Өлеңдер ✍️

  21.12.2021
  214


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Мұстафа

Бабаң-көкжал, атақты Торғай датқа,
Нағашы атаң Хиуада болған тақта.
Өрлік, отты қайсарлық қаныңда ойнап,
Толымды ойлы заңгер боп келдің сапқа.

Мұсылмандық, түріктік ділмен берік,
Ісіңе де сөзіңе бердің көрік.
Азулымен алыстың азулыдай,
Айбар беріп, жас жігер жалын беріп.

Шықты тісің, азуың жағаласта,
Жыртқан жағаң үшін де баға басқа.
Күші басым жауыңнан жеңілсең де,
Болатынын үйреттің жағаласса.

Жүз өзгертіп зорлықшы кимін, түсін,
Мың құбылтты зымиян қылмысты ісін.
Баяғыша өкітемшіл, қиянатшыл,
Қырып-жояр зорайтты сойқан күшін.

Түркстанда, түн қаттың Бұхарада,
Сөз жетсін деп миятшы бұқараға.
Із кесушің болса да қаншама сұм,
Түнеп жүрдің тілеулес жұқанада.

Ел ауғандық — күн кештің құрлық өтіп,
Ел-елдерден, теңізден сырғып өтіп.
Большевиктер соңыңнан қолын сұқтап,
Зығыр кектеп ішінде, тұрды зекіп.

Бар Батысқа жар салдың ортасында,
Шындық-қылыш сілтеуден қорқасың ба?
Ақиқатты ашып сап, мытып ұстап,
Қолың тұрды «Күн көсем» қолқасында.

Заман қайрап салды да дұрысшыл қып,
Шаба білдің жалаңаш қылыш-шындық.
Туған жерден топырақ бұйыртпады,
Таңдаған жол — жалаңаш қылышшылдық.

Орысша да немісше таза білдің,
Ағылшынша көсіліп жаза білдің.
Французша айтысып французбен,
Емін-еркін ой кенін қаза білдің.

Сыбағаң мол ғылымнан еселісің,
Шығыста да Батыста көшелісің.
Оза шықтың Орталық Азиядан,
Барша түрік жоқшысы — көсемісің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу