Туындылар ✍️
Қытай мифтерінің аудармасы 中国神话传说翻译
КІРІСПЕ
Ауыз әдебиеттің ертеден келе жатқан бір саласы – аңыздар мен ертегілер – бір ұлттың дүниетанымы, ой-өрісі, діні мен ділі, тарихы мен этнографиясы, салт-дәстүрі және мәдениетінің айнасы. Сондықтан халық оны сонау ықылым заманнан рухани қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп, бүгінгі біздің дәуірімізге жеткізді.
Аңыз-ертегілердің басты кейіпкерлерінің бәріне тән ортақ қасиет: өжеттілік, ерлік, адалдық, әділдік, дос үшін отқа түсуге әзірлік, қиындыққа төзгіштік, уәдеге беріктік, отанға деген шексіз сүйіспеншілікж әне жеңімпаздық. Ондағы ұнамды кейіпкер әрқашан барлық кедергілерді жеңіп, мақсаттарына жетеді.
Аңыз-ертегілер халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігін, тарихын, қоғамдық өмірін суреттейді. Сондықтан да аңыз-ертегілер өзінің даму процесінде көптеген өзгерістерге ұшырады, әрбір тарихи кезең ерекшеліктерін, қоғамдық ой-сана мен көзқарастарды өз бойына жиды.
Ол жеке адамдардың үлгі-өнеге істерін суреттеп қана қоймай, қайта ол жеке образдар арқылы бүкіл халықтың тапқырлығын, ерлік ісін, сарқылмас күш-қуатын көрсетеді.
Ұсынылып отырған оқу құралында қытай халқының дүниетанымы, қоршаған ортаға байланысты түсініктері және оны өздеріне бағындыру үшін жасаған күресінен туған тарихи әңгімелер, белгілі кезең шындығымен баяндалады.
Ежелгі қытай халқы өзіндік материалдық және рухани мәдениет құрды. (б.з.б. ІІ мыңжылдық) қытайларға табиғатқа табыну тән болды. Олар тау, жер, өзен, күн, ай, жаңбыр, жел рухтарына табынды. Бұлардың барлығы олардың миф пен аңыз-ертегілерінде көрініс береді.
Кейін келе олар әртүрлі рухтардың орнына патша билігіне бас ие бастайды. Патша – Аспан ұлы, яғни Құдайдың жердегі өкілі болып саналды. Қытайда ата-бабаларға табыну да басым болды. Ежелгі қытай халқының рухани өмірінде әлеуметтік этика мен әкімшілік билік басты рөл атқарды. Қытайлар өмір мен өлім проблемалары туралы ойлаған жоқ, о дүниедегі өмірде қайғы-қасіреттен құтылуды емес, шынайы өмірде тіршілік етуді ойлады. Дін емес, салттық этика дәстүрлі қытай мәдениетінің бейнесін қалыптастырды.
Мыңдаған жылдар өтсе де, қытай даналығы құнын жоймаған діни-мифологиялық жүйені жасаушы Конфуций еңбегінде көрсетілген (Куң Фу Цзы, б.з.б. 551-479 ж.). «Билеуші – билеуші, бодан бодан болып қалады, әке-әке, ұл ұл болып қалды». Конфуций негізгі рақымшылдық деп адалдық, өзгені тыңдау, ата-ана мен үлкенді құрметтеуді айтты. Конфуций ілімі бойынша, ата-бабаға табыну, ежелгі дәстүрлерді, жораларды сақтау (қытай рәсімі) – бұл идеал қоғамды қалыптастырудың негізі. Осы қоғамды құру үшін әрбір адам өзіне талап қойып, барлық ережелер мен канондарды сақтау керек. Сонымен, қытайлар үшін өмір сүрудің негізгі принциптері ретінде конфуцийлік дін емес, моральдық-саяси доктрина болды. Ол қытай мәдениетін бейнелеп, қытай тұрмыс-салтының негізі болып, сонымен қатар әкімшілік жүйе, әлеуметтік және экономикалық процестерді реттеу функциясын атқарады. Бұның барлығы қытай аңыздары мен ертегілерінде жиі кездеседі.
Даосизмді жасаушы Лао Цзы («Қарт дана», аңыз бойынша, ол 200 жыл өмір сүрген) болып саналады. Оның пікірінше, өмірдің барлығы – әбігершілік. Адам Жердің ізімен жүреді, Жер Аспанның, Аспан Даоның (жол), ал Дао табиғатың ізімен жүреді. Дао ілімінде адам заттардың табиғи тәртібін өзгерте алмайды деді, сондықтан Даосизмді жақтаушылар белсенді әрекеттен бас тартуды насихаттап, «әрекетсіздік» теориясын ұсынады. Олар әлем адам сияқты тоқтаусыз өзгерістер процесінен тұрады деп қарады. Басты шарт – жолды бұзбау, әлемдік ырғақпен қарама-қайшылыққа келме деді. Қытайдың барлық діни жүйелерінің ортақтығы: үлкендер мен ата-бабаларды құрметтеу, отбасыны тыңдау, «әрекетсіздік» идеясы, шындыққа сырттан қарау. Адамның тұлға ретінде өзіндік құндылығы болған жоқ, «тұлға – мемлекет пен ұжым алдында ештеңеде емес» деген принцип бойынша өмір сүрді. Осы дүниелерді біз аңыз-ертегілерден анық көре аламыз.
Ежелгі қытайдың рухани өмірі туралы қазіргі түсініктер көне жазба көздерге негізделген. Б.з.б. XV ғасырда қытайда екі мыңнан аса иероглифтен тұратын иероглифтік жазудың дамыған жүйесі болды, б.з. ІІІ ғасырында олар он сегіз мыңға жетті. Б.з.б. І мыңжылдықтың басына жататын «Жырнама кітабы» мен «Чу тәпсірлері» ежелгі әдебиеттің ескерткіштері болып саналады. Осы екі кітапта бізге жеткен көптеген аңыз-ертегілердің бастауы осында жатыр. Қытайлар ұзақ уақыт жібекке табиғи бояулармен жазды, біздің заманымызда мылтық қара дәрісі мен қағазды, компас пен баспа ісін ойлап тапты. Қолданбалы өнер де дамыды: қола айналарды жасау, нефрит пен сүйекке ою салу, керамика өнері пайда болды.
Қытайдың сәулет өнері қызықты да ерекше. Ел біртұтас орталықтандырылған мемлекет болып толығымен біріккен кезде (б.з.б. 221-207 ж.) Ұлы қытай қорғанын тұрғызумен есте қалды, бірақ қытай қорғаын біздің заманымызға дейін жартылай сақталып қалды. Сәулет өнеріндегі табыстарға қол жеткізуіне бірден-бір себеп математиканың дамуы болды. Б.з.б. V ғасырда қытайлар тікбұрышты үшбұрыштың қасиеттерін білді. Олар ғылымға бірінші боп теріс сандар ұғымын енгізді, б.з.б. ІІІ ғасырда магнитті аспапты, компостың алғашқы түрін, су диірменін ойлап тапты, астрономия дамыды. Олар жылды 12 айға, айды 4 аптаға бөлді. Б.з.б. V ғ. 800 шыраққа жұлдызнама жасалды, олар аспан күмбезін 28 шоқжұлдызға бөлді. Б.з.б. 28 жылы адамзат тарихында қытайлар бірінші боп Күн бетіндегі дақтарды суреттеп берді, астроном Чжан Хэн әлемдегі алғашқы айналатын жұлдыз глобусын жасады. Медицина едәуір табысқа жетті. Б.з.б. ІІ мыңжылдықта қытайларға көптеген музыкалық аспаптар белгілі болды: барабан, дабыл, сыбызғы, металды қоңыраулар, ішекті аспаптар, шертпелі аспаптар, үрмелі аспаптар, бамбуктен жасалған аспаптар, балшықтан жасалған аспаптар және басқалар. Б.з.б. I мыңжылдықта арнайы сарай маңында музыкалық қызмет құрылды, мәдениеттің барлық салалары мемлекет иелігінде болды. Демек, қытай мәдениеті қытайлардың дүниетанымында болғандықтан мыңдаған аңыз-ертегілер бүгінге осы мәдениеттің негізінде сақталып отыр.
Қытай әдебиетінде山海经, 淮南子, 楚辞, 列子, 吕氏, 春秋, 庄子 қатарлы көптеген кітаптар біздің заманымызға толығымен жетіп, аңыз-ертігілер негізінде жазылған. Көптеген аңыз-ертегілер жазу пайда болмаған заманда жұрт арасында ауызша тарағандықтан бізге толық нұсқалары жеткен жоқ, тіпті, жазу пайда болғаннан кейін жазылған аңыз-ертегілердің толық нұсқасы өртелген, сол себепті аңыздар мен ертегілерді зерттеу жұмысы өте өзекті мәселе болып табылады.
Аңыздар мен ертегілерді мазмұнына негізделе отырып тоғыз түрге бөлуге болады:
1. Әлемнің жаратылысы туралы аңыз-ертегілер;
2. Күн, ай, жұлдыздар туралы аңыз-ертегілер;
3. Қоршаған ортаға, ұлы күшке табыну туралы аңыздар (мысалға айтсақ, жел құдайы, жаңбыр құдайы, найзағай құдайы, құрғақшылық құдайы, от құдайы қатарлы құдайларға табыну);
4. Сел апатына байланысты туындаған аңыз-ертегілер;
5.女娲 туралы мифтер;
6.伏羲 туралы мифтер;
7. Батырлар мен патшалар туралы аңыз-ертегілер.
Мұнда батырлардың адам айтса нанғысыз, көзсіз ерлік істері баяндалады. Батырлардың құдіретті күшпен бір ғажайып байланыста екендігі және батырларды сол күш қолдап, қуаттап отыратындығы туралы айтылады. Сол арқылы батырдың жұртына пана, халқына сүйеу, еліне қорған болған ерлік істер жасалады. Бұндай аңыз-ертегілер тыңдаған жанды тамсандырып, аузының суын ағыза тыңдататындай ерекше баурайтын күшке ие болады.
8. 羿 туралы аңыз-ертегілер (алғашқы Чин патшалығы кезіндегі 《左传》,《天问》,《仁羿》сияқты кітаптарда көптеп кездеседі);
9. 嫦娥 туралы аңыз-ертегілер.
Аңыз кейіпкері және тарихи оқиғалар:
Өмірде болған жұрт арасында ерекше дарын-қабілетімен көзге түскен және ұлы күштің қолдауында жүретін таңғажайып аңыз кейіпкерлерді айтуға болады. Енді бірі жасаған дәуірі, ерлік істері жазба тарихта сақталса да, халық арасында бірнеше нұсқада тарайтын аңызға айналған айтулы тұлғалардың жұрты ұшын жасаған ерліктері мен жауыздықтары қатар өрбитін тарихи кейіпкерлерді атауға болады.
Aңыздардың ерекшелігі:
1. Қиял-ғажайып түсі басым, мазмұны сан алуан түрлі, адамды өзіне баурау қуаты күшті, романтикалық стильге ие, бас кейіпкерлері халықшыл, жұртына адал адам болады;
2. Қытай классикалық аңыздары тұлғалардың қоршаған ортаны бағындыру және оның сырын ашу ерліктері негізінде жазылған.
3. Аңыз-әңгімелердің жұртқа тез тарайтындығы және сол дәуірдің идеологиясына айналатындығы, сонымен қатар оның жергілікті, ұлттық түс алатындығы;
4. Аңыздардың бай мазмұндылығы және әдеби түс алатындығы;
5. Аңыздардың сол ұлт, сол халықтың мәдениетінің көрсеткіші болатындығы. Онда сол ұлттың дүниетанымы, мәдениеті, сат-дәстүрі, діні, ділі т.б. да ерекшеліктерін айқын аңғаруға болады.
Біз халық арасына тараған аңыз ертегілерді ерекшеліктеріне қарай үлкен 5 түрге бөлеміз:
1. Қиял-ғажайып ертегілер мен балалар ертегісі. Бұл ертегілер адам қиялынан, арман-тілегінен туған, сондықтан да романтикалық түсі басым болып келеді. Ондағы бас кейіпкер қарапайым халық ортасынан шыққан адам болады. Онда ақыл-ойға келмейтін істерді жүзеге асыру туралы баяндалады. Мұндағы кейіпкер образы, істің барысы, жазу тілі әр жерде әртүрлі болып келеді.《毛衣女》, 《叶限》,《吴堪》сияқты ертегі-аңыздар – ерте заманның ең атақты туындылары;
2. Хайуанаттар жайлы аңыз-ертегілер. Олардың бас кейіпкері адам сияқты сөйлейді және адамға көмектеседі не адамға қарсы болады;
3. Тұрмыстық ертегілер. Мұнда жақсылық пен жамандықтың бір-бірімен қақтығысы суреттеліп, ақыр аяғында жақсылық жеңеді. Бас кейіпкер қарапайым, ақкөңіл адам болады;
4. Мысал ертегілер. Бұл халық арасында кеңінен тараған ертегілер. Алғашқы Чин патышалығы заманында《揠苗助长》,《守株待兔》,《刻舟求剑》 сияқты аңыздар бас кейіпкерді келемеждеу арқылы оқырманды терең ойға салады;
5. Күлдіргі аңыз-ертегілер. Олар қысқа құрылымды, алайда айтар ойы тереңде жатады. Жалпы, қытай аңыз-ертегілері – жұрт арасында кеңінен тараған тарихи аңыздар, тарихи оқиға мен тарихи тұлғаларға ие, әйгілі адамдарды арқау ете құрылған аңыз-ертегілер қытай әдебиетінде көптеп кездеседі.
Ертегілердің барлығы «Ерте, ерте, ертеде», «Баяғы өткен заманда», «Сонау бір атам заманда» деп басталады. Осының өзінде үлкен мән жатыр. Ертегі нақты уақыт білдірмейді. Себебі: өмірдің қашан басталғаны, одан бері қанша уақыт өткені белгісіз. Сондықтан ертегіде баян етілген уақыт созылмалы, ертегінің маңызы бұрын да болды, қазірде бар және болашақта да болады. Осыдан ертегінің уақытқа бағынбайтынын біле аламыз.
Біз ертегіге «ойдан шығарылған, қиял-ғажайып оқиғаларға толы ауыз әдебиет туындысы» деп анықтама беріп жүрміз.
Ертегі – кездейсоқ ойдан шығарылған арзан дүние емес, керісінше, құрылымы жағынан алғанда халық ауыз әдебиетінің ең қарапайым, ал рухани құндылығы жағынан баға жетпес аса қымбат көркем туындысы болып табылады. Ертегінің тәрбиелік мәні зор. Ертегіде көзіміз көре алмайтын, құлағымыз ести алмайтын, тек ақылмен ажыратылып, жүрекпен түйсіне алатын, материалдық әлеммен бірге шегі жоқ рухани әлем болмысының біртұтас түсінікті көрінісі баян етіледі. Негізінде ертегілерді, пайда болу кезеңі мен мән-маңызына қарай екі түрге топтастыру қажет секілді.
Ертегілер желісі де осындай айқын мақсатқа негізделген: басталуы мен даму барысы. Онда адамның алдында кездесетін кедергілер мен тосқауылдар баяндалады, олардан өткенде адам рухани өсіп, аяғында мұратына жететіндігі туралы айтылады. «Аспан мен Жер» арасындағы тіректің бар сыр-сипатын түсініп болдық деуге әлі ерте. Тіршіліктің түп бастауы қайда? Ол қалай шалқар арнаға айналды? Бастауы бар құбылыстың ақыры да болар ма? Ендеше, мұншама жүйелі дүниеге осынша сындарлы сипат дарытып отырған күш қандай? Барлығына тыңғылықты жауап тауып болған жоқпыз. Алайда, сол бастау Жарасым мен Заңдылықты жер үсті сақшылары жоқ, тіпті, болмаған деп ойлау ақылға сыймас ақымақтық болар еді. Алматыдағы өз атымен аталатын даңғылдың бойында жатқан Райымбек бабамыздың жоңғарлармен соғыста Іле өзенінің суын найза салып қақ бөліп, әскерін аман сақтап қалуы мен сусыз жерден найза шаншып су шығаруы. Бұл мұғжизаны осыдан үш мың жыл бұрын Мұса пайғамбар жасаған еді. Ол Құранда айтылған. Ал енді осы мұғжизаны жапонның екі ғалымы (Токио университетінің ғалымдары М.Ивасакамен С.Уено) зертханалық жағдайда жасап, оны «Моисей эффекті» деп атады. Көлденең тұрған шыны түтікше ішіне жартылай су құйып, дәл ортасынан қиып өтетін магнит өрісінің қуатын жердің магнит өрісінен 500 мың есе арттырғанда су түтікшенің екі жағына қарай ығысқан, яғни Мұса пайғамбар мен Райымбек бабамыз жасаған мұғжизаның хақ екендігі ғылыми түрде дәлелденді. Сондықтан аңыз-ертегілергілерді толығымен қиял деп санай алмаймыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter