Әңгімелер ✍️
Ата Сәбит
1942 жылдың март айы. Сонау қалың үскірік қақаған Солтүстік Қазақстаннан тып-тынық, жып-жылы, күні елжіреп төніп тұрған көк мұнар Алматыға келіп түстік. Армия қатарына шақырылған біркелкі балаң жігіттерміз. Уақытша тұрағымыз - қазіргі «Ударник» кинотеатрының кең залы. Сол жерден әр қайысымызды әр жаққа аттандырып жатты.
Бір күні рұқсат алып, қала аралап қайтып келсем, жұрт дүрлігіп жүр.
— Сәбит Мұқанов келеді дейді. Сәбит Мұқанов келіп осында кездесу өткізеді дейді.
Қаланың оңтүстігін түгел орап, көк аспанмен таласып, сулап жатқан ақ басты Алатау ең алғаш көргенге қандай әсер етсе, мына хабар да маған сондай әсер етті. Мен кездесу сәтін асыға күттім.
Сәбең айтулы уақытында келді. Соғыс кезінің әсері болса керек, үстінде солдат гимнастеркасы, кигені галифе шалбар, аяғында етік. Мол денесіне қарамастан жеңіл қимылдап мінбеге шықты...
Сәбең ең әуелі қызғылықты әңгіме айтып берді. Содан кейін өзінің «Гвардияшы бауырларға» - деген өлеңін оқыды. Жастар демін ішіне тартып, тынып қалды. Залда шыбынның ызыңы естілердей: Күні бүгінгідей есімде, Сәбең тарғыл дауысымен:
Бір үміт халық күткен тағы ақталды: Қирата қырқып фашист — жалдап тарады Ерлері Қазақстан қан майданда Жауынгер гвардия деп аталды.
Е, бәсе, солай болса керек еді! Тарихта қазақ халқы ер ел еді. Халқының намысына жанын қияр Батырдың талайларын берген еді, - деп бір тоқтады. Содан кейін:
Есек жау арғымақсып кісінедің
Кісінеу ниетіңді түсінемін.
Добымен зеңбіректің өңешіңді
Бітейді Дмитрий Онегин.
Енді, жау жылжымассың сен жасырын
Жылжимын десең оның жан ашуын
Шарипов, Аманжолов, Бекбатыров
Қит етсең қиғалы тұр үш Қасымым.
Тағы бар бағырларым жүздеп - мыңдап,
Жорықта олар отап жауды қырмақ.
Ерлігін батырлардың Марабайдай
Халыққа танытамын өзім жырлап, -
дегенде жұрт овация жасап кетті. Өлеңнің соңғы шумағы әдейі арнап осында отырғандарға айтылғандай, дабыл секілді әсер салды. Оның үстіне Сәбеңнің әр сөзін, әр дыбысын анықтап, айқын етіп, жеткізе оқығаны, басқаша емес, өзінше, Сәбеңше оқығаны жақсы өлеңге одан сайын нәр беріп, құлпыртып жіберді.
Сәбең кетерде басшымызға қарап былай деді: - Бәрін шақырар едім, үй тар. Сол себепті қасыма бес-алты жігіт ертіп бер, қонақ болып кетсін. - Содан кейін қалғандарға қарап, -мына алты жігіт сендердің аттарыңнан бара жатыр. Олай болса, бәрің де Сәбит Мұқановтың үйінде болдық деп есептеңдер, - деп жұртты ду күлдірді.
Құдай оңдап сол алтаудың бірі болып Сәбең үйіне мен бардым. Шежіре Сәбеңнің қызықты әңгімесін тыңдап, Мэриям ананың дәмді тамағын ішіп, бір күн аунап-қунап келесі күні біз жатағымызға оралдық. Сәбең кетерде маған 1937 жылы түскен бір суретін ескерткіш етті. Ол сурет күні бүгінге дейін қиын-қыстау кезеңнің асыл жәдігері есепті үй ішіміздің альбомында сақтаулы тұр.
Мен Сәбеңмен ең алғаш осылай кездескен едім. Арада үш жылдан астам уақыт өтті. 1945 жылдың октябрь айында тағы да Алматыға келдім. Ол кезде Солтүстік Қазақстанның «Ленин туы» газетінде істеп жүрген кезім болатын. Алматыдағы партия мектебінің жанынан ашылған тоғыз айлық журналистік курсқа облыстық партия комитетінен жолдамам бар. Астанаға самолет түнгі сағат он бір кезінде келіп қонды. Автобус, машинаның жоқ кезі, жаяулап, жалпылап қаланың орталығына келгенше түн жарымынан ауды. Қонақ үйде орын болмай шықты. «Ударник» кинотеатры өзінің байырғы қызметіне ауысқан. Таныс, жақын деген тағы да жоқ. Енді қайттым? Кенет көз алдыма Сәбеңнің жылы жүзі келе қалды. Өйтпесек қазақ боламыз ба, ұйықтап қалғанына қарамастан салып Артиллерия көшесіндегі (қазір Құрманғазы) таныс үйге келдім де, есік қақтым. Көп күттірмеді. Сәбеңнің көпке таныс даусы шықты.
— Бұл қайыссың?
— Бұл бір ел адамы, - дедім мен атымды ұмытып қалған шығар деген ойменен.
Әлгіндей болмай есік ашылды.
— Е, Сафуан екенсің ғой? Ел адамы дегенше, жөніңді неге айтпайсың! Ал, төрлет, - деп Сәбең тым жылы, құшақ жайып қарсы алды. Жадында екен, ұмытпапты. Арада талай күн өтті. Сәбең жәй-күйіме әбден қанған соң:
— Курс деген не, тәйірі, өзің жазушы болғың келеді екен. Университетке түс. Талантың қанша асып тұрса да білімсіз жазушы болу оңай емес, - деді.
— Университетте сабақ басталып қалды ғой. Түсем дегеніммен, қабылдамайтын шығар.
Сәбең қағаз, қалам алды да, әлденелер жазып, маған ұстата берді.
— Мә, мына жолдаманы университеттің ректорына апарып бер. Кешіксең де түсерсің деп ойлаймын.
Университетке бара жатып «не жазды екен?» деп үңілсем Сәбең былай депті.
«Бұл жігіт жаңа жаза бастағандардың ішіндегі көп үміт күттіретіні. Университетте орын болмаған күнде, төмен оқитын біреуді шығарсаң да, қабылдауыңды өтінемін!»
Ректор сөз айтқан жоқ. Жолдаманы оқып сәл жымиды да, «қабылдансын» деп бұрыштама соқты. Мен университетке түстім. Он бес жиырма күннен кейін Сәбең үйіне алғыс -рахметімді айтып, жатақханаға шықтым. Бірақ қарым-қатынасымыз нығая түсті.
Бір күні мен Сәбит ағаға өлеңдерімді алып бардым (ол кезде ептеп өлең жазатын да «өнерім» болған). Сәбең бәрін де зор ыждаһатпен құлақ қойып тыңдады да:
— Өлең техникасын меңгере бастапсың, бірақ бастан-аяқ сары уайым екен, — деп сәл кідірді де кішкене монгол көзінің құйрығымен маған қарады, — мені жұрт жалпақ шешей деп кінәлайды. Сірә соның жаны бар-ау деймін. Бүгіннен бастап сол жалпақ шешейлікпен хош айтысып, беті - жүзің демей нені болсын тура айтуға белімді бекем байлап отыр едім. Сол серттің үстіне сен келдің. Ренжіме, - деді.
Менің зәрем ұшты. Тым болмаса бір күн ертерек те келмегенімді қарашы деп өкіндім.
Ренжіме десе де Сәбең мен түскен теріс жолдың негізсіздігін жайлап отырып жеткізе айтты:
— Балаң жігіт үшін өмір гүл - бақша есепті. Қызыл гүл, ақ гүл, көк, жасыл гүл... Балаң жігіт сол өмір бақшасының алғаш рет есігін ашқанда, көзі ең алдымен бір гүлге түседі. Албырт мінез, ыстық сезіммен кеп жұлып алып, төсіне қадайын десе, онысы тікенді роза гүлі болып шығады. Қолын қанатады. Содан барып беті қайтады, көңілі қайтады. Гүл көрсе, бәрін де тікен екен деп ұғады. Тікенсіз де гүл боларын жаңағы байғұс аңғармайды. Меланхолияға ұрынады, мына секілді сары уайым өлеңдер жазады. Қазіргі замандағы ақын жүгі ауыр жүк. Сезімтал, сергек болуы өз алдына, ақын ойлы болуға тиіс, ақын философ болуға тиіс. Сары уайымында қандай негіз бар? Меніңше ешқандай негіз жоқ. Көп болса, бір қызды жақсы көрген шығарсың, көп болса, ол қыз сені түсінбеген шығар, қарамай кеткен шығар. Бірақ мұның бәрі өткінші сезім, алдамшы сезім. Жазушы болам, ақын болам десең, ең алдымен осы жалғандықтан құтыл, күйректіктен сақтан. Жарға жығыласың әйтпесе.
Сәбеңнің осы айтқаны арада жиырма бес жыл өтсе де әлі күнге құлағымда тұр. Мен бұдан мықты қорытынды жасадым.
Қазір ойласам; өз өмірімде екі үлкен бет бұрылыс бар екен. Бірі — Сәбеңнің ақыл көмегі мен университетке түскенім. Екіншісі Сәбеңнің әділ сынымен творчестволық тура жол тапқаным. Ағалық осы қамқорлығы үшін Сәбеңе мың да бір рахмет.
Айта берсе, Сәбеңнің бізге тигізген шарапаты толып жатыр. Ең алғаш «Болашаққа жол» атты романымды Алматыға алып келгенімде алдымен оқып, әділ пікір айтқан үш қадірмен ағаның бірі осы Сәбең болатын. (Қалған екеуі республикамыздың белгілі мемлекет қайраткері әрі әдебиетші Ілияс Омаров марқұм мен даңқты жазушы Ғабит Мүсірепов).
Қазақ Совет әдебиетінің негізін қаласып, сол әдебиетпен қатар жасап келе жатқан Сәбит ағаның басы сол Ғабит Мүсірепов болып бізге дейінгі, бізден кейінгі әдеби буынның ішінде шарапат - әсері тимеген жазушы жоқ десек асырып айтпаған боламыз.
Мен өз замандасым Әбдіжәміл Нұрпейісовпен де Сәбең үйінде, Сәбең арқылы танысқанмын. Әбдіжәміл жазып әкелген «Курляндия» романының талай нұсқаларын Сәбеңнің талай күндер қайта-қайта оқып, қайта-қайта өзіне оқыттырып әділ пікір, түзетулер жасағаны менің әлі есімде.
Бұдан жиырма алты жыл бұрын Сәбит:
«Бірақ мен адам емен ізім тақыр,
Мейлі жұрт «алтын» десін, мейлі — «бақыр»,
Жолында өзім ерген ұлы көштің
Бір талай мен қалдырған мүлік жатыр» —
десе, ешкім оны артық айтты демеген. Ал бүгінгі ата Сәбиттің сонда «қалдырғанына» тағы да талай-талай мүлік қосылғаны көпке аян.
Сәбең жетпіске келгенімен тынығу дегенді білмейтін, жазбай отыра алмайтын жазушы. Бір кездескенде Сәбеңнен жай-күйін сұрасаңыз:
— Шаршаңқырап жүрмін. Жазуды сәл доғарып, тынықсам ба деймін, — дер еді. Ал сол күннің ертеңіне жолың түсіп, үйіне бара қалсаң, Сәбеңді жазу столында көрерің қақ.
Жазушы үнемі жаза бере алмайды. Әр жазушының қолы бос кезінде әр қилы ермек, машығы болмақ. Ал Сәбеңде ондай ермек те, машық та жоқ. Оның бар машық - ермегі де, бар машық — кәсібі де жалғыз ғана әдебиет. Жазудан қолы босаса, Сәбең қайта жазуға отырады. Қазақ әдебиеті - Сәбеңнің бар болмысы, бар тыныс ауасы. Ертерек жылдарда Сәбең:
— Мен бірнеше шығарманы қатар жазуды ұнатам, — деуші еді. Сонысы рас та. Сыр жөнінде роман жазып жүріп, Мәлік Ғабдуллин жөнінде повесть бітіргені есімде. «Біздің заманның батырларының» үстінде Абай туралы қалың монография аяқтағаны да бар.
Сәбең көп жазады. Ең жақсысы қиналмай жазады. Көп жазу, тез жазу - жазушы үшін таптырмайтын қасиет. Апта сайын роман жазып баспаға тапсыратын жазушы бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ мынадай ұлы мүшелді той үстінде Сәбеңнің жаңағы жақсы қасиеті кейде міні болып кететінін жасырмауымыз керек. Сөйтсе де біз оны көп жазасың, тез жазасың деп кінәлай алмаймыз. Аз жазсын, ақырын жазсын, Сәбит Сәбит болып қала береді. Сәбеңе талап қойғыш кейінгі буын - біздер мұны білсек керек.
Мынадай бір оқиға есімде:
Сәбеңнің жазушылар одағының председателі кезі. Әлде қалай шаруамен кабинетінде отыр едім, аты белгілі бір жазушы кіріп келді. Сондай ашулы. Сөз саптасынан аңғардым - аты белгілі жазушы кітап жазған екен. Ол кітапты бір өлермен сыншы газетте сынап тастаған екен.
Сәбең аты белгілі жазушыны қолдаған жоқ. Тұрып барып кітап сөресіне үңілді:
— Бері қара, мынау данышпан Лев Толстойдың тоқсан үшінші томы. Бірақ соңғы томы емес бұл, Толстой жүз томнан артық дүние қалдырған! Сөйтсе де соның бәрін алтын дей алмаймыз. Толстойды Толстой еткен, Толстойды данышпан еткен сен білетін, мен білетін он шақты - ақ шығармасы.
Сәбеңнің осы әділ пікірін оның өзіне де қайталап айтуға болады. Сәбитті «кәдуілгі Сәбит Мұқанов» еткен талай-талай дүниелері бар. Оларды қалың оқушысына көптен мәлім.
Сәбеңнің тағы бір керемет қасиеті соншама көп білетіндігі. Қазіргі жазушы қауымында қазақтың ауыз әдебиетін, қазақ әдебиетінің тарихын Сәбеңдей білетін адам жоқ десек те болады. Мына бір детальді еске аламын: қазіргі «Жұлдыз» журналының екінші ішкі бетінде «шыға бастағанына пәлен жыл» - деген бір жол бар. 1953 жылға дейін осы бір кішкене анықтаманы журнал бұрышына жазып отыру ешкімнің ойына келмепті. Біз «ескі құлақтың» бәріне де сұрау салдық. Солардың ішінде «Жыл құсының» алғашқы санын шығарысқандар да бар. Бірақ «Пәлен жыл» деп ешкім дөп басып айта алмады. Сәбеңмен ақылдасуға тура келді. Сәбең: «Жыл құсының» алғашқы саны 1922 жылы шыққан, - деп іркілмей айтты. Сәбең сөзі кейін архивтік материалмен дәл шықты.
Мен Сәбеңді жігіт Сәбит кезінде көрдім. Қазір Сәбең ата Сәбит болды.
Жігіт Сәбиттің де, аға, ата Сәбиттің де айнымас жақсы қасиеті бар. Онысы - әдебиетке, қаламдас жолдастарына, кейінгі буынға қамқорлығы.
Халқымыздың бағына, әдебиетіміздің бағына ата Сәбит ұзақ жасай берсін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter