Өлеңдер ✍️
Досым бар ма, білмеймін, жауым бар ма?
Досым бар ма, білмеймін, жауым бар ма?
Тамырымнан бүгілем дауылдарда.
Бауырымды жегізіп « ит пен құсқа»,
Ақыл айтам, сосын кеп, бауырларға.
Қырам дей ме, біреулер жоям дей ме?
Киіп алып үстіне Ноян-жейде.
... өз үйімді таба алмай жүрсем дағы,
Адасқанға жөн сілтеп қоям кейде.
...Ұмытпайтын нəрсені ұмыт қылам,
Қалыңдайды содан соң күдік-тұман.
Күдік-тұман ішінде келе жатып,
Бірдеңені білгішсіп былықтырам.
«Өмір деген өксік қой!..» деймін кейде.
«Өксіп жүріп өстік қой!..» деймін кейде.
Сорға мінем, солқылдап жолда жүрем,
Соған менің көңілім меймілдей ме?..
Ай мен күннің бəрі бір шуағын құй,
Жетім бұзау секілді мына бір күй.
Жан өрбіткен жарымды сағынсам да,
Үйден гөрі түзді аңсап тұрам ылғи.
Басым таз боп қалардай бақтан кілең,
Азаппенен қарсы алам ақ таңды мен.
Көңілімнің қайғысын өзім ішіп,
Қуанышын біреуге сақтап жүрем.
...Біліп тұрып істеймін барлығын да,
Мінезім бе, білмеймін, тағдырым ба?
Əкел, досым, тартайық «ащы балдан»
Қосып ішкен тəтті ғой зарды мұңға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter