Әңгімелер ✍️
Тағдырмен текетіресте пенде жеңе ме?
— Қалалық «Өнерлі өрендер» байқауының бас жүлде жеңімпазы — Дарханұлы Арлан! Жеңімпазды ортаға шақырамыз! — Өз ұлының аты аталғанда, Жұпаргүлдің жүрегі кеудесінен шығып кетердей қатты соға жөнелді. Жұрт алдында ең өнерлі деп танылған ұлын мақтан тұтып, осы бақытты күнге қанша қиындықпен, тіпті құрбандықпен жеткен күйеуі екеуінің еңбектері еш кетпегенін біліп масайрай қуанды. Иә, олардың ақылды, өнерлі ұлы бар. Көпшілік арасынан сытылып шығып, Дарханға қуанышты хабарын жеткізді:
— Әкесі, қуана бер! Ұлың қала бойынша сурет салудан алдына қара жібермей, озып шықты. Қазір марапаттап, сахнаға шақырып жатыр!
— Мен таңданбаймын. Ұлымның жеңетініне сенгенмін. Ол әрбір құбылысқа асқан сезімталдықпен қарайды. Суретші үшін бұл аса қажет қасиет емес пе?! — Дархан қуаныштан ұлы екеуі ғана білетін талай құпиялар барын байқатып, бір мақтанып қойды. Жұпаргүл әкелі-балалы екеуінің әңгімелеріне араласса, «бұл — тек еркектердің шаруасы. Ал әйел ерлердің сөзін бөлмей, тек тыңдау керек,» — деп әзілдейтін. Ана мен әке баласының жеңісіне марқайып, жанұя бақытына бөленіп-ақ тұрды.
Арлан оқуда үздік, спортта да қара жаяу емес. Тым жақсы көретін өнері-қыл қаламмен түрлі оқиғалы суреттер салу. Бүгін қалалық деңгейдегі байқаудан бас жүлде жеңіп алды. Орта мектепті бітіретін Арлан болашақ мамандығын да таңдап қойыпты: ол сәулетші болмақ.
Сахнада сөйлеп тұрған ұлын көрген Жұпаргүл өткен күндердің елесінен арылып, оның әр сөзін қалт жібермей тыңдауға көшті:
— Мен осы жеңісім үшін алдымен анама, сосын әкеме рахмет айтамын. Осыдан кейін ұстазым еңбек сіңірді. Анама алғыс айтатын себебім-сұлулықты танып, жүрегімнен өткізіп, елеп-екшеуді алдымен анам үйретті. Әкеме ризамын, ол маған көзім түскен құбылыстардан тұтас ой түйіп, биік ойлауға, талдай білуге баулыды. Ұстазымның еңбегі өз-өзінен түсінікті. Мен осындай ата-анам мен ұстаздарым бар болғандықтан бақыттымын! — Ұлының сөзінің соңын қызу қол шапалақтау мен қошемет сөздер көміп кетті. Анасы биікте тұрған ұлына қарап, «шыққан биігің ешқашан аласармасын» деп күлімдеді...
Қазір Арлан — төртінші курстың студенті. Болашақ сәулетші ару қала Алматының көркін арттыруға бағытталған төл қолтаңбаларын қазірдің өзінде көпті мойындатып жүр. Ұлының жолында жаны құрбан ата-анасының жұмақ жыры Арлан деп басталатын, шаттық әндері де Арлан деп шырқалатын, жеңіл мұң болса да «ұлым» деп үлбірейтін, болашаққа деген сенімдері «перзентім» деп көмкерілетін.
— Апа, кешке мен үйге қонақ ертіп келемін. Қарсы болмайсыз ба?
— Апаң сенің ұсыныс-тілектеріңе қашан қарсы болатын еді, күнім? Қонақасы дайын болады. Сен қам жеме. — Жұпаргүл Арланды бала күніндегісіндей еркелете маңдайынан иіскемек болып еді, ол кейін шалқайып:
— Апа, мен бала емеспін ғой. Қызымның көзінше мені бұлай еркелетіп ұятқа қалдырып жүрмеңіз, — деп қонағының жайын айтып салды. Жұрт алдында еркелеуге де ұялатынды шығарыпты, ер жеткеннен болар.
— Әй, тентегім, сен қызбен дос болатын шамаға жетіп қойдың ба? Шынымен де есейгенің бе?
— Жұпар-ау, сен менің ағарған шашыма қара да, жасымызды шамала. Мына бас текке қырауланды деймісің? Сен ғана сылқым күйіңде қалған. Мен қартайдым, ұлым ер жетті. — Дархан жұмысқа ұлымен бірге шығатын дағдысымен жиналып жүріп, әйеліне деген ыстық көңілін тағы бір ұтымды жерде танытып қойды.
— Әке, мен апам екеуіңіздің сыйластықтарыңызға, татулықтарыңызға қызығамын. Кейін менің де осындай отбасым болса,шіркін! — Жиырма екіге аяқ басқан ұлы кәдімгідей естияр болғанын отбасы турасындағы сөздерінен анық аңғартты.
— Жұпар, келін түсіруге дайындала береміз бе, қалай?
— Құдай сол күнге жеткізсін. Ал кешікпей шығайық. Мен кешке жұмыстан ертерек келіп, дастархан қамын жасаймын. — Үшеуі бір-біріне елпілдеп, тысқа шықты. Дарханның жұмыс орнынан таяуда ғана бұйырған ұядай ғана үйлерінде олар бақытты болатын. Алыс ауылда қалған мал-мүлкін даулап Дархан барған емес. Қалаға қоныс аударып, тыныштық тапқандай еді. Анасымен арақатынасы үзілгеніне көңілінде қыжыл қалса да, оның тірлігін сыртынан бақылап, өзі отбасында тым бақытты жүретін. Кейде өте бақытты болу да қорқынышты болады деседі...
Болашақ келіндерімен танысқан Дархан мен Жұпаргүл қос жасқа сүйсіне қарап, өздерінің жастық шақтарын еске алғандай тоқмейіл күйде отыр. Қыз да бұлар риза болатындай-ақ тым мөлдір, биязы. Есіктен кіргеннен Жұпаргүлді апалап, ас үйде көмектесіп қызындай болып кетті. Дастархан басында төртеуі отыр. Бәрінің көңілдері шат. Жөн сұрасуды алыстан бастайтын қазақтың әдетімен Дархан алдымен қыздың елін сұрады.
— Өзің түп негізің қай жақтан боласың? Алматыға көшіп келдіңдер ме?
— Әке, Әсияның ата-анасы пәтер жалдап, осы Алматыда тұрады. Әсия — үйінің кенжесі. — Арлан ғашығының отбасы жағдайынан толық хабардар екен.
— Дархан, балаларды сұрақпен бастырмалатпай, тамақ ішулеріне мұрша берсеңші. — Жұпаргүл қыздың тостағандай көздерінен имену, қымсыну көлеңкесін байқап қалып, күйеуін тоқтатты.
— Әсия, қарашы, бұл — менің әкем. Тергеуші болып жұмыс істейді. Тергесе анықтамайтыны жеті қат жердің астында ғана қалады. — Арланның сөзіне күлген ата-анасы Әсияға шын жай-жапсарды өздері түсіндіре бастады.
— Қалқам, біз негізі батыс өңірденбіз. Мұнда Арлан туған соң көшіп келгенбіз. Екеуміз де дәрігерлер деген қауымнан боламыз. — Дархан ұлының әзіліне әсіресе мәз болып күліп алды.
— Біз де батыс жақтанбыз. Әкем сол батыстың тумасы. Алматылық болғанымызға жеті жылдың жүзі болды. — Әсия да ақырындап өз жайын айтуға көшті.
— О, жерлес екенбіз ғой. Қай ауданнансыңдар сонда? Мүмкін әке-шешеңді танитын шығармын. — Дархан шалғайда қалған, өзі үшін мұңды сағынышқа айналған ауылына жақын жерді естіп, қауқылдап қалды. Бірақ естігені есінен тандырды. Сол бір қара түндегі құпияның ащы түйінін енді балалар тататын болды ма деп әке жаны шырқырай берді.
Сол құпияға беріктей көрінген қара түнде Дархан Орынгүлден баланың әкесі туралы ежіктеп тұрып сұрап, өзіне жазып алған болатын. Орынгүл көкек әке туралы бар білгенін ақтарған. Дархан қайталап сұрап қатты шұқшиған. Ондағысы болашақта сол отбасымен қалай да байланыста болмаудың сақтық шарасы еді. Сол сақтық шарасы бүгін өзін келемеж етіп алдын орады. О, Жаратқан, туған анасын аңыратып, туғандарының ортасынан безіп саяқ шыққанда тапқан бақыты неге тұлдыр болып шықты? Бұл жолы Құдай сынақ емес, тозақ зікірін жіберіпті. Жылдар бойы қатерлі көмбедей болып келген құпяясы ақыры ұлын өзі іздеп тапты. Ниеті ақ адамға Құдайдың көзі түзу деген осы ма? Түзде де, үйде де адал келеді. Жұпарын жылатпау үшін көп тырысты. Ең соңында айналып келіп, сол қасіретке қайта шыға алмастай болып тұншыққаны ма?! Жоқ! Жоқ! Бұл жай сәйкестік болар. Дархан еңсесін әзер түзеп:
— Кешір, қызым, өзіммен қызметте ащы болған бір танысым есіме түсіп кетті, — деді. Күйеуінің даусындағы дірілді Жұпаргүл сезіп, бірақ оның арғы төркінін толық түсіне алмады. Ал Арлан мен Әсия бұл қобалжуға аса мән бермеді.
Сол күнгі кездесуден соң Дархан мен Жұпаргүлден тыныштық біржолата іргесін аулақ салды. Құдайдан күні-түні тілейтіндері — Алданов Қанағат Арланның шын әкесі емес, жай бір аттас болса екен. Өйткені үлкендердің күнәсі үшін балалар жауап бермейді ғой. Әрі Орынгүлдің сипаттауында Қанағат реңсіз, тұрпайы адам еді, ал Әсия оның қызы деуге қимайтындай тым ажарлы. Құдай-ау, не далбасалап кетті? Бала тек әкесіне тартып туушы ма еді?
— Дархан-ау, осы жағдайдц уайымдаймын деп өмір сүруден қалдық-ау. Бүгін Әсияны үй-ішімен қонаққа шақырсақ қайтеді?
— Онда сол Қанағат екенін қайдан білеміз? Менде суреті жоқ қой. Сен де жөнді ақыл айтудан қалғансың ба?
— Онда Арланнан Әсияның қайда тұратынын сұрап білейік. Сосын...
— Сосын «Қанағат деген сен бе? Сен осыдан жиырма екі жыл бұрын Орынгүл деген қызды жүкті етіп тастап кетіп пе едің?!» деп сұраймын ба? Ақылымнан адасатын шығармын. — Ерлі-зайыпты екеуі осылай жанталас халде отырғанда, Арлан да кештетіп үйге келді. Өзі өте көңілді. Даусы саңқылдап, қара торы өңі бал — бұл жанады.
— Әке, апа, мен бүгін әдеттегіден көбірек ақша жұмсадым. Ренжімейсіздер ме? — Бұл — бір жаңалық айтуды арыдан бастайтын әдеті. Әйтпесе оның ақша жұмсау мөлшерін әке-шешесі шектемейтін. Арлан әншейн қуланып тұрмаған екен.
— Сендер Әсияны келіндерің ретінде елестете аласыңдар ма? Мен Әсиямен сөз байласып келдім. Енді салт-дәстүр ме, жоқ өздеріңнің қиялдарыңда бір жоралғылар бар ма, соларды орындай берсеңдер болады. Мен тезірек Әсияға үйленгім келеді! — Ұлдары екеуіне кезек қарап, аңтарылып қалды.
— Сендер қуанып, тура мен сияқты бір орында шыр көбелек айнала ма десем? Тіпті селт етпейсіңдер ғой. Неге?
— Балам, үйлену жайын тым тездетіп жіберген жоқсың ба? Өздерің студентсіңдер...
— Әке, кедергі болам деп ойлама! Егер мен үйленгім келсе үйленемін. Рұқсат етпесеңдер, Әсиямен бірге бөлек кетіп қаламын! — Арлан ешқашан әкесіне бұлай дауыс көтеріп көрмеген. Дарханды шошытқан да осы болды.Бір қызды бұлардан артық санап, өзі шешім қабылдап үйреніпті. Бірақ Дархан да өз анасына солай жасамап па еді?! Өткен күндердің сағымдай елестері тағы да тіріліп көңілінде жүйткіді.
— Ұлым, әкеңе қатты сөйлегенді қайдан шығардың? — Анасы Арланды сабырға шақырып, әңгімені кикілжіңсіз шешуге тырысты.
— Апа, мен Әсияны бәрінен де қатты жақсы көремін. Сіз әкемді қалай сүйсеңіз, тап солай. Жоқ, одан да артық сүйемін. Ал әкем мені әлі күнге дейін бала көреді.
— Жақсы, Арлан, түсіндім. Біз қыздың отбасына құда түсіп барамыз. Әсия отбасын ескертсін, Сосын дереу барамыз.
— Міне, менің әкем осындай ойлы,ұзын бойлы, парасатты, өте сезімтал жан еді ғой. Мен мекенжайды беремін. Құда түсу ме, сырға салу ма, әйтеуір бір салттарыңды жасап, тойдың қамын бастайықшы. Әйтпесе мен Әсияны шығарып салып тұрып сағына бастайымн. — Махаббаты маздаған жас жігіт әке-шешесінің әлденеге алаңдаулы екенін байқаса да, өз бақытытнан басқаны білгісі де келмеді.
Алматының жазғы кеші. Күндізгі бет қаратпайтын ыстық қайтқан. Кешкі Алматының сән-салтанатын байқауға Дарханның мұршасы жоқ. Жұпаргүл алда өздерін не күтіп тұрғанын білмей, алаң көңілмен кешкі құдалыққа дайындалып жүр. Дайындалып жүргені бір түрлі ерсі, әр затты бір ұстап қайта тастай салады. Ас үйге неше рет кіріп-шыққанының есебін білмейді. Әйелінің тыпырлаған жүрісі Дарханның жүйкесіне тиді.
— Жұпар, қолыңа осы соңғы ілінгенін ки. Қыз күніңде мені бұлай күттірмейтін едің. Не де болса тездетіп барайық.
— Дархан, қорқып тұрмын. Егер...
— Мен қорықпайды деймісің? Жүр шығайық. Тағдырдың не тарту тосып тұрғанын бара көреміз.
Сөйтті де екеуі машинамен зуылдап, желмен жарысқандай кетіп бара жатты. Дархан тез жетіп, өзін қай күннен бері іштен жеген ой құртынан арылғысы келді. Жұпаргүл құдайына мың мәрте сыйынып, қауіптерінің теріске шығуына дұға етіп келеді. Арланның айтқан мекенжайын едәуір іздеп жүріп тапты-ау әйтеуір. Қанағаттың үйі де құда келер деп күтіп отыр екен, үйдің үлкендері бұларды сырттан күтіп алды.
— О, Дархан деген құдам сен боларсың? Төрлетіңдер.— Шиқандай сары, еңгезердей үй иесі гүрілдей сөйлеп, қонақжайлылық танытты. Жұпаргүл машинадан түсе сала, әйелге ғана тән сезімталдықпен оның бүкіл өн-бойын аңдаусыз ғана көзімен тінтіп, Арланға ұқсастық таппады. Әлде бар ұқсастықты көргісі келмеді ме...Қуықтай ғана жалдамалы пәтердегі құдалық жайлы әңгіме тым ұзаққа созылмады. Той күнін белгілеумен аяқталды.
Әңгіме үстінде Дархан Қанағаттан сыр тартып көрді. Әйткенмен жарытып ештеңе біле алмады. Күпті көңілдері сыздап қала берді.
Ал құдалықтан соң Арлан мен Әсия өздерін тым еркін ұстауға көшті. Әсия бұлардың үйіне кез келген уақытта келіп, қонып қалуды шығарды. Арлан кей түндері үйге қонбайтын болды. Дархан ұлына бұл қылықтарының орынсыз екенін айтқанда, ұлы «қазір сенің заманың емес, жаңа ғасыр» деп жауап берді. Ақыры Дархан Қанағат құдасын оңаша кездесуге шақырды. Олай етпеске амалы да қалмап еді.
Енді, міне, минуттарды Алладан ажал әмірін күткен пақырдай дірілдеп өткізуде. Құдасы құрғыр да кешігіп жатыр. Сөзінде тұрып жалғыз келсе жарар еді. Құдай-ау, келмей қала ма? Сағатына қарады, кешкі беске қарай енді еңкейіпті. Уағдалы уақыт алты еді ғой. «Қазір не болады?» деген ой санасын санға бөлді. Жұпаргүл де оң жаңалық күтіп, қайта-қайта қоңырау шалып жатыр. Әне, құдасы өз қарнын өзі әрең көтеріп, мимырттап келе жатыр. Дархан оның алдынан шықты. Дәмханадан өзі дайындаған орынға ертіп әкелді. Қазақтың амандық-саулық сұрасқанының өзі сүт пісірім уақытты алады екен-ау. Арғы-бергінің амандығын біліп барып, Қанағат шай сораптауға кірісті.
— Өткенде де айттым, бүгін де қайталаймын, өзіміз пәтер жалдап, күнімізді әрең көріп жүрміз. Қызыма шалқытып ұзату тойын жасай алмаймын. Әсия да біледі онымызды. Сендер қалыңын берсеңдер, біз қызды пәтерден ақырын ұзатамыз.
— Мен сізді мүлде басқа жайт туралы сөйлесуге шақырып едім. — Құдасының ұзату той жайындағы сөзі Дарханның құлағына жетпеді. Өз сұрағын табан астынан қоя салды. Шыдамы таусылды. Бүгін тыныш ұйықтап, әйелінің көңілін демдеп, сосын аңызға айналатындай ғажап той жасайды. Ал мына мылжың құдасы ұсақ әңгімемен уақытын өлтіріпотыр.
— Оу, о не дегенің? Сен менімен той төңірегінде кеңесем деген соң келдім ғой. Автобуста шаршап, жолға шығынданып...
— Сен Орынгүл деген әйелді танисың ба? — Оқтай қадалған оқыс сұрақтан Қанағаттың өңі қашып кетті.
— Не? Қай Орынгүл? Таныса қайтеді екен? Ұлың «әкем тергеуші» деп айтып еді, рас екен ғой.
— Қай Орынгүлің не? Неше Орынгүлді танисың? Қайсысын жүкті етіп тастап кетіп едің? Жиырма екі жыл бұрын не болып еді, есіңе түсір!
— Сен мені тергеуге шақырдың ба? Әйелдердің қорғаушысы болып жұмысқа тұрдың ба? — Қанағат өз сөзіне өзі мәз болып ырқ-ырқ күлді.
— Күлкінің онны емес қазір. Орынгүл деген қызбен әуейі болмап па едің? Ол кезде «екі баласы бар, кеш білдім» деп еді Орынгүл. Ізбасар деген әкесі бар болған. Аудан орталығындағы қасапханада...
— Ей, маған бұндай сұрақ қоятындай сен кім едің? Бекер келген екенмін. Ана көзі жұмылып қалған ұлыңа айт, менің қызымды төңіректемесін. Бітті, мен кеттім. Ешқандай қыз да бермеймін!
— Ал Арлан сенің ұлың болса қайтеміз? Айт! Орынгүл деген танысың болып па еді?! — Дархан мына мес қарынның санасына әңгіменің астары жетпегенін біліп, ашудан буынып кетердей тіс арасынан сыздықтата тәм зәрлі сөйледі.
— Не?Арлан сендердің ұлдарың емес пе? Сонда қалай?
— Біз оны асырап алғанбыз. Анасының аты — Орынгүл. Ол қыз баланың әкесінің аты-жөнін... — Өркөкіректікпен орнынан түрегелген Қанағат сылқ етіп отыра кетті. Жиырма екі жыл бұрынғы естеліктер көз алдында есінен айыра елестей жөнелді. Аудан орталығына қатынап жұмыс істейтін. Әйелі мен екі баласы ауылда қалатын. Үйден сәл жырақ шықса, өзін бойдақ сезінетін еді. Сондай салт бас, сабау қамшылы кезінде Орынгүлмен танысты. Бұрын алданып көрмеген жас қыз бұның еліктіруіне тез көнді. Үйде әйелін күттіріп, түзде тағы бір әйелмен, пай, шіркін, керемет күндер еді. Нағыз еркек солай болса керек-ті. Бұрынғылар бес-алты әйелге дейін ала берген ғой. Ал бұның екі әйелге шамасы жетпей ме? Жеткенде қалай! Осылай Орынгүлді бар өтірігіне сендіріп, онымен құмарын қандырып жүргенде, жүктілігін естіді. Өзін «тәжірибелі» санайтын ожар еркек ондайға мүмкіндік бермейтіндей өзіне сенімді еді. Бірақ Орынгүл «махаббатымыздың жемісін көтеріп жүрмін» дегенде, көпе-көрінеу күйіп кетті. Бұған керегі жеміс пе еді?Анда-санда бір «тәттісінен тамсандыра татқызса», сол да жететін еді ғой. Ал ол ақымақ «жеміс» дейді. Ақыры өз өтірігін өзі ашуға тура келді. Орынгүл тұрған орнында қалшиған да қалған. Бұл оның не күй кешкенін аңдап жатпаған,айтарын айтты да қолын сілтеп кете берді. Араға екі жыл салып Әсия дүниеге келді..
— Әсия, қызым, мүмкін емес! Жоқ-жоқ! Орынгүлдің ұлы алдыңнан шығуы мүмкін емес! Құдайдың олай кәрленетіндей сенің не жазығың бар?-Қанағат кемсеңдей, тысқа ұмтылды.
— Ал дәл бұлай қорланатындай Арланның не айыбы бар? — Дархан ожар сарының соңынан ілесе шықты. Тағдырмен текетірес келуге тайсалмайтын өр мінезді Дарханның бұл жолы сағы сынды. Іші-бауыры сұп-суық болып мұздап бара жатты. Тек бұл мұздаудың соңынан жылылық болмайтынын мойындамай, әлдебір әлсіз, негізсіз үмітпен Қанағатты қуып жетті.
— Тоқта, ол емес болар. Басқа Орынгүл болар. Есіңе түсір. Тағы қандай ерекше мәліметтер білетін едің?
— Алла, мені бұлай жазалама. Мен Орынгүлге «әкеңнің ұйіне барып ту» деп тексізденіп едім. Енді өз қызым... Жоқ! Ойлауға да қорқамын!— Дархан бұдан арғысын естімеді. Естуге қауқары қалмады. Құлағына қайран анасының азынау үні келді: «Сен енді тек құрдымға шөгесің. Ана баланы сорыңа бола асырадың!» «Апа! Анашым!Тылсым күш саған ұлыңның соры қайнайтынын сездірген екен ғой! Сол кезде мен де осы ақырзаманды барлай алсам ғой! Апатайым! Ұлыңды құтқаршы! Мен қазір тозақтың түбінде тұрмын. Құтқаршы,анашым!Ақ батаңды алмай кетіп едім, бүгін соның көресін көрдім ғой! Ақылды анам, менің қандай күнәм бар еді? Енді қалай өмір сүремін? Ұлың өліп барады, апа! Дем берші, келші қасыма! Тұншығып барамын!» Дәмхана алдындағы шағын саябақта сілейіп ұзақ отырған Дархан осыдан бес жыл бұрын о дүниелік болған анасының рухынан жәрдем күтті. Алла аямаған пендені аруақтар қорғай ала ма?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter