Әңгімелер ✍️
Әкесі мен баласы
Үйленгеннен бері үйінің берекесі кетіп, баласы әкесі үшін әйелімен жиі ұрсысатын болды. Әйелі атасын жақтырмай, үйдің артық адамындай көретін еді. Ұрыс-керістер кейде ушығып кететін. Тіпті бір кезде әйелі жұлқынып:«Бұл үйде не мен қаламын, не әкең қалсын!» деп қағынды. Алайда, баласының әйелімен ажырасатын ойы жоқ еді. Тек ұрыс-керіс болмаса...оның айрандай ұйыған отбасы, сүйікті жары, ботақаны бар! Үйленер алдында ешкімге құлақ аспаған еді. Ата-анасын көндіру үшін қандай қиыншылықтар көрсе де, әйелін қатты жақсы көретін еді. Шарасыз күйде жүріп, бір жолын тапты-ау, әйтеуір. Жылдар бұрын аңшылықпен айналысып жүріп, салдыртқан үйшігі есіне түсіп, сонда әкесін орналастыруды ұйғарды. Аптасына бір келіп, керек-жарақтарын қамтамасыз етіп, осылайша бұл даудан құтыламын деп ойлады. Әкесіне қажетті заттарды алып, төсек тартып жатқан әкесін көтеріп, машинасына жатқызды. Алпамыс баласы: «Әке менде сіздермен барайыншы?» деп жылап тұрып алды. Әкесі оны да машинаға отырғызып, үшеуі ұзақ жолға шықты. Дала қара суық, қақаған қыстың ортасы. Қар борап тұр. Бораннан машинаның жүруі қиындай түсті. Кішкентай Алпамыс әкесінен: «Әке біз қайда барамыз?» деп сұраса да, еш жауап ала алмады. Алайда қайда бара жатқанын түсінген атасы білдіртпей көз жасын сүртіп отырды. Ұзақ уақытқа созылған сапардан кейін таудағы үйшікке де келіп жетті. Көптен бері қараусыз қалған үйшік азып-тозып кетіпті. Оның бір бұрышын тазартып, машинадан түсірген төсектерді сол жерге төсеп берді. Сосын қалған заттарын тасып, ең соңынан әкесін әкеліп, шалқасынан төсекке жатқызды. Үйшіктің іші азынап тұр. Әкесі сол мезетте дірдектеп тоңа бастады. Әкесіне шарасыздан қарап, ертең қалың көрпе-төсектер әкеп беремін деп ойлады. Басына қара аспан төнгендей көңілсіз еді. Ол осындай сезімдерді басынан кешкенде, әкесінің де жүрегіне пышақ сұққандай сезімде еді. Кішкентайдан асырап баққан ұлы үйшікке тастап кетіп бара жатыр. Сыртынан білдірмесе де, ішінен өртеніп жанып бара жатыр, бірақ білдіртпеуге тырысуда. Ал кішкентай Алпамыс ештеңеге түсінбей, түсініксіз жағдайда атасымен қоштасатынына сенбей тұр. Қайтатын уақытта жақындады. Әкесіне иіліп, беттерінен, қолдарынан қайта-қайта сүйді. Мені кешір дегендей, мойнынан құшақтап иіскеді. Енді екеуі де еріксіз көзден жас алып жылап жіберді. «Осыған мәжбүрмін» деген көзбен әкесіне қарады да Алпамыстың қолынан ұстап, жылдам күркеден шығып кетті. Машинаға мінді. Алпамыс жолда кетіп бара жатып «Неге атамды суық жерге тастап кеттік» деп жылай бастады. Оған жауап бере алмады, «Анаңның қалауы да осы еді», деп айта алмады. Алпамыс: «Әке, сіз қартайғанда мен де сізді осы жерге әкелемін бе?» деген кезде көкірегі қарс айырылды. Бұл сұрақтың өзі бір дәлелдей болды. Машинаны бұрып артқа қайтты. Күркеге жетер жетпес «Мені кешір, әке!» деп әкесінің мойнына асыла кетті. Әкесі мен баласы бір-бірін қапсыра құшақтап, өксіп-өксіп жылап жіберді. Баласы: «Әке мені кешір! Сені осындай халге түсіргеніме, мені кешір!» деп қателігін мойындады. Әкесі де баласының сөздеріне былай деп әдемі жауап қатты: «Қайтіп келетіңді біліп едім, балам! Мен өз әкемді таудың басына бұлай тастап кетпеп едім, сен қалайша мені тастап кетпекшің.. Мені бұлай тастап кете алмайтыныңды білген едім.»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter