Шығармалар ✍️
Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
Мұқағали Мақатаев
«Отан» сөзі аясына кең дүниені сыйғызуға болады. Отан ең алдымен отбасың: Жарық дүниеге әкелген анаң және алып бәйтеректей қорғаның әкең. «Отан отбасынан басталады» деп тегін айтпаған ғой шешен қазақ халқым. Отбасынан басталған отан Отан туған туыстарыңа, ағайын бауырларыңа, жора жолдастарыңа және бүкіл адамзат баласына деген сүйіспеншілікті туғызады.
Менің Отаным Қазақстан! Алатау мен Тянь-Щаньның асқар таулары және биікте жатқан көкорай шалғындары, Шарын шатқалының қайран қалдырар арналары мен құлама сарқырамалары, сонадайдан көз тартар Үстірттің тылсым кеңістігі, інжу-маржан Балқаштың көгілдір айдыны, жасыл желек жазира, самал желмен жайқалған ақ селеулі даласы, кербез сұлу Бурабайдың бишідей бұралған ақ қайыңдары мен шыршалы ормандары, толқындары тулаған қарт Каспидің шетсіз-шексіз шалқар айдыны, өзім туған өлкенің табиғаты мен елімнің мақтанышына айналған сұлу Марқакөл көлі және тағыда басқа толып жатқан әсемдіктері кімде-кімді болмасын тамсантпай қоймайды.
Сонау 15- ғасырда Керей мен Жәнібек хандар ірге тасын қалаған Қазақ хандығы бүгінгі күнде халқы тату-тәтті, болашағы баянды, бүкіл әлем таныған Қазақстан Республикасымыз. Қатал тағдырдың қаншама соққысына төтеп беріп, еліміздің егемендігіне қол жеткіздік.
Желтоқсан оқиғасына қатысқан, ұлтымыздың мақтанышы Қайрат Рысқұлбеков: «Бұл дүниедегі ең зор бақыт – еркіндік. Адамның бостандықтағы бір күні, қапастағы бар ғұмырдан әлдеқайда қымбат,» дегендей, бүгінгі күнімізге шүкіршілік етіп, азаттығымызды бағалап, қандай қиыншылықпен келгенін түсіне білуіміз қажет, бүгінгі ұрпақ.
Ал бүгінгі таңда еліміздің тұңғыш президенті, «Ғасыр адамы» - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұстанған салиқалы саясаты арқасында әлемнің ең дамыған 110 елі арасында өз орнымызды ойып алып, сол елдермен тереземіз тең дәрежеге жеттік.
Жаппай жою қаруына тосқауыл қойған, бүкіл әлем елдерімен тек достық қарым-қатынаста болған, сонау 19- ғасырда өмір сүрген, қазақ халқының алып бәйтерегі, ұлы ақын Абай атамыз сияқты бүгінгі Елбасымыз Нұрсұлтан атамыздың ертеңгі ұрпақтарымызға тарихта қайталанбас тұлға ретінде қаларына анық көзім жетеді.
Кеше ғана, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында, аңсаған арманымызға жетіп, ел егемендігін алып едік. Ал биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқ бастық. Бұл уақыт тағдырлы шешімдердің, ерен еңбек пен тарихи табыстардың кезеңі ретінде халқымыздың санғасырлық тарихына енеді. Бұл жүздеген жылдарға татитын жылдар болды. Бодандықтан босағанымызға осыншама аз уақыт болса да, көптеген биік белестерді бағындырдық. Өз тәуелсіздігінің үшінші онжылдығының табалдырығында тұрған Қазақстан алдында мемлекет дамуының келкшектегі бағытын айқындайтын жаңа міндеттер қойып отыр. Бізде болашақ дамуымыздың бағыт-бағдары нақты, ол Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында, еліміздің үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасында көрініс тапқан.Қазақстан өзінің өнегесі арқасында шағын халқы бар мемлекетіміздің бүкіл әлемнің дамуына қалайша ықпал ете алатынын көрсетіп берді.Ядролық қарудан бас тарту, интеграциялық бастамалар, сондай-ақ, ЕҚЫҰ-ға жаңа серпін беру сияқты игілікті істердің барлығы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Біз бейбітшілік заманында туған ұрпақ – бақыттымыз! Осының өзі Отаныма деген сүйіспеншілігімді арттырып, жүрегім Отаным десе лүпіл қағады. Біздің еліміздің мақсаты - әлемнің барынша дамыған мемлекеттерінің қатарына ену. Сондықтан біз бүкіл әлемге өз болашағымызға деген ортақ жауапкершілігімізді және береке-бірлік пен өркендеуге деген өз ұмтылысымызды таныта отырып, Көшбасшымыздың айналасына бірігуіміз қажет. Біз еліміздің бүгіні мен болашағын отаншыл жүрекпен, отаншыл тілекпен, отаншыл құштарлықпен қалыптастырамыз. Біз үшін ең асыл мұрат – ел мүддесіне адал қызмет ету. Сондықтан, мен биылғы 2015 жылдың түлегі, болашақта өзім таңдаған ағылшын пәнімен жоғарғы оқу орнына түсіп, халықаралық қатынастар мамандығын алып , тәуелсіз елімнің мүддесі үшін еңбек ету.
Ерғазы Санат
11 -сынып оқушысы
Күршім ауданы
№1 Теректі орта мектебі
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter