19.12.2021
  341


Автор: Сафуан Шаймерденов

Жұлынбаған қызғалдақ

Біз бір жылы көктемде демалыс алып, сүйікті қаламыз Алматыға келдік. Қаланың тау жақ шетінен жалға алған үйіміз де қолайлы болып шықты.


Тұңғыш қызымыз Жанна онда жетіге толған еді. Туған күніне арнап бір кішкене сыйлық жасамақ болдым. Жанна екеуміз қалаға бардық. Қайтар жолда көшеде гүл ұстап отырған кемпірден бір шоқ гүл сатып алып едім. Жанна орындамаған бір уәдемді ойыма салды. Бұрын бірнеше күн бұрын мен оған: «Тауға шығамыз, қызғалдақ тереміз», — деген едім.


Балата өтірікші болудан жаман бар ма! Басқа бір ұсақ шаруаларды былай қойып, келесі күні Жанна екеуміз тауға шықтық.


Бергі бетте қызғалдақ гүлін таба алмадық. Қала адамдары теріп кетіпті. Ал басқа гүлдердің әлі шешек жара қоймаған шағы екен.


Біз әрі астық. Ұзақ жүрдік. Қилы-қилы төбелерді кездік. Бірақ қызғалдаққа кездесе алмадық. Көңілсіздік басты. Аса бір ренішті түрде үйге беттедік. Қазір Жанна бір құшақ гүл көтеріп келе жатса... Шіркін-ай, онда қызым шаршағанын да ұмытып кеткен болар еді-ау! Үйге барған соң, тауға қалай шығып, қалай түскеніміз де, гүлді қалай тергеніміз де жатқан бір жыр болып айтылмас па еді. Саян да, көрші үйдің балалары да Жанна әңгімесін тыңдап аузын ашып, аңырып қалмас па еді! Әттең не керек, әкеле жатқан гүліміз жоқ.


Өзіміз де бір шығынға кеткен екенбіз. Көлбеу беткейді қиялап төмен түсіп келеміз. Шаршап, шалдыға түсіп келеміз. Сол жақта биік бір ақ басты тік күз тұр. Күн көзін де қалқалап, төбемізден төне түсіп тұр.


— Папа, шаршадым, аяғым дірілдейді, бүгіле береді, — деді қызым.


— Осы төбеге шыққанға шаршап қалдың ба? Ал мына құзға шыққандар да бар ғой. Сен түгіл солар да шаршадым деп айтқан емес, — дедім мен Жаннаның көңілін табам ба деп.


Жанна жоғары, құзға қарады.


— Ой, ой ой!!!


— Рас айтам. Тіпті солардың ішінде қыздар да болған.


— Да, папа?! Ой, ой ой! Шаршадым деп айтпаған сонда да, ә?


— Иә, айтпаған.


— Ой, ой, ой! — деп Жанна басын шайқай берді. Мен қызымның көңілін аулағаныма қуанып, ілгері көз салдым. Кенет, алдымызда екі жүз қадамдай жерден бір кішкене төмпешік көрінді. Көз жауын алар қызыл гүлге тұнып тұрған төмпе! Қуанғандығым сондай «Қызғалдақ» деген сөз де аузыма түспей қалды. «Жанналап» алға қарай қолымды сілтей бердім. Оның да көзі шалып қалған екен. Шаршағанын да ұмытып кеткен. Жүгіре жөнелді. Мен де адымдай басып келемін.


Жанна төбешікке барып жеткен бойда - ақ гүлге қолын соза беріп қалт тұрып қалды. Содан кейін төмпені бір айналып түсті де, маған қарай жүрді.


Мен оған анадайдан:


— Жаннажан, кідірме, жұлып ала бер. Үйге тез қайтайық, — деп дауыстап келемін. Қызым бұл сөзіме құлақ аспады.


Мен жақындап келгенде,сыбырлап қана:


— Мола! — деді. — Папа, бұл қызғалдақты жұлмайықшы.


Келіп қарасам, шынында да мола екен. Басына қойылған кішкене ғана құлпы таста:


«Рәш Садықова. Жиырма екі жаста. Қапылыста шыңнан құлап опат болды. Мәңгі-бақи қош бол, қазақтың таза жанды, ер жүрек қызы.


«Сапарлас достарынан» деген жазу бар екен. Мен қызымды бауырыма қыстым да, маңдайынан сүйдім. Ақылына разы болып сүйдім. Екеуміз тағы да ілгері жүрдік. Жанна болса, жаңағы иесіз тауда жалғыз қалған мола жайын сұрайды. Ал мен болсам, өмірдің күрделілігі жайлы, адам махаббаты жайлы ойлап келемін.


Иә, Рәштай ер қыздың моласында желектеп өсіп тұрған мына Қызыл гүлдер мүмкін Жанна сияқты сәбилер махаббаты шығар. Кім білсін оны!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу