Өлеңдер ✍️

  27.12.2021
  456


Автор: Сыпыра жырау

Уа, Хан ием, Хан ием

Уа, Хан ием, Хан ием,
Құлағыңды сал, ием.
Талан болды біздерден
Сансыз дүние-мал, ием.
Қанды көрсе қалтырар
Қырғи құстың баласы.
Таңды көрсе, шарқ ұрар
Бұлбұл құстың баласы.
Оқ жарасы бітсе де,
Бітпес сөздің жарасы.
Көп ойланып сөйлеген
Сөзіңнің болар расы.
Жемтік болды дұшпанға
Көп ноғайдын баласы,
Көздерімнің қарасы.
Жер жетпесе еш саған,
Жерің тұр ғой алдыңда.
Көл жетпесе еш саған,
Көлің тұр ғой алдыңда.
Ел жетпесе еш саған,
Елің тұр ғой алдыңда.
Қырғи болып құтырып,
Қызыл етті аңсама.
Қаршыға болып құтырып,
Қасқыр етін аңсама.
Тұйғын болып құтырып,
Түлкі етін аңсама.
Қанқұмар болса билерің,
Қаралы заман бұзылар.
Жеткіншек болған жұртыңа
Беймезгіл көр қазылар.
Қызыға берме ұрысқа.
Зияны тиер ырысқа.
Себепсіз еш ұрыс болмас,
Ұрыс болса, тұрыс болмас.
Еліңді талап сен алдың,
Темірменен тең алдың.
Халқыңды жинап бір жерге,
Жеңімпаз хан атандың.
Елің әбден толықты,
Енді саған не керек?
Күн сайын қан төгіспе,
Зәрезап болды төңірек.
Ұрыстың болар өз заңы,
Қаншама қан төгілер,
Хан салығынан халқыңның
Қабырғасы сөгілер.
Күнәсіз қан жуылмас,
Біреудің малы бұйырмас.
Тентек ханды ел сүймес,
Шатақ ерге қыз тимес.
Қанды көйлек киілмес,
Тұтқын қатын сүйілмес.
Кеуілің қанша сүйсе де,
Дұшпаныңа иілмес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу