Өлеңдер ✍️

  15.12.2021
  420


Автор: Саттар Ерубаев

Өмір туралы рапорт

Сонда гудок айқайлайды баса-көктеп өмірді
Қабыл алып, күні бойы, біздер қазған көмірді
Сонда гудок айқайлайды, баса-көктеп лаваны,
Біздіңше, ол: жүз қырықтың орындалған хабары,
Оған себеп біздің процент әр күн сайын жүз қырық
Гудокке дейін орындаймыз жүз қырықты қыздырып.
Біздің процент бір жүз қырық, біздің закон осындай
Басқа десең ол сөзіңе, бізден ешкім қысылмайды.
Бұл бізге заң, үйренгенбіз, орындаймыз осылай
Бұлай ету - табиғи заң, ішетұғын асыңдай.
Біздің гудок хабаршымыз болатұғын сияқты,
Біздің гудок сағат құсап соғатұғын сияқты.
12-де сағат соқса, үлкен қоңырау қаққандай
140-та гудок тағы сағат құсап соққандай.
Сондықтан да гудок даусы - хабары деп ойлаймыз
140 деп ескертетін лаваны деп ойлаймыз.

ІІ
Сонда жерден біз шығамыз, жүз қырықты орындап,.
Отанымның от азығын жер астында соғымдап.
Сонда жерден мен шығамын, жүз қырықты орындап,
Отанымның қуанышын емін-еркін қолыма ап.
Сонда жерден сен шығасың, жүз қырықты орындап,
Қуанышпен сүйгеніңнің қысып - қысып қолын ап.
Сонда гудок айқайлайды, шахталарға жар салып,
Біз шығамыз Отанымның қуанышын қарсы алып.

ІІІ
Біз шығамыз, тынығамыз, қуат, күшін шыңдаймыз,
Тамақ ішіп газет оқып, патефонды тыңдаймыз,
Біздің өмір көркемнен де, сұлудан да сұлу ғой.
Біздің өмір қуанышты тастай қалап құру ғой.
Көрсең бүгін бір жақсы гүл, есіп кетер егер де
Мынау, тіпті, Отанымның өміріндей екен де...
Бір алма ағаш бүгін, ертең екіге келсе егер де,
Отанымның өміріндей жемі мол етем де...
Біз істейміз осы өмірдің өте қызық ісін де,
Біз жүреміз қуаныштың құшақ ашып ішінде..,
Күн батқанша дем аламыз, тынығамыз, күлеміз,
Қуанышпен қолтықтасып, үй ішінде жүреміз...
Мен еркекпін, ал сен болсаң шахтер қыз боп атандың,
Екеуміз де бірақ бірдей азаматы Отанның
Бірақ бізге бірдей тиген қорғау бақытын Отанның.

1934




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу