Өлеңдер ✍️
Түс көрдім
Қайсар рухты, шымыр жан,
Қорғап жүрген пәледен.
«Алтын адам» шынында
Ел басқарған жан екен.
Он үшінде-ақ өрімдей
Бағы бопты бес елі.
Жекпе-жекте жеңілмей,
Аты шыққан деседі.
Он алтыда қол бастап,
Жаудың жығып айбатын.
Артына асыл жол тастап,
Көрсетіпті қайратын.
Он сегізде бұл жігіт,
Өткізіп сан айқасты.
Талай жанға үлгі боп,
Хан тағына жайғасты.
Өтсе дағы күн қанша,
Жолбарыстай қайратты
Бола білген бұл патша,
Талау жауды жайратты.
Құс сияқты ұшқыр да,
Арқардайын шымыр-ды.
Ақша бұлттар үстінде
Пырақ мініп қыдырды.
Қайшыласқан ортада,
Барыс сынды өр еді.
Қанша күшті болса да,
«Мен мықтымын!» демеді.
Әлсіздерге қол жалғап,
Кедейлерді қорғады.
Сарайы алтын болса да,
Маңайы алтын болмады.
Елін ойлап күні-түн,
Тырысудан тынбады.
Алға жалғап үмітін,
Елдің жырын жырлады.
Қандай ғажап ер еді?
Өзіне тән сәні де.
Қиял екен... себебі,
Түсім екен бәрі де.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter