Тақпақтар ✍️
Мысық пен жолбарыс
Жолбарысты «жақыным» деп,
Арыстанды «батырым» деп,
Қасқырды «қайсарым» деп,
Қабыланды «май сарым» деп,
Қара аюды «көршім» деп,
Түлкіні «елшім» деп,
Тыныш жатқан тоғайға,
Тоғайдағы көп аңға
Бір тарғыл мысық келе қалды.
Айдар көңілін бөле қалды.
Көзін ежірейтіп,
Мұртын едірейтіп:
– Жолбарыстың жиенімін, – деп, –
Арыстанның теңімін, – деп, –
Тұмсығын көтеріп қойды,
Азырақ жөтеліп қойды.
Аяғын шіреп басып,
Маңғазданып зәрін шашып,
Жан-жағына қарап қойды,
Өзін әлдекімге балап қойды.
Көзіне қоян көрінді,
Оған өзі Ноян көрінді.
Әлде қоян мысықтан жерінді,
Жыбырлатып төменгі ерінді,
Көзін қылитып,
Құлағын жымитып,
Секіріп кейін шегінді.
Сонда оған тарғыл мысық,
Күлімдеп көзін қысып.
Назарын үйірді,
Табанда бұйырды:
– Күніге бір қоян салық!
Семізін ұстап
Өзің кел алып.
Сойып бер! – деді, –
Көз майын ойып бер, – деді, –
Тілегі орындалды,
Сеп-семіз болып алды.
Өстіп біраз күн жайқады,
Аңдар оны байқады,
Байқап, басын шайқады…
Бір күні жолбарыс келді,
«Келдік», – деп хабар берді.
Аңдарды аралап,
Семізін саралап,
Жегенін жеді,
Жемегенін:
«Ертеңгі тамағым», – деді.
Баяндап болған жайтты,
Аңдар арыз айтты,
Жолбарыс ақырды.
Жиналыс шақырды.
«Әкел» – деді, – батырды!
Кеудесін басайын,
Дарға асайын!..»
Көрмесе де көзбен
Жолбарыстың келгенін сезген
Тарғыл мысық,
Құйрығын қысып,
Кетті пысып.
Аңқау, аңғал,
Ақылсыз аңдар.
Бір жауын дос көріп,
Бір жауын қос көріп,
Басқалардан кем болып,
Жатқаны ылғи жем болып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter