Әңгімелер ✍️
ҰҚЫПТЫ ҮСЕН
Ата-әжесінің бауырында өскен Үсен ұқыпты бала. Қай қашан көрсеңіз, киімі тап-таза, мұнтаздай болып жүргені. Үстіне қылшық жуытпайды. Оның мұндай мүттақым әдеті атасынан жұққан.
- Адамның сөзі де, іс-қимылы да, киген киімі де өзіне қонымды һәм жинақы болғаны ләзім! Тазалық пен ширақтық кісі көркі, - дейтін атасы ылғи.
Үсеннің атасы ол сөздерді айтып қана қоймайды, өзі де айтқан уәжінен алшақ кетпеген, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа, һәм адал кісі.
Әу баста Үсен таза, жинақы деген сөздердің мағынасын түсінгенімен, «көрік» сөзін аса ұғыңқырамайтын. Алдыңғы жылы мектеп қабырғасын аттағанда, кітаптан оқып білді. Түсіне білген жанға кітап баға жетпес қазына ғой!
...Кешқұрым. Кең даңғыл бойындағы автобус аялдамасында көлік тосқан адамдар көп. Мектептен шыққан Үсен тымпың-тымпың етіп келді де, ересек адамдардан аулақтау оңаша барып тұрды.
-Күз айы болғанымен, ыстық қайтар емес, - деді қысқа жең жейде киген, бұйра бас аға қасында тұрған серігіне мойын бұрып.
-Рас айтасың. Жарықтық ауа-райы күзге ұқсамайды. Жаңбыр жаумағалы да бірталай уақыт. – Ұзын бойлы, жалаң бас аға да ыстықтаған сияқты. Кәстөмін шешіп, қарына ілді.
- «Аспан айналып, жерге түсіп тұр», деуші еді кәриялар. Сол рас, - деді бұйра бас аға қалта телефонына үңіліп. – Мәссаған! Күткенімізге жарты сағат! Қайда, бар болғыр көлік?!
- № 55 маршруттың ызасы әбден өтті. Ылғи осы! Зарықтырып қоятыны-ай!
-Тамағым қышып барады. Тәуір шылымыңнан шегейік, жүр былайырақ, - деді ұзын бойлы аға досына.
Екі аға темекілерін тұтатып, әңгімелерін айтып тұрғанда көп күттірген № 55 автобус анадайдан көрінген. Үлкен ағалар тартып тұрған темекілерін өшірместен лақтыра салды. Тағатсызданып тұрған кісілер салон толы жолаушыларға қарамастан, бірін-бірі итеріп, сығылысып, топырлап еніп жатыр. Үсен келесі жолы мінейін деп аса ұмтыла қоймады. Орнынан тапжылған жоқ. Кенет кішкентай баланың назары жерге лақтырылған темекі тұқылына түсе кетті. Толық сөнбеген шөп арасындағы тұқыл бықсып жатыр. Алда-жалда ешкім байқамаса, қураған шөп тұтанып өртке ұласуы мүмкін-ау! Қайтсе болады?!
Үсен жақындап барды да, аяғымен мыжып, таптап еңкейіп жерден көтерді. Оны-мұны қоқыс тастайтын түбек іздеп еді, көзіне түсе қоймады.
Кісілердің көптігінен есіктері жабылмаған автобус әлі орнынан қозғалған жоқ. Жүргізуші аға есікке қысылып, баспалдақта тұрған жолаушылардың жерге түсуін өтініп, қайта-қайта дыбыс күшейткіш құрылғы арқылы хабарлағанын елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Ұялды ма екен, әлгіндегі темекі тұқылын лақтырған екі кісі және бірер жолаушы келесі автобусқа отырмақшы болып жерге түсті.
-Шылымды шала-пұла шегіп едік, әкелші тағы, - деді бұйра бас аға.
Осы кезде олардың қастарына тақап барған Үсен:
-Мынау сіздердікі ме? Мен шөп арасынан жаңа тауып алдым, - деді.
-Мына бала қайтеді, ей?! Кім, нені лақтырмай жатыр?! Және біз сенен шылым тұқылын сұрадық па? Бар, жайыңа тұр, - деді ұзын бойлы аға кішкентай ұлға ашулана қарап.
-Неге лақтырдыңыз?! Мен бәрін көріп тұрдым. Сөйтуге бола ма екен?!.
Тақылдап, шынын айтқан баланың сауалына үлкендер жауап қайтарған жоқ. Сол сәтте көше бұрылысынан № 55 маршрут көрінді.
Үлкендермен бірге Үсен де автобус салонына ұмтылды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter