Өлеңдер ✍️

  29.12.2021
  180


Автор: Ақберен Елгезек

Тамшы мен тас

Бүгінгі түн – түн емес-ті,
Ай қарайды марқайып.
Тамшы желмен күбірлесті,
тас үстінде жантайып.
Көз тамшысы?
Құр елес – бұл!
Қандай қызық қойылым!
Мен өзім де шын емеспін,
Жаттың жалған Ойымын.
Көзімдегі жастың өзін
Мұң жаратқан, қамықпай.
Тамшы қонған тастың өзі –
Талып қалған жарықтай!
Аңқып ұрар шаш бояуы,
Ол да – ойнампаз, алдамшы.
Көз тамшысы – тастай ауыр,
Тас – қараңғы дәу тамшы.
Түн де, білем, түн емес-ті.
Түн – лүпілі тамырдың.
Өзім де енді шын емеспін, –
Ой көмілген қабірмін.
Ал, көз жасы өшетіндей…
Бұзылардай келісім…
Атып тұрып шешетіндей,
Тас қап-қара терісін…
Бүгін мүлде түн еместі,
Естіледі ақырғы үн.
Сағынумен бір елесті,
Тамшы ішінде жатырмын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу