Өлеңдер ✍️
* * *
Жапырақ-жүрек жас қайың,
жанымды айырбастайын...
М.М
Мұңға сүйрер ақындардың нәтін Ой!
Ой дегенің - шын Ақиқат заты ғой,
Ақ ажалы -
ұлы Мұқағалидың,
Ақ қайыңға айналатын сәті ғой.
* * *
Ақ қайыңнан өрілген ,
Тал-бесігім бар.
Жеп-жеңіл!..
Табытқа салып, көмілген,
Не деген ауыр, шерлі өмір..!
Оның табыты да - қайың ғой,
Қайың болу да - уайым ғой..!
Ақ қайыңнан қашалған
Домбыра неге жылайды?
Жас қайыңнан жасалған ,
Ақ қағаз неге мұңайды?
Зарменен, сарнау да - қиын ғой.
Қанменен, жазған да - қиын ғой..!
Жас қайыңдай нәті улы,
Көз жасым - кәусар, бал еді.
Ақ қайыңдай анау, ақынды
Жылатып, уа, нең бар еді?
У менен балың да - қиын ғой,
Жоғың мен барың - да қиын ғой..!
Ақ қайыңнан – сүйегі
Ақ отаулы қайда, шаңырақ?
Қызыр қонар үй еді,
Күн шапағындай жамырап!
Керегесін отқа жаққан - қиын ғой,
Босағасы боққа батқан - қиын ғой..!
Жас қайыңның бойында,
Жапырақ-жүрек жанып тұр.
Жаралы ақын ойында
Жаннан қымбат жарық нұр!
Сол жарық нұр - қайың болып жылайды.
Ал, ақ қайың - ақын болып мұңайды!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter