Әңгімелер ✍️
Біздің ауылдан шыққан Лионель Месси немесе мен ұятпен қалай кездестім?
Өмір дегеннің ғибраты кілең кереғарлықтан тұра ма, қалай өзі? Мысалы, менің велосипедім бар да, есегім жоқ. Қайсардың есегі бар да, велосипеді жоқ. Қызықты хикаяға бергісіз оқиға да, міне, осы бірі кем дүниеден басталған.
Қылқиған мойнымдағы кәуек басқа адасып қонған бақ құсындай желдей ескен «дөңгелектің» қожайынына айналуым үш ұйықтасам түсіме кірмеген бедел мен байлық, мансап пен маңғаздық сыйлады. Қалай дейсіз бе? Қалайы сол, бәрі өзім құралпы қарасирақтардың, тіпті бұрымдары селтеңдеген қыз-қырқындарға дейін, Қайсардың салпаң құлағына емес, менің алқызыл бояуы жалт-жұлт еткен «асауыма» қызығуынан туды.
Өзім де бесіктен белім шықпай жатып әдіс-айланың түр-түрін бір кісідей меңгергем, мысалы, шу-шу еткен өңшең шибұт алаңға жиналып, футболдың қызығына енді кірісті-ау деген кезде «темір тұлпарымның» күмістей жарқыраған сым шыбықтарын күнге шағылыстырып, жетіп келем. Сосын ала доптан гөрі алқызыл дүниеге таңданып, жалтақ-жалтақ қарай берген аңғырттарға алаңды бір айналып келуге тізгін ұсынсам болды, «Барселонаның» дүлдүлдеріне «айналған» шалдуарлар допты тастай салып, кезекке таласады.
Бірақ, өкінішке қарай, ақындарға арнау айтқызып, жазушыларға тарихымды жазғызатын Атымтай жомарттардың ауылынан емеспін. Кеуде керіп, қыр көрсетуді жақсы көрем бе, әлде басқалардың өзіме жалынып-жалбарынғанын ұнатам ба, әйтеуір, «Құлагерімнің» жалынан өте сирек сипатам. Олар да айлакер, шық бермес Шығайбай сияқты менің беріш боп қатып қалған жүрегімді Самарқанның көк тасындай балқыту үшін сый-сияпаттың неше атасын ойлап табады. Мысалы, біреуі бояуға салған түрлі түсті асықтарын сыйласа, енді біреуі сол асықтарды «ататын» қорғасын құйған сақасын тарту етеді. Кейбіреуі қолыма 100 теңге қыстырады. Несін жасырайын, бұл қошаметтің жаныма майдай жаққаны сонша, тең-тең боп келіп жатқан тарту-таралғыларды ерте, ерте, ертедегі дүниеқоңыз ханның ұрдажық уәзірі сияқты талтаң-талтаң басып, маңқ-маңқ сөйлеп, маңғаздана қабылдайтын болдым.
Ал Қайсарды мондыбастардың ешқайсысы бұлай төбесіне көтеріп, әлпештемейді. Өйткені, ауылда не көп, көзін төмен салып, мөлиіп тұратын есек көп. Шілде айында оларды кез келген үйдің көлеңкесінен оп-оңай ұстап алуға болады. Сосын оған мінгісі келгені мінеді, ал мінгісі келмегені қоң етін кесіп алсаң да былқ етпейтін хайуандарды іштерінен «ыңқ» еткізіп бір теуіп, көлеңкеден қуып жібереді. Салқын жерде шүйіркелесіп отыруды көздеген сотанақтарға орын босатқан жануарлардың арасында, әлбетте, келеке-мазақ үшін «қара жорға» атанып кеткен момын да бар. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп Қайырбек көкем айтпақшы, кейде кішкентай мәтібилер оның арқасына сымға қонған қарлығаштар сияқты тізіліп отырып алады да, қолдарындағы сәмбі талдың солқылдаған жас шыбығымен обал-сауапты ойламастан басы мен құлағын бозборан соққының астына алады. «Ақырып теңдік сұрарға» тілі жоқ байғұс мәу деместен бірде қой баққан бала-шағаның тақымында тепеңдеп бара жатса, енді бірде шөп артқан арбаны шабындықтан мықшия сүйреп келе жатқаны. Иесі Қайсар да аты арымайтын, тоны тозбайтын ақкөңілдің өзі, лау сұрай келгендердің сағын сындырып, бетін қайтарған емес. Ал менің төрде ғана тұратын жап-жаңа «тұлпарымды» әлгі қазанбұзар, үй тентектер «ыңқ» еткізіп теппек түгілі, бояуы кетіп қалмасын деп абайлап қана ұстап, еппен ғана қозғайды.
Бірақ, бір түсінбейтінім, барлығы, тіпті бұрымдары селтеңдеген қыз-қырқындарға дейін жалынып-жалбарынып, хал-қадерінше шашбауымды көтеріп жатқанда, Қайсар ғана жағы қарысып қалған адамдай қасарысып үндемейді. Үндемей қойса жақсы ғой, бір шетке шығып алады да, ала допты аяғының ұшымен іліп алып тізесіне, тізесінен кеудесіне, кеудесінен иығына, иығынан басына, одан қайтадан иығына, одан қайтадан өкшесіне секіртіп, аса бір ептілікпен неше түрлі қызықтар көрсете бастайды. Содан кейін турниктің белтеміріне асылып шыр көбелек айналғанда бар ма, бәрі, иә, бұрымдары селтеңдеген қыз-қырқындарға дейін ду қол шапалақтап жібереді. Сол кезде жер-жаһанды жаулап алған Ескендір Зұлқарнайындай деміме нан піскен мен де, менің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар «Құлагерім» де тарс ұмытылып, өзінің «қара жорғасына» ұқсаған қайдағы бір можантопай «жұлдызға» айналады. Немене, сонда шуда жіппен ойнаған мысық сияқты секіріп, доп қуу да өнер болып па? Ол мұнымен не айтпақ? Әлде велошабандоз спортшыларға арналған жүйрігімді қызғанып жүр ме? Бәлкім, балақайлардың мені хан көтеріп, соңымнан шұбырып жүргенін көре алмайтын шығар?
Сонымен не керек, алақандарына сап әлдилеген «сарбаздарымның» арқасында уайым-қайғысыз шалқып жүріп жатқам. Бір жолы өзенге шомылуға бардық. Күн шыжып тұр, аспан шайдай ашық. Бірақ арада бие сауымдай уақыт өткенде батыс беткейдің реңі күрт бұзылып, түндігін жапқан киіз үйге тап болғандай тұмшаланған күңгірт дүниенің ішінде қалдық. Екі кештің арасында шақпақ жағып ойнаған әумесердей шәлкем-шалыс найзағай түнерген аспанды жарқ-жұрқ осқылап, зәремізді алады.
— Дауыл! — деді Қайсар өзенге бірте-бірте жақындап келе жатқан тозаңға үрке қарап. — Дауыл келе жатыр. Жел мен жаңбырдың астында қалмай тұрғанда тез ауылға жетіп алайық.
Бірақ біз өзеннің жағасына шығып, киімдерімізді киіп үлгергенше қырдың шаң-тозаңын көкке көтере жұлқынған долы жел жалмауызша бас салып, нөсер жаңбыр төңіректі сарт-сұрт сабалады да кетті. Жаңа ғана шаңы аспанға шығып жатқан жол заматта лайсаңға айналып, мал ізінен түскен шұңқырлар шүпілдеген суға мөймілдеді де қалды. Қаңылтырдай шатырлаған аспанға жалтақтай қарап, құйрық-жалы суға малшынған жануарларымен шоқырақтата шауып бара жатқан балалардан ә дегенде озып кеткем, бірақ жол табанындағы борпылдақ топырақтың қамырдай иленіп қалғаны сонша, «дөңгелегім» ілгері жылжудың орнына кері айналғандай, көпе-көрінеу кейіндеп қала бердім. Әшейінде қауырсындай жеп-жеңіл сезілетін зымыраным зілбатпан темірге айналған. Бұрын басқа түспеген соң білмеппін, құйындай ұйтқиды деп мақтанып жүрген мықтым дөңгелегіне саз балшық сағызша жабысқан кезде жүру былай тұрсын, қозғалуды мүлде тоқтатады екен. Оны айтасыз, балшықтан бес батпан болған аяғымды көтеріп жүрудің өзі мұң еді. Бұл кезде балалардың қарасы біртіндеп алыстай берген. Бірақ оларға «көмектесіңдер» деп жалынуға намысым жіберер емес.
Мибатпақтың құрсауынан қалай құтыларымды білмей, ызаға булыққаным сонша, жанарымнан бырт-бырт жас шығып кетті. Жаңбыр тамшыларымен бірге бетімнен тарам-тарам боп аққан жасты сүртіп тұрып, көз ұшында кетіп бара жатқан «қара жорғаның» жүрдектігіне, шыны керек, қатты қызықтым. Сортаң жердің суы сияқты кермек дәм өксікке толы өкінішімді одан бетер ұлғайтты. Қол ұшын созбастан тағдыр тәлкегіне тастап кеткен «сатқындарға» да өкпелей алмадым. Өйткені, бәріне кінәлі өзім. Әсіресе, бірге ойнайтын құрбы-құрдастарымнан дүние дәметіп, футбол десе ішкен асын жерге қоятын жазықсыз жанға қараптан-қарап өшігуім жападан-жалғыз қалған сәтімде көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр.
— Оу, Тастемір, бұл сенбісің? — деген дауысқа жалт қарасам, қиналған жанға қол ұшын беру үшін кенеттен пайда бола кететін Қызыр ата сияқты Қайырбек көкем ауыздығымен алысқан сары жал атымен арқа тұсымнан екпіндетіп келіп қапты.
Жаным қиналып тұрғанда жанашыр сөз естіген соң ба, көңілім босап, өксіп-өксіп жібердім.
— Алда, айналайын-ай, жылама, қазір көмектесем.
Ол, өзі айтпақшы, «шайтан арбамды» атынан түспей-ақ көтеріп алдына өңгерді де, мені ер-тұрманның артына жайғастырды.
— Ал, жол болсын, қайдан келесің?
— Өзенге шомылып...
— Өзің бе?
— Жоқ, балалармен.
— Анау кетіп бара жатқан солардың шоғыры ма?
— Иә.
— Алда, бар болғырлар-ай. Жалғыз қалдырып кеткені несі сені?
— ?..
— Е, Алла, ісімнің соңын қайырлы қыл. Әйт, шу.
Сары жал тайғақ жолды кібіртіктеп басып барып, жүріп кетті. Оқыстан тап берген жау әскері сияқты батыс жақты қап-қара тозаң мен түнерген бұлтқа орап бас салған дауыл мен жаңбыр өткінші екен, біраздан кейін күн жарқырап қайта көрінді де, төңірек нұрланып сала берді. Әне, көкжиектен әжем тоқыған өрмекке ұқсас түрлі-түсті кемпірқосақ пайда болды. Бусанған даладағы жыңғыл, шеңгел, жантақ, жусандардың бұтақтары мен жапырақтары баттасқан шаңынан арылып, жасыл бояуына қайта малынған. Әлі кеуіп үлгермеген жаңбыр тамшылары таңғы шықтай тұп-тұнық. Алашабыр бұлттан арылмаған аспанға бозторғайлар ұшып шығып, тәтті әуенге басқан. Шөптен шөпке секірген шегірткелерді қуалаған ақбауыр қарлығаштар ерсілі-қарсылы зулайды.
— Інім.
— Әу, көке.
— Сен осы ұятпен кездесіп көрдің бе?
— Ұят дейсіз бе? Жоқ.
— Ал мен кездестім.
— Қашан, көке?
— Бүгін, тура бүгін кездестім. Осыдан бір жыл бұрын сенің әкеңнен бір айға деп қарызға ақша алып, уақтылы қайтара алмай-ақ қойғаным. Содан кездесуден қашып жүр ем, жаңа әлгінде жұма намазын оқып, мешіттен шығып келе жатқанымда ойда жоқта кездесе кетпесі бар ма? Бетімнің оты лап етіп, не деп ақталарымды білмей, қаққан қазықтай қалшидым да қалдым. Өзіме де обал жоқ, ақыры қайтаратын ақша болған соң, мына сары жалды сатсам да, уақтысында беруім керек екен...
— Әкем ашуланып, артық кеткен жоқ па әйтеуір?
— Жоға, Алланың үйінің алдында айғайсыз-ақ абыройдан айырылып, кірерге жердің тесігін таппай қиналып тұрған жағдайымды түсініп, «Оқасы жоқ» деді де қойды. Ұятпен кездесу деген, міне, осы болады, інім...
Көкем ұят туралы ғақлиясымен менің қылығымды меңзеп келе жатқан жоқ па деген күдіктен жүрегім атқақтап қоя берді. Бірақ, абырой болғанда, осы кезде мені де, менің батпаққа оранған зіл батпан «темір-терсегімді» де шыбын ғұрлы көрмей көтеріп келе жатқан сары жал лайсаңнан ада құмдауыт жолға жетіпті.
— Көке?
— Әу, інім.
— Сізге көп-көп рахмет, енді өзім-ақ жүре алам.
— Е-е, жарайды онда. Қане, түсе ғой, айналайын. Абайла, бір жеріңді ауыртып алма.
Алдымен алдына өңгерген велосипедті жерге еппен қойды да, содан кейін атынан менің түсуімді күтті.
— Ал, қане, «шайтан арбаңмен» жердің апшысын қуырып бір құйындатшы!
Құмдауыт жолдың ойпаңдау тұсына тұнып қалған сумен дөгелектің балшығын жуып алып, ызғыта жөнелдім. Жаңа ғана ызаланып, жаңа ғана қорланып жылағаным есімнен шығып, мәз-мәйрам боп күліп келем. Мына қызықты қараңыз, көп ұзамай балаларға да жетіп алдым. Қастарынан зу етіп өте шыққан маған олар да «бізге өкпелейтін жөнің жоқ, кінә өзіңнен» дегендей, бейбіт ишарамен қол бұлғап қала берді.
Бірақ футбол алаңына жете бергенде тізгін мен тежегіштен бөлек бір қуатты күш мені де, «Құлагерімді» де кілт тоқтатты. Тұла бойымды токпен ұрғандай дір еткізген тосын күштің қайдан, неден пайда болғанын анықтауға тура сол сәтте мұршам жоқтұғын. Соңыма бұрылып қарасам, балалардың алдында қасқайып №1-ші «жауым» келеді. Күтіп тұрмын. Оның «қара жорғасы» мәнжубас болғанымен, ұшқыр. Әсіресе, ауылға қарай арындап, дес бермейді. Бұл жолы да құлағын жымитып топтың алдына шығып алыпты. Қасымнан сатыр-сұтыр шауып өте бергенде әлгі беймәлім күш таңдайыма жабысып қалған тілімді бұрап, кәлимаға келтіргендей:
— Лионель! — дегізгені.
Ол таңдана жалт қарады. Көзқарасында «Мені шынымен солай дедің бе?» деген сауал бар. Үнім құмығып:
— Лионель Месси, — дедім тағы да, — велосипед айдағың келсе, біраздан кейін үйге кел.
Менен аларын алып әлдеқайда тайып тұрған алаяқтай баяғы талтаң-талтаң басып, маңқ-маңқ сөйлеу, маңғазсу деген тәкәппарлық жым-жылас жоғалған. Даусым өзімдікі емес сияқты. Қарлығыңқы және... жасқаншақ.
Ол «мақұл» дегендей басын изеді. Оның «мақұл» дегеніне менен басқа балалар да қуанғандай көрінді. Арқасындағы зіл батпан жүктен арылған кезде «қара жорға» тұра қап дүр сілкінуші еді, сол сияқты бойым да, ойым да бір серпіліп, кәдімгідей жеңілдеп қалған. Осы уақытқа дейін түк білмей келіппін, балалар менен гөрі ала доптың шебері Қайсарды ес тұтады екен. Ал мені... еһ, мені тек қана... қызылды-жасылды дүнием үшін сыйлап келіпті.
Ғайыптан тап болатын Қызыр ата сияқты Қайырбек көкем тағы пайда бола кетті. Бұл жолы, әрине, санамда. Қолы боста футбол тамашалайтын әдеті бартұғын. Телешолушылардың тілімен айтсақ — жанкүйер! Сол жанкүйеріміз, әсіресе, Қайсардың шеберлігіне қатты риза. Ол да өзінің ойын-өрнегін арнайы келіп тамашалайтын көкесінің жанына ләззат сыйлау үшін қарсы шыққан қорғаушыны алдап өтіп, одан бүйірден тап берген екіншісін қапы қалдырып, ең аяғында жекпе-жек қалған қақпашыны сан соқтырып, тор қақпаны топырлаған голға толтырады. Көкеміз болса әлемдік деңгейдегі матчтан жер-жаһанға мағұлым «жұлдыздың» ойынын тамашалап отырғандай қол шапалақтап, мәз-мәйрам болады. Қайсарға деген бұл құрмет пен қошамет кеудемнің қуысында ары-бері жүгіріп, аласұрған қызғаныш атты итімді қарадай ызаландыра бастайды. Сондықтан әлемдік деңгейдегі матчқа жаһан жұрты атынан келген жалғыз өкілдің назарын өзіме аударуға тырысып, «Құлагеріммен» неше түрлі «трюктер» жасауға көшем. Бірақ, өкінішке қарай, ол бәрібір өзінің сүйікті шабуылшысынан көз айырмайды.
Футболды тәмәмдаған балалар алаң шетіне жиылып, ойынды талқылауға кіріскен сәтте әңгімеге көкем араласады.
— Мен сендерге бір аңыз айтып берейін. Құлақ қойып, мұқият тыңдап алыңдар. Баяғыда Бақ пен Қызыр үнемі қол ұстасып жүреді екен. Үнемі қол ұстасып жүретін себебі, Бақтың қабақ еті салбырап, жанарын жауып тұрғандықтан, өздігінен ештеңені көре алмайды деседі. Бір күні байдың мақтаншақ баласы Бақтың көзіне түскісі кеп жүйрік тұлпарымен олай бір, былай бір шабады. Бейбақ баланың көкейін түсінген Бақ «Мынау қай шабандоз, көзімді ашшы» дейді. Қызыр атамыз Бақтың қабағын көтеріп, көзін ашқан кезде жанары байдың әлгі даңғой ұлына емес, анандай жерде садақ атып, ойнап жүрген қаршығадай қарсұр балаға түседі. Ол бала кейін аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына айналады! Көрдіңдер ме, не нәрсені де халық таразылайды. Халық бағасы да Бақтың көзі сияқты. Кімге түседі, кімді бағалайды өзі біледі. Сондықтан бағы жанған достарыңды құрметтеп, қадірлей біліңдер. Ертең осы ат төбеліндей ауылдың атын әлемге танытатын сол болады...
Бұл аңызды біз жатқа білеміз. Қаһармандары да өзгеріп тұрады өзінің. Мысалы, аңызын бұрымдары селтеңдеген қыз-қырқындарға арнаса, Бақтың көзі садақ атып жүрген қарасұр баланың орнына, бұлақтан су алып жатқан аққұба қызға түсіп, ол кейін елге белгілі Ұмай ана, Домалақ ана немесе Дина күйші болып шығады. Мақтаншақ қаһармандарының «өнері» де жиі ауысады. Мысалы, өткен жолы түйе көтерген алаңғасар туралы айтып еді, бұл жолғы шалағайы маған ұқсас па, қалай? Шынында, өзім де Бақтың көзіне түскісі келген шалдуардай енді қызып келе жатқан ойынды талай рет тас-талқан қылған жоқпын ба? Ал ол болса ашуланып, бір рет қарсы келмепті. Жасөспірімдер командасында ел намысын қорғап, жеңімпаз атанса да бетегеден биік, жусаннан аласа.
Ал мен болсам... осы уақытқа дейін түк бітірген жоқпын. Өлең жазып көріп ем, газеттегі ақын ағайлар сынап-мінеп, бүкіл мектепке күлкі қылды. Математика пәнінен олимпиадаға қатысып ем, одан да оңбай сүріндім. Бағымды енді немен сынаймын? Әлде велошабандоздар клубына жазылсам ба? Бірақ әкем «жал-құйрықсыз жалғызым» деп оған да жібермеді.
Келген бетте «темір тұлпарыма» секіріп мініп, жүйткіте жөнелетін шығар деп ойлағам. Жоқ, ол ершікке тақым артқанымен, аяғының ұшын жерге тіреп, біразға дейін ары-бері ырғалып тұрды. Ойы жүйрікте емес, басқада.
— Тастемір, мен бүрсүгүні қалаға жүрем. Жаттығу жиынына шақырып жатыр. Одан ары Аргентинаға кетем... оқуға.
Осы сәт мен де, менің велоспортшыларға арналған бұл өңірде жоқ қас жүйрігім де «ежелгі дұшпанымның» алдында қи домалатқан қоңыздай кішірейіп сала бердік. Басқа басқа, дәл қазір осындай тосын жаңалықты күтпеп ем одан. Аты аңызға айналған Лионель Мессидің отанында оқу деген екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт қой!
Осы кезде манағы белгісіз «тежегіш» қан тамырларымды қуалап кеп, қызып тұрған үтікті жүзіме тақағандай бетімнің ұшы өзінен өзі ыси жөнелді. Бұл не? Тағы да қызғаныш па? Қыр соңымнан қалмай қойған бұл пәледен қалай құтылсам екен? Абырой болғанда, әлгі белгісіз күш кеудемді тырналап, абалай бастаған ызақор иттің арынын басып, «кет», «кеттеп» жатыр.
— Айтайын дегенім, былтыр жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатына барар кезде Қайырбек көкем «жолыңа» деп жүз елу мың теңге берген. Сөйтсем, сенің папаңнан алыпты ғой қарызға, енді уақтылы қайтара алмай ұяттан өртеніп жүр. «Қайтем, амал жоқ, сары жалды сатам да...» дейді.
Көкемнің ұят туралы әңгімесі есіме сарт ете түсіп:
— Білем, — дедім.
— Сен папаңа айтшы, сары жалды сатса, көкеміз жаяу қалады ғой.
— Айтқанда қандай. Одан кейін сары жалдың алдында мен де борыштар болдым бүгін.
Менің айтқанымнан шықпайтын әкемнің балажан мінезіне қанық оның көңілі осыдан кейін орнына түскендей болды. Маған деген ризашылығын көзімен ұқтырып, «Ал енді мына кереметіңмен армансыз ызғытуыма бола ма?» дегендей күле қарайды.
— Рұқсат берсең, Қайырбек көкемнің үйіне барып келейін.
— Рұқсат, бұл енді сенің құзырыңда. Қалаға жүргеніңше армансыз серуенде.
Бұрын санамда «Қайсар жалынса екен» деп сумаңдап тұрып алатын сайтан ой сейілген тұмандай өзінен-өзі жоқ болып кетті де, енді мен оның алдында қоғадай жапырылып, жалпақтап жатырмын. Біздің ауылдан Аргентинаға оқуға баратын ең алғашқы балаға мысқалдай болса да жақсылық жасаудан басқа дәл қазір ешқандай маңызды іс жоқ сияқты. Ет-бауырымды елжіретіп, тілімді уылжытқан мұндай тәтті сезімді бұрын-соңды бастан кешіп көрмеппін. Көңіл бұлтын шайдай ашып, жүрек қыжылын майдай еріткен бұл не сонда?..
Әлде, Қайырбек көкем кездескен ұят деген осы ма?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter