19.12.2021
  246


Автор: Сафуан Шаймерденов

Сәбиттің тапқырлығы

Жазушылықтың бір белгісі — фантазияның молдығында. Қиялға бай жазушы құлағы қылтиып тұрған болмашы бірдеменің өзін де бері суырып алып өзінше түрлендіріп, әдемі де нанымды кейіпке келтіріп мүсіндеп шығара алады.


Сәбит Мұқанов қиялға адам айтқысыз бай жазушы еді. Сәбит қиялының асып-төгіліп жататыны соншалық, кейде соған өзі де ие бола алмай қалатын-ды. «Сырдария» романында қауынның үлкендігін суреттеймін деп ішінен есек шығаруы соның айғағы. Аяқталмай қалған «Біздің заманның батырлары» романында Қытай шекарасынан өзіміздің елге өткен бір қазақтың да әрекеті қызық-ақ. Ол таудың басына шығады да, отыра қалып сырғанай жөнеледі. Сөйтіп, аман-есен туған жеріне оралады.


Сәбит әңгімешіл кісі болатын. Және қиялға бай болғандықтан, бір айтқан әңгімесін қайта айтқанда құлпыртып, мүлде өңін айналдырып, өзгертіп жіберер еді. Қытай сапарынан оралғаннан кейін «Алыптың адымдары» деген кітап жазды. Творчестволық осы бір самғау үстінде ол елдегі көрген-білгендерін кез келген жерде жұрттың бәріне айтып беріп жүрген. Мәселен, мен Сәбиттің жылан туралы әңгімесін үш-төрт рет естідім. Бірінші жолы: «Жылан дегеніңнің адам айтса нанғысыз ұзындары бола береді екен ғой. Бес метр бар шығар. Осы мен отырған жерден мына бір қарайғанға дейін шұбатылып жатты» — деді. Екінші жолы: «Осы менің аяғымның басынан ана бір тасқа дейін жетіп қалатындай. Шамасы, он метр бар шығар», — деді. Үшінші жолы: «Осы жерден ана бір ағаш түбіне дейін шамасы, он бес метрдей», — деді. Осы әңгімелердің бәрін тыңдап жүрген Тахауи Ахтанов ұшып тұрды да, ағаш түбіне дейін адымдай жөнелді.


— Жыланыңыз бұл жолы отыз метр болып шықты, — деді ол қайтып келіп.


Сәбит сәл дүрдіктеу қалың ернін үйіріңкіреп рақаттана күлді. Біз де мәз болдық.


Саяси-әлеуметтік мәні бар айтыс-таластарда алдына жан салмай кететін шешен де, сөзінен жарықшақ таптырмайтын ойшыл, пікірлі Мұқанов жайбарақат жай әңгімеде екінің бірінде ұсталып қала беретінді. Бірақ сондай кездерде көбінесе қапияда оп-оңай жол тауып шығып та кетуші еді.


Бертінірек жылдардың бірінде Серік Қирабаевтың үйінде қонақта болғанымыз бар. Төрге Сәбит Мұқанов жайғасты. Қалғандарымыз: Жұбан Молдағалиев, Мұхаметжан Қаратаев, мен, тағы басқалар. Сәбит дастарқанды өзі басқарып бокал көтерді. Содан кейін сөзді Қаратаевқа берді. Жасы келгендіктен бе, әлде аздап ішкен шампанның буы буынына түсіп кетті ме, кім білсін, бір кісіден кейін сөзді Қаратаевқа тағы бергені. Жұрт ду күлді. Қаратаев болса: «Сәбе, мен жаңа ғана сөйлеген жоқпын ба»? — деп жатыр. Сәбит дағдысынша сәл отырып қалды да:


— Енді не айтар екен деп, қасақана беріп отырмын, — деді табан аузында сөз тауып. Өзі де күлді. Бізді де күлкіге жарытып тастады.


1953 жылдың жазында Алматыға швед жазушысы Артур Лундквист келді. Қазақстан Жазушылар одағының Пролетар көшесіндегі айналасының бәрі күйкі де лас, сиықсыз үйде тұратын кезі. Сол үйді көрсетуге ұялған одақ басшылары Қазақстан Орталық Комсомол комитетінің үйін демалыс күнге сұрап алып, алыстан келген қонағын сонда қабылдады. Шет жұрттық жазушыны бірінші рет көруім. Қорқам ба, әлде ұялам ба, әйтеуір кейінірек отырып қонақты алыстан бақыладым. Қазақстан Жазушылар одағының председателі Жаймұрзин Әбдірәйім отырғандарды таныстырды. Содан кейін қазақ әдебиеті туралы, жалпы қазақтар туралы әңгімені Сәбит Мұқанов бастап кетті. Қазақтың сүйкімді дәмі — қымызға айрықша тоқтады: пәлен проценті май, түген проценті спирт, пәлен проценті ана витамин, түген проценті мына витамин. Пәлен проценті темір қышқыл. Түген проценті ана қышқыл, мына қышқыл.


Мұның бәрін ғылыми дәл анықтама деп түсініп, бірін қалдырмай жазып алып отырған Артур есептеп-есептеп:


— Мына айтқандарыңыз жетпіс тоғыз процент болып шықты. Қалғаны не сонда? — деп сұрамасы бар емес пе!


Сәбит мүдірген жоқ.


— Қалғанының бәрі ғылым ашпаған жаңа витаминдер.


Отырған жұрт ду күлді. Сөз төркінін түсіне бастаған қонағымыздың да ішек-сілесі қатты. Мұның өзі арадағы әлде қайтер екен деген салқындықтың ініне су құйып тастады. Бақсақ, шетелдік адамдар да өзіміз секілді екен. Әңгіме түзеліп кетті. Екі жақтан да сұрақтар көбейді. Осындағылардың ішіндегі ең жасы болғандықтан, қорғалаңқырап отырған менің өзім де әр нәрсені сұрай бастадым.


Артур Лундквист Комсомол комитетінің бірінші секретарының кабинетіне айнала көз жүгіртіп, кітап сөрелеріндегі қаймыжық кітапшаларды бірінен соң бірін алып қарап, таңырқай сұрады.


— Әдебиет классиктерінің шығармалары неге жоқ? Қазақ жазушыларының басшысы бар болғаны комсомол жастар туралы жазылған кітапшаларды оқитын болғаны ма?


Жаймұрзин не дерін білмей қалды. Жаңа ғана еркіндік жайлаған кабинетте бір сәт ауыр тыныштық орнай қалмасы бар емес пе! Бұл қиындықтан ендігі сәтте тағы да Сәбит Мұқанов алып шықты.


— Қазақ жазушыларының басшысы классиканы да, қазіргі заманғы ауызға аларлық ірі туындыларды да жинайды. Оқиды. Жаймұрзин жолдас жаңадан ғана председатель болған кісі. Келе салып тамаша бір мәселе көтеріп отыр: біз қазір осы кісінің бастамасымен ауыл жастарын қамқорлыққа алдық. Мына кітапшалар соларға жіберілмек. Қонақ иланғанын танытып басын шұлғыды. Іштей тынып қалған біз демімізді алдық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу