28.12.2021
  394


Автор: Таупық Рымжанов

Алтын киік

Махаббат мұңы деген осы болар. Елінің Күнін іздеп шыққан Өлместің асқақ көңілі жасығандай, аспандап кеткен арманына қолы жетпестей болып мұжыльш қалды.


Нөкерлері жуынып-шайынып, абыр-дабырмен ханзада шатырының алдына жиналғанда Өлмес басы салбырап, көсілген аяғын жинауға да ерініп, шатыр қадасына арқасын тірей салғырт отырған.


Өлмес?!
Ханзада?!


Оңынан туған күнді енді таптық па дегенде, мына отырысың не?!
Қайғырмашы, Өлмес! Өз Күнімізді де табармыз!


Бірі Өлместі құшақтап, бірі басын сүйеп үрпиісіп қалды. «Ескі жұртқа қондық па?» деп, түнеген жерлерінің құтты болмағанына шошыды.


Қайтамыз, — деп күбірледі Өлмес. — Қайтуға дайындалыңдар!


— Ыстық ас ішші, ханзада.


— Күнімізді іздеп шығып, орта жолдан қайтқанымыз ырымға жаман!


Ханзада аяғын жалқау қозғады:


— Шатырды жығыңдар... Абыз атама жетуім керек! Дәл қазір ғұламаның бір ауыз сөзіне зар ғып қойған Құдайға не жазып едім! Аспанға қалай шығам?... Қайдан табам?


— Құдайға тимеші, Өлмес! — Орынтай досы айналып-толғанып жүр. «Аспанда несі бар?! Кімді қайдан табам деп отыр?»
Теріс айналған күңгірт Күннің алға басқан аяғыңды кері кетіріп, иығыңнан басып, жанды езгілей келген сиқырына иліге қоймай келіп, аяқ астында кежегесі кеткен, жаратушыға өкпелі, жігерсіз күйге түскен ханзадаға «Құдайға тимеші» деп басу айтқанмен, Орынтайдың өзі де «Не жазып едік?!» деуге шақ тұр.


— Жақсылықтың беті бері қарағанда, тағы бір пәлеге ұрындық па?! — деп, өз аузын өзі баса қойды.


— Біріміздің түнде қасында болмағанымызды қарашы!


 


Өлмес оларға жақтырмай қолын сілтеді:


— Неткен мылжың едіңдер, түге! Шатырды жықпайсыңдар ма!
Сонау биіктен қыран құс көлді айнала қалықтайды. Оның көлеңкесінен үріккен қос қасқалдақ қамыс арасына сүңгіп кетеді.


Көл бетінде олардың шеңбірек атқан толқынды жолдары жан-жаққа жылжып тарап барады.


Өлмес шатырларын жығып жатқан нөкерлерінің «оның ауырып қалғанына» бірін-бірі кінәлаған жасқаншақ, баяу да зілді дауыстарына немқұрайды құлақ салып, қос қасқалдақ сызып кеткен көл бетіндегі сопақ «шеңберлерге» ойлана қарап отыр еді, оң жағынан бірдеңе жылт еткендей болды. Жолдастары: « Киік! Алтын киік!» — деп шу ете түсті.


Көл жағасынан алпыс-жетпіс қадамдай жердегі тұма көзінің алды оларға ауыз суға жетіп жатқан шағын суат еді. Өлмес суат суын тізерлей жалт-жұлт етіп сіміре жұтып, сонсоң «Мені көрдіңдер ме?!» дегендей шатыр жаққа тәкаппар қаздия қарап тұрған Алтын киікті көрді.


Өлмес екі тәулік нәр татпай сұлық жатты.


Алтын киік «Сендерден қорқатын мен емес» дегендей, күнде тұмадан асықпай тұрып су ішіп, емін-еркін жайылады; өзін қуып жете алмаған жастардың намысына тиюмен болды.


Жігіттер Алтын киікті ұстай алмайтындарына көздері жетіп, ақыры:


— Шатырды жығамыз ба? — деп Өлместің ыңғайына көшті. Өлмеске шатырды жық мейлі, жықпа мейлі — енді «бәрібір» күйде еді. Жолдастары шатырларын жығып, жол түйіншектерін жеке аттарға тиеп болған соң, оны атына демеп отырғызьш, тізгінін қолына ұстатты. Жетекке алмақ. Өлмес болса ат үстінде найзасына таянып сүлесоқ отырды да қойды. Астындағы Ұшқыр қасқа да айнала ызылдаған жалғыз бөгелекті қағып түсірем деп қыл құйрығын қозғаса, Өлмес ерден ауып түсердей көріп, бүлк етпей мүлги қалған.


Олар көл жағасынан қозғала бергенде, нөкердің бірі екі күнгі қиқудан қарлыққан дауыспен айқай салды:


Киік! Алтын киік!


Бәрі суат жаққа жалт қарады. Алын киік күндегі әдетімен суға бас қойған екен.


— Қоршаңдар! — деп дауыстады қайсар Орынтай. — Соңғы рет бір қуып көрейік!
Олар жүк тиелген аттарын тастай салып киікке лап қойды.


— Соңғы рет болса, соңғы рет болсын! — деген бірі бұл қимылдарының да бос әурешілік екенін біліп, кұйғытып бара жатып қарқылдап күлді.


Киік олардың киқу-дүмпуіне мән берген жоқ. Суға қанды да, сақинадай болып құрсаулана тақап келе жатқан нөкерлердің алдында олай бір, былай бір қаздаңдай шоқырақтап, анадай жерде ат үстінде найзасына сүйеніп тұрған Өлмеске қарай бір-ақ атылды!


Оның құрсаудан қалай қарғып кеткенін ешкім байқамай қалды.


Өлмес өзіне қарай танауы делдиіп, аузын арандай ашып, оқгай зулап келе жатқан Алтын киіктен ұйқыдан шошып оянғандай селт етіп, найзасын түсіріп алды! Киік екі-үш қадамдай қалғанда Өлместің көзі оның көзіне түсті... Ғажап көз! Аумаған адам көзі! Бота көз деп аталатын аялы, қап-қара мөлдір көз! «Мынаның көзі адамның көзі ғой» деп ойлап үлгерген жоқ, Алтын киіктің алдыңғы аяқтары көкке атылды да, Өлместің басынан бір-ақ қарғыды!


Өлмес Алтын киік көзінің түсінде көрген Айбарша сұлудың көзінен аумайтынын аңғарып қалды. Бойы сергіп жүре берді. Ақыл-есін жиды. Ол «Шатырды жығыңдар! Қайтамыз!» деген бұйрықты асығыс, ұшқары айтқанын сезді. Қайтьш кетсе, Айбаршадан біржола көз жазып қалатындай көрінді... Түсінде Ай астындағы Айбарша сұлуға ғашық болып қалғанын, оның мөлдіреген бота көздерінің Алтын киіктің көзіне ұқсас екенін, Алтын киікті ұстаса елінің Күні оңынан туатын үміті оянғанын жолдастарына айтпады. Ғашықтық сырын ашпады. Бордай болып үгілді деген сөзге қалғысы келмеді.


Ол атынан түсті де, нөкерлерінің арасынан сыналап шығып, көлдің сол жағындағы Алтын киік асқан белеске қарай аяңдап жүре берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу