болды итжеккен – «Калыма».
Ермұхандар кете барды еңіреп,
Тағдыр солай. Мейлі, налы, налыма.
Қуғындады Қаныш пенен Мұхтарды,
Шаш орнына бас алғандар құптады.
Әуезовтің сағы бір де сынған жоқ
Айтқанынан айнымады, ықпады.
Қонаевқа қүда Мұхаң қашаннан,
Араласқан, құйрық-бауыр асаған.
Әттең, бірақ арамбездер арызқой
Оның жүйке тамырын сан қашаған.
Кремльге киліге алмас әуелден,
Димекең де жоғарыға тәуелді.
Сондықтан да арашалай алмады,
Дымы құрып айта алмады дәлелді.
Алматыда жібімеді «тас кеуде»,
«Қылмысыңды мойындап, тек аш!» – деуде.
Оқу орны профессорын жоғалтты –
Кетті Мұхтар – ұшып шалғай Мәскеуге.
Әуезовтің даңқы әлемге тараған,
Мәскеуде де қолдар оны бар адам.
Академик Мұхтар емес ойыншық,
МГУ оны қастер тұтып қалаған.
...Ломоносов тыңдағандай өзі кеп,
Ғұламаның ұйып қалған сөзіне.
Жымың қағар Әлімқұлдың Тәкені,
Қуаныштан тізіп моншақ көзіне.
Ұшып тұрды Төреғұлдың Шыңғысы:
Осы шығар ұлылықтың үлгісі,
Осы шығар суырма ой сырлысы –
Ду қол соқты тыңдаушылар күллісі!
Тілдей-дағы қағазы жоқ алдында,
Тұрды Мұхаң төкпе тілді қалпында.
Қазақша емес, орғытады орысша,
Бірде тежеп, бірде басып қарқынға!
Мұхит болып шалқығандай кей кезде,
Қорғасын боп балқығандай кей кезде.
Гималай мен Хан Тәңіріден әрі асып,
Қыран болып қалқығандай кей кезде...
Парасат-ой ғасыр қойнын қопарар,
Шежіреден шырақ жағып, от алар.
Екі сөзді Тәңіріндей санайды
Жүрегіне ұялаған: Отан! Ар!
Академик түйді ойын асқақтап:
Ашық дәріс тамам болды, – деп тоқтап.
Шабыстан тер басылмаған тұлпардың
Тұяғындай түскен сөзі тақ-тақ-тақ!
Ғұламаңыз тап осындай қайда, – деп,
Студенттер ду қол соқсын, әйдә, кеп!
Сократтан аумайды екен маңдайы,
Тілі өткір – алмас қылыш, найза! – деп.
Дарын даңқы
Маңғаз Мұхаң алаламай бар ұлтты,
Жер жаһанға атақ даңқын танытты.
«Бұрмалауға» әттең, әлі жетпеді,
Өзекті өртеп «өзгертілген» тарихты.
Қатал шақта шытырманды бұралаң,
Болған таныс бізге Гюго, Роллан.
«Жан-Кристоф» пен жатты «Абай» жарысып,
Екеуі де эпопея-роман.
Толстой да жазған ұзақ «Петрді»,
«Абай жолын» танып білген секілді.
Аренаға шықты ұлы суреткер –
Дарын даңқын қолпаштауға бекінді.
Қайран қалып мейірі мол себіліп,
Әуезовпен дос боп кетті Соболев.
Қосарлана қалам тартқан сәті бар
Абай жайлы тіл мен үні төгіліп.
Қайран қалды Шолохов пен Фединдер:
Тарихын көр, дәстүрін көр, жерін көр.
Сар далаға Пушкин сырын сарнатқан
Ұлы Абайға бөлек орын беріңдер...
Тұрды мақтап Тихонов пен Сурковтар:
Қаламдастар, риза болар ұрпақтар.
Жаса Мұхтар жазған роман тарихи –
Эпопея – бай қазына сыр сақтар!
Сол бір тұста Фадеев те шешілді:
Қазақ елі басынан не кешірді?!
Ақын Абай айналасы... бәрі бар –
Талас-тартыс, аума-төкпе не түрлі...
Мұхтардың да орны бөлек ендеше,
Лайық ол жоғары сый бер десе.
Бұл шығарма шырайлы, мол, сағалы
Сусындардай талғамдылар шөлдесе.
* * *
Бүгін ғажап көктен нұрын құйды Күн,
Аса қатал талаптарын тыйды кім?
Алып шықты суырылып Әуезов
Елі күткен ең жоғары сыйлығын!
«Заманның асқаралы ақыны»
Күңгірттенген көңіл бұлтын ашарда,
Қайбір кезде баяндама жасарда.
Өлең сөзді шығармаған есінен
Біз білетін заңғар Мұхтар қашанда.
– Қамыққанда көтеретін еңсені,
Қан майданда жауға сілтер семсері –
Поэзия бронь бұзар снаряд
Снайперлік оқ деп білем мен сені.
Ақындардың дарынын ол далыйтты,
«Ізденгіш те тапқыш» деді Хамитті!
Араша боп Аманжол мен Тоқашқа
Өз ырқына көндірген-ді Мәлікті.
Әбділдадай «ағыл-тегіл шайырды»,
Ұмытпаған «басым үнді Тайырды».
Қастерлеген «қырғи тілді Асқарды»
Қалижан мен Ғали, Сырбай, Сайынды.
«Қойнауларда жортқан арқар, киігі,
Поэзияның шоқысы бар, биігі.
Жарқыраған бейне жайлау отындай
Әр ақынның бөлек сыры, күйі, үні».
Поэзияға берген әркез қол ұшын,
Біз Мұхаңды сағынамыз сол үшін.
Ол сыңаржақ бір сын айтып көрген жоқ
Ақындарға зиян жүрер жол үшін.
Отын көсеп кейбіреулер өсектен,
Талайлардың уақытгары бос өткен.
Қара аспанды жауға алдырар күнұзақ
Ұйқы қанып тұрса болды төсектен.
Саясат пен нарық жақтан дау езіп,
Кімге қажет деудің «анау жау өзі?!»
Қақтығысты қанына қас санайтын
Сол себепті ерте кетті-ау... Әуезов!
Алтын мен қаңылтыр
Алтын менен қаңылтырды салыстыр,
Аралары ұқсамайды алыс тұр.
Қаңылтырлар, алтын болғың келсе егер
Тот шалмайтын талантыңды жарыстыр.
Мұхтар атты іні, аға, адастар,
Өздеріңе ашық айтар «талас» бар.
Бірің емес, мыңың жамыл сол атты,
Шын Мұхаңа жетпей жүйкең толастар.
Әлің білмей әлек болма болбырлар,
Әуезовтың алабөтен орны бар.
Бағы біреу аты ұқсас болғанмен,
Ол Сейфуллин емес – соны ұғыңдар!
Біздің Мұхтар – көк күмбезді ғарыштай,
Рухы зор жанға жақын, таныстай.
Түсінгеннің тауы бөлек тарланы
Тәккаппардың қолы жетпес алыстай...
Аттас інім, асқақтауды тыя тұр,
Адуыңды асылдықты жыя тұр.
Мұхтар – ұлттық театрға шаңырақ
Қауырсынмен жазған куә, сия тұр.
Операдан, экраннанАбайды,
Мың-мың көздер құмарлана карайды.
Мұхтар жолы – Мұхтар сөзі жаһанға
Теңдесі жоқ аңыздайын тарайды.
Жұлдыздайын жарқырайды ұлылар,
Нағыз дарын бірақ рет туылар.
Құдай – жалғыз, Мұхтар – жалғыз,
Күн – жалғыз,
Күннің көзі қашан, қашан суынар?!
Деуден аулақ: «болдым, толдым, ірімін»,
Мен Мұхаңның шәкірттері бірімін.
Терезесі тең тұрғандай кейбіреу
Одыраңдар «мен мықтымын, пірімін».
Артық кетсем кешіре гөр достарым,
Жарты ауыз да жалған сөзін қоспадым.
Мұхаң жайлы үзік ойлар осы еді –
Тұңғыш рет жан сырымды ашқаным.
Достары кім, қасы кім?
Әуезовтің кімдер десең достары?
Шүкір, жетер! Ол жағынан саспады.
Достары оның Сәкен, Қаныш, Бейімбет,
Алғаш Алаш алқасын да қостады.
Достары оның аз емес қой көп жандар...
Әлихандар, Жүсіпбек, Ақаң, Мағжандар,
Өз ұлты үшін терін төккен тарландар
Шейіт болған арамызда жоқ жандар.
Бүл Мұхаңның болды талай дүшпаны,
Бірі «ішмерез», бірі шушыл «үшпалы».
Қайсыбірі арыстанмен алысар
Көзімізге елестетер тышқанды.
Жәдігөйді жолатпас ол қасына,
Лақтырардай таудан түйе тасын да.
Бұлт ойнатып, қабағынан қар қаулап
От бүріккен айналады жасынға.
Шешен сөзін түйдек-түйдек төгеді,
Титықтатып тілмен тірі көмеді.
«Көп көргенсіз, сан сорақы, мол мінді» –
Топастардың тұрпайынан көреді.
Шикіл сары, бет-ауызы құрысып,
Әуезовті қаралауға тырысып,
Жалаларын жалаңдата боратқан
Шегір көзді ғалымсымақ Нұрышев.
Қызғаншақтық қазекемнен қалған ба,
Іштарлық қой оны әуреге салғанда.
Бір салада істей жүріп сол сорлы
Барды-ау бықсық, өсек сөзге – жалғанға.
Өтіріктің бір-ақ тұтам құйрығы,
Шындық жеңер! – бұл да тағдыр бұйрығы.
Жәдігөйлер жаласынан ақталды –
Жоғарғы жақ шықты-дағы билігі.
Мұхтар деңгейі
Нью-Йорктан,
Токиодан,
Делиден,
Мұхаң ойы бейбіт күнге жегілген.
Оның үнін миллиондар тындайды,
Жарлы-жалшы көз жастары төгілген.
Мұхтар үні «Юманите» бетінен,
Ағылшынша,
Чехше,
Қиян шетіңнен.
Тұрар самғап тілдерінде талайдың.
Ақ кептердей шарлай ұшып, бекінген.
Ол ауылда: «Пісмілләдан» бастаған,
Семинария... Ленинград қостаған...
Оқығаны, тоқығаны көп Мұхаң,
Сөйлейді ғой, сөйлер бөлек басқадан.
Луи Арагон – француздың ақылы:
«Замананың асқаралы ақыны!» –
Деген жоқ па Әуезовті әйгілеп,
Осы сөзді жетті айтуға батылы.
Толстойдай! «Шолоховы шығыстың!»
Дегенді де естіп, оқып ұғыстым.
Энциклопедия деген сөзді естідім,
Сом тұлғамен онан сайын туыстым.
* * *
Бәз біреулер «түгеншені» шенейді,
Өзі жайлы «ләм-мим» демейді.
«Үррит соққа» салып қойса екеуді –
Көңілі хош болатындай мерейлі.
Ондайлардан Тәңірім мені сақтасын,
Тарс жабам қаскөйлердің қақпасын.
Мұхаң берген тағылымым адалдық,
Тірейтінім мәңгі бақи ат басын.
0, халайық!
Мәңгі мирас ұққанға,
Қай қаламгер: «Мең теңмін дер Мұхтарға!»
Тарлан дарын дүр деңгейі бір бөлек,
Армандап бақ сол биікке шыққанға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter