Өлеңдер ✍️
Жаз бен сұлу...
Көңілім бүгін серпілді аз,
Азайды, бәлкім, күрсіну.
...Есілдің жазы – еркін жаз –
Еркелеп жүрген бір сұлу.
Бір сұлу ол да от ерін,
Біздегі ойдың – бәрі ізгі:
Желпілдек көйлек етегін,
Жел қағып өткен тәрізді...
Қымсынып маған қарайды,
Қысылған мен де өң берем.
Майысып шашын тарайды,
Майда да қоңыр желменен.
Айнала сұлу әнімен,
Байланған соған баламын.
... Бір қызға қарап қалып ем,
Төмен сап өткен жанарын,
Қызғанды ма екен, құрғыр-ай,
Құбылды жазым дембе-дем,
Өкпелеп қалған құрбыдай,
Өпкізбей қойды ернінен.
Көңілдің көркем қалқасы,
Жек көрме мені жатыңдай.
Сұлу мен жаздың ортасы,
Абдырап қалдым, апырмай!
Махаббат – алтын буындай,
Кеудемде менің маздайды.
Жазды да сүйем сұлудай,
Сұлуды сүйем жаздай бұл!
Жанымды енді жаңғырт, жаз,
Жазбаған жыр көп – мұратым.
...Арқаның жазы – албырт жаз –
Аңқылдап жүрген бір ақын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter