17.12.2021
  917


Автор: Саттар Ерубаев

Мәңгілік өмір туралы жыр

 


Кешке таман, таудан тұман жылжи түсіп, теңіз бетін қаптайды. Сонсын кішкене екпін соғып, тұманды үрлеп тұрып, жоқ қылып жібереді. Сонда көк теңіз айнадай мөлтілдеп керіліп жатады.


Теңізде шек жоқ әлдеқайдан барып көкжиекке қосылып кетеді. Күні бойы толқын соғып есеңгіреген теңіз жағасы тыныш-ақ.


Арқамыз — тау, алдымыз — теңіз, су жарасында біз отырмыз. Мен, Рақмет, Сейтен, Валентина. Ортамызда — Төлеңгіт жыршы.


— Аға, әңгіме айтшы — дейміз біз.


Төлеңгіт камзолының түймесін арытып, ойланып, шексіз теңізге қарап біраз отырады. Әлден уақытта. «Қап, болмас!» дейді де, домбырасын алып өзінің өте жақсы көретін «Мәңгілік өмір» жөніндегі жырын айтады. Біздің де естиік де ынтығып отыратынымыз осы болған соң жыршыны қоршай түсеміз. Төлеңгіт аққудай саңқылдап, теңіз тыныштығын бұзып, шағалаларды шулатады.


«Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,
Өлім деген суық сөздің ішінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім,
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан жүр едім.
Күнде күліп ататұғын, ақ сәулелі алтын таң,
Бұлбұлының үніменен меш былай жыр қылған:
Арқаның ардагері, ақын Жырау,
Алдында қазылған ор, қалың шырмау.
Өмірге екі туып, екі келмей,
Арманда, есіл ерім, кетесің-ау.
Бір адамның, бір өмірі маған аз ғой деуші едім,
Туып, өліп кетуді де маған аз ғой деуші едім
Ағаш — екеш ағаш тағы кеп көгеріп, қуарар,
Сенің өмірің бір — ақ рет көгерер де, суалар.
Ебелектей ербең етіп жер бетінен кетерсің,
Өмірінде өзін жеңді біз қалдырмай етерсің.
Өмip деген өксігімді баса алмастан жүр едім.
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім.
Өмірімнің де; уақыттың да сарындарын мен көрдім.
Мола болған ғасырлардың қабірлерін мен көрдім.
Мың жылдардың қу сүйегі-мола ішінде мен тұрдым,
Көп ғасырлар өтіп жатқан жол үстінде мен тұрдым,
Кең даланы баурына алып қара түн де қаптады,
Молалардың жұмбақтарын қараңғыда сақтады.
Жерді, шөпті қозғап, түртіп, үрлеп ұшып жел кетті,
Өлген өмір, жансыз жанды су бетіндей тербетті
Көп ғасырлар түйіскен жер, бұдан шығар мың тарау.
Мола үстінде желбірейді қара шашақ бір жалау.
Мол болған соңғы ғасыр-сол қабірдің түбінен,
Үн шығарып сөз сөйлесті бір қарт кісі менімен:
«Елу жылдар бұдан бұрын өлген едім, жан балам,
Танымасаң енді тағы, сен немерем, мен бабаң.
Бұл өмірде сексен жасап өліп кеткен адам ем.
Мойнымдағы міндетімді атқардым деп санап ем.
Жер бетінде сүйретіп жүрмін елім бір ғасыр,
Ол ғасырдың сүйетұғын ұлы жоқты жанашыр.
Жер бетінде сүйретіліп жүріп еді бір Датқа,
Қан арқылы, мал арқылы жеткен, шіркін, мұратқа.
Күнгей менен теріскей боп сұлап жатқан дала еді,
Сол далада қазақ деген сорлы халық бар еді
Бетегеден биік еді, аласа еді жусаннан,
Қайтқан құстай кейін жүрген, бақыт көрмей қашаннан.
Жел білетін ұшатынын, сай білетін қонарын,
Құдайы да, адамы да ойламаған обалын.
Сол халықтың Датқа жүрген жаншып, басып арқасын.
Қаннан арық ағызған ол, сусын ішіп қанғасын.
Бұл жауыздың сұмдықтарын, ойлап біліп түсіндім.
Бір күн барып ат үстінен жұлқып оны түсірдім. —
Ер үстінде ұйықтамасаң атқа мініп нең бар еді!
Халық қамын жей алмасаң, Датқа болып нең бар еді?
Домалатып сабап алдым жұрт алдында Датқаны,
Жерді жарып осы хабар сардаланы қаптады.
Мені сонда елден асқан батыр деді тамам жұрт,
Қайтпас қайсар арыстанның атын берді маған жұрт,
Жаным балам, тозбаушылық, өшпеушілік қайда екен,
Мәңгі жасау, еш уақытта өлмеушілік қайда екен?»
Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім.
Өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім,
Бәсе, қане, мәңгі жасау, өлмеушілік қайда екен?
Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен,
Сонан бері кеп іздедім өлмеушілік жасауды,
Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды...
Қызығына келе жатыр түйдектеліп жыр енді,
Бұл дәуірдің бас кезі еді, 20 жыл еді
Алыстағы ауылыма келе жаттым ат жегіп.
Құба жоннан құлай тартып, бір аяңдап, бір желіп.
Бір уақытта жол үстінде бір қарайған көрдім мен,
Желе-жортып, жүрек толқып жақындап-ақ келдім мен.
I
Келіп төнсем: бір жас жігіт қызыл қанға боялған.
Жараланған, әлсізденген, елуге де таянған.
Көрініп тұр бір кісіге бірнеше адам жабылған.
Оң жақ қолы шынтағынан балтаменен шабылған.
Шабылған он қол үстінде кітап толған жәшіктің.
Жаралының аузынан мен жалынды сез есіттім:
«Ауылыма өлмеушілік мен әкеле жатыр ем,
Анау әне жәшіктеп кітаптарды оқып па ең?
Ол кітаптар — ұлы Маркс, Лениннің еңбегі,
Ол еңбектер мәңгі жасау, өлмеушілік өрнегі.
Сол еңбекті өлмейтұғын, өшпейтұғын ағатай,
Мен ауылға алып келе жатыр едім шаршамай.
Жеткізбестен тап дұшпаны жол үстінде құлатты,
Бірақ жауға мен бермедім өлмейтұғын кітапты.
Соны мықтап ұстап жатыр мені қолым кесілген,
Өлсем-дағы, өлмеушілік шығар емес есімнен.
Мен өлермін алтын күннің шығуына қарамай,
Бірақ жауға мен бермедім өлмейтұғын кітапты.
Ауылыма кітаптарды жеткізіп бер, ағатай.
Бұрала басқан соқпақты жол, бұрылып қырдан асқанда,
Ақтық сөзін маған айтты, қарап тұрып аспанға:
«Бір сыр бар еді сақтап жүрген жүрегімнің түбінде,
Сол сырымды айтайын мен, өлмей тұрып тірімде.
Қарап тұрсаң, төңкеріске, отанына, тарихқа.
Адамдағы қымбат қасиет-берілгендік халыққа.
Бүкіл халық мақсаты бір, барлығында бір ниет,
Отан үшін басты беру бәрінде бар қасиет.
Менде бар еді берілгендік, сүюшілік Отанды.
Сондықтан да төңкерістің солдаты боп атандым.
Менің қаным миллионның тамырында ағады.
Бір жүрегім миллионның жүрегі боп соғады.
Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдің болады,
Мен жасасқан жаңа өмір жайнап өседі, жанады.
Маған қымбат барлығынан-бермегендік көсемге,
Ол берілген миллионның жүрегінен өшер ме?
Ендеше мен мәңгі жасап, өшпеймін де, өлмеймін,
Еш уақытта жоғалмаймын, тозбаймын да, сөнбеймін.
Оңтүстіктің ыстық күні батыс жаққа барғанда,
Қырқа, қырлар қарауытып әлдеқайда қалғанда,
Дала еркесі тентектеу жел құшақтап шөпті алғанда,
Соңғы сөзін ол арнады бақыт жолын салғанға.
Қырдан, таудан, судан асып, қызарып жанып күн батты,
Күнмен бірге мәңгілікке жаралы жан жол тартты,
Сол уақытта есім ауып, мен арбадан құладым,
Бар даусыммен шын жүректен айқай салып жыладым.
Айдалада жалғыз өзім барлық жерді қозғадым,
Жалғыз ұлы өлген ана сияқты боп боздадым...
Мәңгі өмір өлмеушілік осылайша табылған,
Бақытпенен, Отанменен қаланып бірге салынған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Жасмин
Жасмин 25.01.2024 17:29
Өте керемет!!?????????❤️?

Пікір жазу