Өлеңдер ✍️
Қат-қабаты эфирдің қай тілдерде қақсайды?
Қат-қабаты эфирдің қай тілдерде қақсайды?
Саңқылдамай міңкілдеп қай тілдерде ақсайды?
Қайсы дидар, қайсы көз шарасынан шақшайды?
Қайсы мойын қалтақтап, қайсы мойын қақшайды?
Міне бұған ой салмай кімдер бейғам қалғымақ?
Қайсы қазақ отырмақ мойны астына салбырап?
Қайсы қазақ шаршамақ орта жолда қалжырап,
Жауап іздеп сарсыла мініп шаппай арғымақ?
Қабат-қабат әфирдің қай қабатын ашсаң да,
Қай тетігін, тиегін қалай, қанша бассаң да,
Қарға қарқыл жат үні…
Анталаған аспанға,
Жат тілдерден, жат әннен құлақ тұнар қашсаң да.
Өз үніміз неге аз?
Бұл не, сонда, мазақ па?
Жаулап алған аспанды шабуыл ғой қазаққа!
Қайда, қайда, қайда жүр шыққанымыз азатқа?
Отарлатып аз ба еді батқанымыз азапқа?!
Қат-қабатты эфирде жат үн қанша қақсамақ?
Толқын-толқын аспанды тілім-тілім таспалап?
Еркінсімек қашанғы аран ашып ашқарақ?
Қазақ қанша көз түрткі көрмек жаттық қас-қабақ?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter